• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Тамыз, 2019

Жаңа шаралар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауға мүмкіндік береді - ҰЭМ

129 рет
көрсетілді

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысы бойынша өткен баспасөз конференциясында Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов азық-түлік тауарларына бағаның маусымдық көтерілуіне жол бермеу бойынша қабылданған іс-шаралар туралы айтып берді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.  

Министр барлық өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның инфляциядан озық екенін жеткізді. Бұл тауарларға бағаның өсуі 7,2%-дан 15,1% аралығында. Ең жоғарғы өсу Нұр-Сұлтан (15,1%), Жезқазған (11,8%), Талдықорған (10,4%), Ақтөбе (9,9%)  Атырау (9,8%) қалаларында байқалады.

Сонымен қоса, маусымды ескерумен жыл соңына қарай инфляцияның белгілі бір өсімі байқалады.

«Біздің міндетіміз –  инфляцияны 4-6% дәлізінде сақтау. Биыл жалпы инфляция беталысы біршама төмен. Инфляцияның жылдық мәні шілде айының қорытындысы бойынша 5,4% құрады. Жыл соңына дейін біз бағаның өткен жылдағыдай өсуіне жол бермеу үшін барлық шараны қабылдайтын боламыз» деді Р. Дәленов. 

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар осы бағытта жұмыс істеу үшін барынша жұмылдырылған және барлық құралдар қолданылады. Бұл — сауда ережесіне енгізілген жаңа өзгерістер, тұрғындарға азық-түлік өнімдерін, жеміс-көкөніс өнімдерін өндіруші бағасына жақын бағамен, барынша аз шығынмен сатуға мүмкіндік беретін көтерме-тарату орталықтарын салу. Сонымен қатар тұрақтандыру қорларының жұмыс рәсімдері жеңілдетілді. Бағаға мониторинг жүргізу және бағаны құруда делдалдық операциялар мен келісуді анықтаудың құралдары бар. Мәселен, жыл басынан бері Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 11 субъектіге қатысты нан, сүт өнімдері, қант, ет, құс еті нарығында жеті зерттеу жүргізді. 4 субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 4 млн теңгеге жуық сома айыппұл салынды, 6 млн теңге көлеміндегі монополиялық табыс алынды. Қалған субъектілер бойынша істер әкімшілік соттың қарауында жатыр. 

«Жұмыстарды жүргізіп жатырмыз, бағалар бұрмалануына үнемі мониторинг жасаймыз. Қажет болған жағдайда және шағым түссе, біз заңнамаға сәйкес шара қабылдау үшін тексеруге шығамыз» деді министр.

Сонымен қатар Р. Дәленов сауда желілерінде үстеме баға бойынша шектеу қойылатынын атап айтты. Бұл 19 позиция бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарларға ғана қатысты. Олар бойынша  сауда желілерінде үстеме баға 15%-дан аспауы тиіс. Заңнамалық өзгерістер қабылданған.

«Бұл ретте сөрелер бос қала ма деген үрей туындайды. Оған жол бермеу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға сауда желілеріне айналма қаражатын ұсыну құқығы берілген», — деп түсіндірді министр.

Бұдан басқа, сөрелердің 30%-ын тек қана отандық азық-түлік тауарларына ұсынуды көздейтін норма енгізілген.

«Бұл шаралар азық-түлік тауарларының бағасының бақылануына әкеледі», — деп түйіндеді Р. Дәленов.