Бүгін Мәжіліс депутаттары Мансұрхан Махамбетов пен Жамбыл Ахметбеков Қарағандыдағы Көші-қон қызметтері орталығына барды. Бұл туралы Мәжілістің Баспасөз қызметі хабарлады.
Мәжіліс депутаттары орталықтың жұмысымен танысып, мемлекеттік қызметтерді алу үшін мекемеге келген шетелдік азаматтармен әңгімелесті.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша Елбасымыз алға қойған міндеттерді жүзеге асыру аясында бүгін біз орталық қызметімен таныстық. Барлық көші-қон қызметтері «бір терезе» қағидаты негізінде ұсынылуда. Бұрын құжат алу үшін бірнеше мекемеге хабарласып, оған 7 күн қажет болса, қазір құжаттарды орталықтан бір сағатта алуға болады. Ең бастысы, бұл халық үшін өте ыңғайлы, деді Мәжіліс депутаты М. Махамбетов.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту және еңбекші-мигранттарды заңдастыру мақсатында Көші-қон қызметтері орталығы – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бірлескен жобасы.
Бүгінгі таңда қала орталығында орналасқан орталық бірнеше қызмет түрлерін көрсетеді. Мұнда келушілер үшін барынша жағдай жасалған. Сондай-ақ еңбек мигранттарына ыңғайлы болу үшін орталықта денсаулық сақтау, екінші деңгейлі банктер және сақтандыру компанияларының өкілдері жұмыс істейді.