Ата-ана құқығынан айыру бойынша жыл сайын 2 мыңға жуық іс қаралады. Нәтижесінде бұл құқықтан айырылатындардың саны мыңға жететін көрінеді. Ал балалар үйіндегі 31 725 тәрбиеленушінің 464-нің ата-анасы қайтыс болса, қалғандары түрлі себептермен осы мекемеге өткізілгендер.
Елімізде 5 460 449 баланы бағып отырған 4 млн-ға жуық отбасы бар.Статистикаға сүйенсек, олардың 13 173-і аз қамтылған отбасы ретінде тіркелген, 34 700 отбасы кедейлік шегінде. 72 мың бала некесіз туған, 400 мың баланы жалғызбасты аналар тәрбиелеуде. Еліміздегі жалғызбасты әке саны – 60 мың. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны жылдан-жылға 10-12 пайызға азайып келеді. 2015 жылы республика бойынша 188 балалар үйі болса, бүгінде олар едәуір қысқарған. Қазіргі таңда елімізде балалар үйінің саны – 140.
Әлбетте, ата-аналарды құқығынан айыру – соңғы қадам. Өз міндетін орындамаған, баласын қылмысқа мәжбүрлеген, денсаулығына бейжай қараған, моральдық не физикалық қысым көрсеткен, жәбірлеген, бала өміріне қауіп төндірген, ішімдікке, нашақорлыққа салынған ата-аналарға алдымен сынақ мерзімі тағайындалып, сот органдары бақылауға алады. Егер қараусыз қалған балаларды асырап алушылар мен бас-көз болатындар табылмаса, олар балалар үйіне тапсырылады. Бұдан кейін бала мен ата-анасының көрісуі тек сот органдарының рұқсатымен жүзеге асады. Өз баласынан көзі тірісінде айырылу ата-ана үшін оңай емес. Бірақ жоғарыдағы сандардан түсінгеніміздей, балаларынан бас тартушылар саны азаймай тұр.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сот өкілдері мен кәсіби психологтардың айтуынша, ата-ананы құқығынан айыруға негіз болатын әрі жиі кездесетін фактор – маскүнемдік пен нашақорлық. Отбасы мәселелері бойынша кәсіби психолог Юлия Спиридонова «Ішімдікке әуестік бар жерде жұмыссыздық болады. Екі күннің бірінде ішетін азаматтың баласын асырау туралы ойы да, жұмысы да болмайды. Бұл – үлкен мәселе.
Өйткені ата-анасы есірткі мен ішімдікке тәуелді болған бала әлгіндей жағымсыз қасиеттерді бойына жұқтырады. Деструктивті отбасыдан шыққан балалардың қылмысқа баратыны да осыдан. Ата-анасы баға алмаған бала көбіне ұрлық жасайды. Сондықтан ең алдымен баланың ата-анама ұқсамасам деген тілегі мен кәсіби психологтардың қолдауы да аса маңызды», дейді. Сарапшылар осы санаттағы ата-аналардың бұл дерттен арылу ниеті болмайынша, оларды түсіндіру жұмыстары немесе емдеу шаралары арқылы жаман әдеттен арылту қиын екенін айтады. «Әрине алдымен көмек көрсетуге, баласының болашағын ойлауға шақырамыз. Бірақ адамның өзі қаламайынша, жақсы нәтиженің болуы екіталай», дейді психолог.
Психологтар қоғамда отбасы институты туралы түсініктің дұрыс қалыптаспағанын жиі қозғап жүр. Мамандардың пікірінше, ата-анадан еркін болу, қаржылық тәуелділіктен құтылу сияқты себептермен құрылған отбасы көп жағдайда баянсыз болады. Ал олар балаларын жетімдер үйіне тапсыруға алып келуі мүмкін. «Көп үйде отбасы құндылығы туралы айтылмайды, кейбір отбасылар бұл түсініктен тіпті алыс. Ешқандай дайындықсыз отбасын құрып, қиындыққа төзбей, баласынан бас тартатындар соңғы кезде көбейіп кетті. Сондықтан бұл туралы мектеп қабырғасында да айтылуы керек. Балаға отбасы не үшін құрылатыны, оның маңызы мен қадірі туралы жиі айтып отырса, ол ақпаратты түпсанасына еріксіз жазып алады. Некеге тұруға ұсыныс білдірген жастармен де жұмыс істеу керек. Неке өтініш берілген күннен бір айдан соң тіркелетіні мәлім. Сол бір айдың ішінде неке қиюға ниет білдірген жастармен жеке жұмыс атқарылып, кеңес берілсе, көп жағдайдың алдын алуға болады», дейді Юлия Спиридонова.
Мемлекет қарауына өтудің балаға қандай әсері болады? Ата-анасының қарауынсыз қалған баланың өз үйінен кетуі оның санасына соққы болары түсінікті. Бұл – баладағы түрлі психологиялық комплекстер мен басқа да проблемаларға түрткі болады. Анасының мейірімі мен ыстық алақанын, әкесінен қолдау көрмеген баланың болашақта қандай азамат болары белгісіз. Ақпарат көздерінде жетімдер үйінен шыққан балалардың көбі қылмыспен ұсталатыны туралы айтылып келеді. Статистика да мұны дәлелдеді. 2013 жылғы дерекке қарасақ, балалар үйі түлектерінің 70 пайызының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Балалар үйі – мемлекет үшін де үлкен шығын. Жыл сайын балалар үйін қамтамасыз етуге мемлекеттік бюджеттен 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Бір баланы асырау үшін мемлекет ай сайын 150 мың теңге жұмсайды. Яғни, бір баланы бағу үшін Үкімет жылына 1,8 млн теңге бөледі. Оның үстіне балалар үйінің ғимараты, жөндеу жұмыстары, керек-жарақ, қызметкерлердің айлығы да мемлекет мойнында.
Осы ретте жоғары санатты психолог Наталья Красникова балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің көбінің мейірімі, қоршаған ортаға сенімі аз болатыны, адами қасиеттерді ұмытатынын айтады. «Олар көп жағдайда қоғамға сенбейтін агрессивті болып өседі. Сондықтан оларды туыстарымен араластырып тұру керек. Ата-әжесінің қамқорлығына беру тәжірибесі де болды. Бірақ жақсы нәтиже аз», дейді маман. Психологтың айтуынша, мемлекет үшін де, балалар үшін де ең тиімді әрі нәтижелі шешім – фостер отбасы. «Бұл жүйе шетелде жақсы дамыған, Ұлыбританияда кеңінен қолданылады. Аталған отбасы мүшелері арнайы оқытылады, бұл қызметі үшін айлығын да алады. Мұндай жағдайда тәртіптің бұзылуы, баланың құқығын шектеу сияқты қателіктер болмайды. Бала қалыпты отбасындағыдай өмір сүреді. Отбасы деген түсініктен алыстамайды. Бұл бір жағынан баланың биологиялық ата-анасы үшін де мүмкіндік. Басқа отбасында баласының мәз-мейрам халін көрген ата-ана ойланып, өз жағдайын түзеуге ниеттенуі де мүмкін. Ең маңыздысы – баланың психикасына әсері. Бала өзін қоғамның толық мүшесі сезінеді, орта мектепке барады, ел қатарлы өмір сүреді», дейді Наталья Красникова.