Соңғы жылдарда некенің жиі бұзылуы, бала тағдырының тәлкекке айналуы қоғамдағы өзекті мәселенің біріне айналды. Шаңырағы шайқалған орталарда балалар құқығын таптау, отбасы құндылықтарын құрметтемеу сынды кереғар әдеттердің қоғам санасына дендеп бара жатқандығы алаңдатады. Отбасы ғана емес, бүтіндей бір елдің қасіретіндей көкейкесті мәселемен күресіп, оның алдын алу мақсатында еліміздің 8 аймағында 11 орталық ашылып, «Бақытты отбасы» пилотты жобасы жүзеге аса бастады. Отбасын қолдау ресурстық орталығында психолог мамандармен қатар, заңгер, әлеуметтік қызметкерлер тегін кеңестер беріп, шаңырақтардың шайқалмауына ықпал етуде.
Осы орайда үкіметтік емес ұйымдар тарапынан кәмелетке толмаған балалардың мүддесін қорғай отырып, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын қарастыратын бірыңғай сот жүйесін құру ұсынылған. Алматыдағы Қазақстан баспасөз орталығында өткен басқосуда «Бақытты отбасы» пилоттық жобасының аралық нәтижелерімен таныстырған «Дағдарыс орталықтары одағы» бірлестігі басқарма төрайымы Зульфия Байсақова Қазақстанда ажырасу, мүлікті бөлісу, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін қарастыратын жеке отбасылық сотын құру мәселесі туралы атап өтті. Оның құрамына ювинальды, азаматтық және ауданаралық арнайы әкімшілік соты кіретін болады. Жоба нәтижелі жүзеге асуы үшін Сингапур, Канада, Германя сияқты елдердің тәжірибесі басшылыққа алынған. Егер де отбасы өз мәселесін бейбіт жағдайда шеше алмай, ажырасуға соқтырып жатса, онда бала тәрбиесіне екіжақты араласуға қолайлы жағдайлар жасау мүмкіндіктері қарастырылады. «Дағдарыс орталықтары одағы» бірлестігі осы бағытта бірқатар сарапатамалар жүргізіп, құқықтық актілер әзірлеуге де атсалысқан.
Зульфия Байсақованың айтуынша, әлеуметтік жағдай мен отбасылық саясаттың ара жігі ашылмаған. Бүгінде отбасылық соттар қандай да бір әлеуметтік мәселелерді шешумен ғана шектеліп жүр. Ал отбасылық институт жеке нысан ретінде қарастырылмайды. Сонда отбасы құндылығының қайнарын қайдан іздейміз? Тіптен, мемлекет пен отбасы арасындағы қарым-қатынас та реттелмеген. «Пилоттық жобаның нәтижелері бойынша жобаны жүзеге асырушы ретінде ажырасуды қысқарту, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қорғау мақсатында Отбасы және неке туралы ҚР заңнамасына өзгерістер енгізу үшін ұсыныстарды қалыптастыруымыз керек. Өкінішке орай, Қазақстанда балалардың және ата-ана мен отбасы құқықтарын қорғау бойынша нақты саясат жоқ. Бірақ бүгін біз мемлекеттің осы саладағы жағдайды өзгерту ниетін көріп отырмыз. Отбасылық соттар мен отбасын ресурстық қолдау орталықтарының тәжірибесіне сүйенсек, еліміздегі адамдар диалогқа, татуласуға дайын екендігін, психологтар мен медиаторлармен жұмыс істеуге қарсылық білдірмейтінін көрсетуде. Біздің менталитетімізде отбасылық проблемалар болған жағдайда психологқа, медиаторға бару кең таралмаған. Егер де мемлекет азаматтарға осындай мүмкіндік берсе, қоғамда диалог деңгейі, әріптесін тыңдай білу және ымыраға келу, құқықтық мәдениет, жауапкершілік деңгейі өсіп, отбасылық қарым-қатынасқа оң ықпал еткен болар еді» деп атап өтті Зульфия Байсақова.
«Бақытты отбасы» жобасы отбасы саясаты саласының сарапшысы Эльвира Ватлинаның айтуынша, маусым айынан бергі аралықта отбасын ресурстық қолдау орталықтарына 600-ден астам адам өтініш білдіріп, 250-ге жуық жұп татуласуға келісімін берген. Өтініш білдірушілердің ең төменгі жасы – 21-де болса, үлкені 62 жаста. Некеде 10 жыл тұрған – 345, 10-20 жыл аралығында – 124, 20 жылдан жоғары 27 адам өтініш берген. Осы көрсеткіштерге қарап, ажырасуға өтініш бергендердің әр түрлі жастағы азаматтар екенін аңғаруға болады. Ал Алматы қаласы бойынша «Бақытты отбасы» отбасы соттары жанындағы ресурстық орталық психологы Гауһар Онжанова отбасы мүшелерін ымыраға шақырудағы қиындықтар мен оларға кәсіби деңгейде отбасылық құндылықтарды түсіндірудің аса маңызды екендігіне тоқталды. Мамандар келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстан бүгінде ажырасу жағынан әлем елдері арасында 10-шы орында тұр. Ал ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 63 917 неке тіркелсе, ажырасқандар көрсеткіші 29073-ке жетіп, 45,5 пайызды құраған. Бірлестік мамандары сонымен қатар еліміз аймақтарында ашылған Отбасын ресурстық қолдау орталықтары аптасына 5 күн, таңнан кешке дейін тегін кеңес беретіндігінен хабардар етіп, 150 нөмірі арқылы шұғыл қоңырау шалуға болатындығын ескертті.
АЛМАТЫ