Әлемнің 65 елінің 500 студенті мен жас мамандарының басын қосқан конференцияда қатысушылар өзекті тақырыптарды талқылап қана қоймай, кейс-чемпионатқа қатысып, бақтарын сынап көріпті.
Жақында Нұр-Сұлтан қаласында HPAIR Asia Conference 2019 (The Harvard College Project for Asian and International Relations), яғни Азия халықаралық жастар конференциясы өткен болатын. HPAIR ұйымы мен Гарвард университетінің өнер және ғылым факультеті және Назарбаев Университеті бірлесе ұйымдастырған шараға Шығыс Қазақстандағы ірі өндіріс орны – «Қазцинк» компаниясы да қатысып, конференцияның ойдағыдай өтуіне атсалысты.
Айта кетейік, студенттердің халықаралық конференциясы өзінің 28 жылдық тарихында 12 мемлекетте, оның ішінде Орталық Азияда және посткеңестік елдер арасында Қазақстанда алғаш рет өткізіліпті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бес күнге созылған халықаралық конференцияда ғаламдық нарықтар және экономика, көркемөнер, БАҚ және мәдениет, әлеуметтік саясат және әділеттілік, энергетика және экологиялық тұрақтылық, басқару және геосаясат, ғылыми технологиялар секілді маңызды тақырыптар жан-жақты талқыланған.
Әлемнің 65 елінің 500 студенті мен жас мамандарының басын қосқан конференцияда қатысушылар өзекті тақырыптарды талқылап қана қоймай, кейс-чемпионатқа қатысып, бақтарын сынап көріпті. Бұл ретте шараның бас демеушілерінің бірі «Қазцинк» компаниясы делегаттар назарына өндірістегі қауіпсіздік мәдениеті тақырыбында ойларын ортаға салыпты. «Осындай ауқымдағы жастардың халықаралық конференциясын қолдағанымызға қуаныштымыз. Бүгінде цифрландыру қоғамның барлық саласына енді. Жастар – қоғамды алға сүйреуші үлкен күш. Біздің компания талантты жастарды қолдауға әрдайым ерекше көңіл бөледі. Қазір біз бірнеше цифрлық жобаларды енгізіп жатырмыз, қолданысқа енген жобаларды конференция делегаттарының назарына ұсындық» дейді «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Шығыс Қазақстан облысы