• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Тамыз, 2019

Медициналық сақтандыру бәсекелестікті күшейтеді

439 рет
көрсетілді

Еліміздің денсаулық сақтау саласында ауыз толтырып айтарлықтай бас­тамалар бар. Сондай оң өзгерістердің бірі – медициналық сақтандыру жүйесі. Аталған жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Сөйтіп біз бірте-бірте медициналық сақтандыру жүйесінің игілігін көруді бастамақпыз.

Қазір медициналық сақтандыру қорында 197 млрд теңгеден астам қаржы жинақталған. Оның 9,5 млрд теңгесі өткен шілде айында түсіпті. Қорға аударылған жарналардың 95,5 пайызын жұмыс берушілер аударған. Өзгесі жеке кәсіпкерлер мен азаматтар аударған ақша болса керек. Жарна аудару жағынан Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2020-2022 жыл­дарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн 620 млрд теңге деп белгіленген. Бұл биылғы шығындардан 67%-ға көп. Аталған қаржының 967,7 млрд теңгесі тегін медициналық көмекке, 652,8 млрд теңгесі – сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалады.

Тұрғындар денсаулығын сақтау­дағы маңызды саланың бірі – бас­тапқы медициналық-санитарлық кө­мек, яғни азаматтар қаралатын емха­налар. Сондықтан осы салаға басымдық беріледі. Қазіргі таңда еліміздегі, соның ішінде Нұр-Сұл­тан қаласындағы емханалар мен клиникалар Медициналық сақтан­дыру қорымен келісімшартқа отыруға ынталы болып отыр. Сөйтіп, олар мемлекеттік тапсырыс аясында меди­циналық қызмет көрсетпек.

«Бастапқы медициналық көмек­тің сапасы мен қолжетімділігін қам­­та­масыз ету мақсатында Нұр-Сұл­тан қаласында емханалардың жүк­­темелерін азайтуға бағытталған іс-шаралардың картографиясы жа­салды. Нәтижесінде, 2019 жыл­дың соңына дейін қала маңында тұ­ратын 100 мыңнан астам тұр­ғын өзі тұратын үйден 20 метр қа­шықтықта орналасқан емхана­лармен қамтамасыз етіледі. Бұған жеке­меншік инвесторлардың көмегімен жаңа емханалар, дәрігерлік амбула­ториялар ашу арқылы қол жеткізуге болады. Болашақта емхана қызметі – медицина саласының бә­се­ке­лес­тік алаңына айналары сөз­сіз. Ал бәсекелестік бар жерде, кез кел­ген қызметтің сапасы артады, – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұл­тан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабды­қапаров.

Айта кетейік, Медициналық сақ­тан­дыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалымен келісімшартқа отырып, тапсырыс алып жатқан, со­ның ішінде емхана қызметіне қы­зы­ғушылық танытып отырған же­ке­меншік клиникалар саны ар­тып келеді. Биыл елордалықтарға мем­лекеттік тапсырыс аясында меди­циналық қызмет көрсету үшін қормен келісімшарт бекіткен 95 медициналық ұйымның 60-ы – жекеменшік.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізу шеңберінде ме­дициналық қызметтердің қолже­тімділігі кеңейеді, жекеменшік клиникаларды тарту арқылы бәсекелестік нәтижесінде, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артады.

Бүгіннің өзінде елордамыздағы емханалар «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында дәрігерлердің қабыл­дауына смарт-қосымша немесе бір­ыңғай call-орталықтың 109 нөмірі арқылы алдын ала жазылу арқылы «кезексіз» жұмыс режіміне көшті. Ал емхана немесе тікелей дәрігер ту­ралы тілектер мен пікірлерді Smart Аstana мобильді қосымшасы арқы­лы қалдыруға болады. Ол үшін ұялы телефонға арнайы QR-кодты ска­нер­леу жеткілікті. Ақпараттық киоск пен смарт-қосымшадағы бар­лық ақпарат, соның ішінде шағым­дар, дәрігерлердің жұмысын баға­лау Қоғамдық денсаулық сақ­тау басқармасының ахуалдық орта­лы­ғында жиналады, бұл көрсетілетін медициналық көмек деңгейін талдауға және сапаны жақсарту үшін шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Біз сөзбен айтқанда, еліміздегі, елордамыздағы емдеу мекемелері медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жұмыс жүргізуге жұмыл­дырылуда. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Дә­ле­новтің айтуына қарағанда, меди­циналық сақтандыру жүйесімен елі­міздің денсаулық сақтау сала­сын­дағы қордаланған мәселелер ше­шіледі. «Біріншіден, жүйенің қар­жылық-экономикалық негізі қалып­тасқан. Екіншіден, денсаулық сақтау саласын цифрландыру ба­ры­сында медициналық қызмет көр­сету жүктемелері жеңілдеп, уақыт ұтымды пайдаланылады. Үшін­шіден, науқас пен дәрігер арасында дифференциалдық қарым-қатынас орнайды. Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі. Дамыған елдердің көпшілігінде денсаулық сақтау саласында осы жүйе қолданылады. Мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа қолайлы жағдайлар қарастырып, ұтымды және жақсы мүмкіндіктер жасап отыр. Десек те, әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты», дейді дәрігер. Сонымен қатар ол әр азаматтың өз денсаулығын күтуі қажет екенін айтады. Дамыған елдерде азаматтар өз денсаулығына қатысты ақпараттардан молынан хабардар болады. Сөйтіп денсаулық сақтау мәдениеті қалыптасқан. Қа­зақ­стан азаматтарының арасында мұндай ұғым толық қалыптаса қойған жоқ. Ал медициналық сақтандыру жүйесі медициналық мекемелердің қолжетімділігін арттырып, сала­дағы бәсекелестікті күшейтіп қана қоймайды, сонымен қатар ол азамат­тардың денсаулық мәселесіне нем­құрайды қарамау дағдысын қалып­тастыруға септігін тигізбек.

Жанаргүл ҮМБЕТОВА,«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚНұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының ақпарат­тандыру бөлімінің бас сарапшысы