Жастар жиынына еліміз аймақтарымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елінен үш жүзден астам қонақтар келген. Халықаралық ұйымдардың мүшелері болып табылатын әрі жас көшбасшылармен қатар сарапшылар, қоғам, мәдениет пен ғылым қайраткерлері, стартап-кәсіпкерлер, спортшылар да осы фестивальдің қонағы.
Фестивальдың ашылу сәтінде ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешов, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов құттықтау сөздерін айтты.
«Бүгінгі күні адами капитал – ұлт жетістігінің басты факторы. Фестивальдің шабыт беретін, нақтылы бағытты айқындайтын алғашқы қарлығаш және сіздердің әрқайсыларыңыздың бейбітшілік пен келісімнің ұйтқысы екендіктеріңізге сенімдімін. Біздің фестиваль – бұл тек алғашқы қадам ғана, ал болашақта бізді ұзақ және барынша нәтижелі жол күтіп тұр. Ақ жол, достарым менің!», – деді өзінің құттықтау сөзін оқыған ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешов.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев келер жылы Алматыда Орталық Азияның еріктілері мен еріктілер ұйымдарының Жастар форумын өткізуді ұсынды. Қала басшысы мемлекеттің дамуындағы жастардың ерекше рөлі және ел Президенті Қ. Тоқаевтың алдағы 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялауы жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпал ететінін атап өтті.
«Жастардың тікелей араласуы стратегиялық серіктестікті, достық пен тату көрші болуды нығайтудың басты шарты болып табылады. Сондықтан Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қорына, ББҰ-ның өкілдігіне, өзге де ынталы ұйымдар мен қонақтарға - жалпы барлықтарыңызға 2020 жылы Алматыда Орта Азияның еріктілері мен еріктілер ұйымдарының Жастар форумын өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - деді Б. Сағынтаев.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Алматы әкімдігі өткізіп отырған бұл фестиваль Қазақстандағы Жастар жылына арналған. Алқалы шараны өткізудегі Қордың серіктестері – БҰҰ, ЕҚЫҰ және Конрад Аденауэрдің қоры.
Фестиваль жастар жетекшілерінің әлеуетін арттыруға, Орта Азия жастары үшін тұрақты диалог алаңын, өңірлік интеграцияны, серіктестікті құруға, ел өңірлері жастарының ресурстарын ортақ іске кеңінен жұмылдыруға, жастар саясатындағы озық тәжірибелерді алмасуға бағытталған.
Фестиваль аясында оған қатысушылар өңірлік маңызды мәселелер мен проблемаларды кеңінен талқылайды. Сессия жұмысында IT-технологияға, киберқауіпсіздікке, миграция проблемаларына, зияткерлік капиталды сақтауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, қолжетімді білімге, полиэтникалық қоғам – бейбітшілік пен келісім моделі тақырыптары қозғалатын болады.
АЛМАТЫ