• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Тамыз, 2019

Шымкент еліміздің ірі агломерациялық алаңына айналады

1069 рет
көрсетілді

Еліміздің үшінші ірі қаласы атанған Шымкенттің дамудың даңғылына түскеніне де жылдан асты. Осы уақыт ішінде өндірісі өрлеп, құрылысы қарқын алған миллионды шаһарда оңды өзгерістер көптеп көрініс беріп отыр. Қала тұрғындарына ыңғайлы жағдайлар жасау үшін жергілікті билік те мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар арқылы халыққа етене жақын бола түсуде. Әрбір тұрғынның талап-тілегін тыңдап, уақыт ретімен шешімін табуына жұмыс істеуде. Әлеуметтік мәселелер әкімдік жанынан құрылған арнайы орталықтарда қаралып, жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде шырайлы Шымқалада қолға алынған бірқатар жобаны, атқарылған жұмыстарды боямасыз баяндауды жөн көрдік.

«Шымкент Сити» баламалы қуат көздеріне иек артпақ

Былайғы жұрт тарапынан Шым­кент қаласының аумағы Мәс­кеумен тең деген әңгіме ай­тылып жатады. Ұшақтан Шым­­қалаға назар салсаңыз, шын­дығында қала құлашын кеңге жайған. Бірақ сәулет ны­сан­дарының дені – бір-екі қабат­ты жатаған үйлер. Бір сөзбен айт­қанда, қала бойына емес, еніне қарай өсе түскен. Осы­ны ескерген жергілікті билік шаһар­да көп қабатты ғимараттар тұрғызуды қолға алған.

Шымкент нарығына отандық «Отау строй» құрылыс компа­ниясымен қатар, бүкіл елге таны­мал Highvill Kazakhstan ин­вес­тициялық-құрылыс компа­ниясы кіре бастады. Жыл басында аталған құрылыс компаниясы «Shymkent City» аума­ғында тұрғын үй нысандарын салатын болған. Өз кезегінде оң­түстіккореялық компания басшылары Қазақстандағы үшінші мегаполиске озық тәжірибе ен­гізуге мүмкіндік беретін алаң ретінде қарайтындарын айтқан. Шаһар билігі де шетелдік инвес­торлардың тұрғын үй құрылысын жүргізуде ешқандай кедергінің болмайтынын мәлімдеп, Highvill компаниясының бастамаларына оң бағасын берді. Сонымен қатар тұрғын үйдің сапасынан бөлек, оның сейсмикалық жағдайға да төзімді болуын ескеру қажет екенін ескертті.

Мегаполистің солтүстік айма­ғында орналасқан «Shymkent City» – 12 орамнан тұратын ша­ғын аудан.­ Онда тұрғын үй мен бизнес ор­та­лықтарынан бөлек, сауда орындары, емхана, ойын-сауық орталығы, гүлзар мен де­малыс аймағы болады деп жос­парланған. Қазіргі таңда жаңа қалашыққа инфрақұрылым жүйелері тартыл­ған. Тіпті заманауи технологияны қолданып, «Shymkent City» қалашығын энерготиімді жасыл қала етіп са­луға мүмкіндік туып отыр. Өйт­кені Шымкентте күн мен жел энер­гиясының қуаты жоғары.

«БҰҰ Даму бағдарламасы елі­міз­дің бірнеше қаласында әлеу­меттік нысандар мен үй­лерге қанатқақты жобалар әзір­леп, ол нысандарға балама­лы энергия көздері қолда­ныл­ған», дейді Индустрия және инфра­құрылымдық даму ми­нистр­­лігінің өкілі Жақсылық Тоқаев. Оның айтуынша, елі­міз аума­ғындағы 7000 мектеп, 3000 аурухана мемлекеттік энер­гетикалық тізімге енген. Маман осындай қанатқақты жобаларды аумағы 428 га, 55 мың адам тұруға ар­налған «Shymkent City» жобасын­да да қолдануға болатынын тілге тиек етеді.

 БҰҰ ДБ мен Қазақстан Үкі­метінің энергия тиімділігі бойын­ша жобаларының менеджері Алек­сандр Белыйдың айтуынша, жер­гілікті тұрғындар арасында жүр­гізілген сауалдама нәтижесі бойынша Шымкенттің біраз тұрғыны үйлерінің шатыры мен жер­төлелерінің апатты жағдайда тұр­ғанына шағымданған. Қол­даныстағы ғимараттар энергия­ны өте көп тұтынады. Қалада жүр­гізілген ең алғашқы энерго­аудит мәселесі 1 шаршы метріне 150 кв/сағ жылу энергиясы тұ­тынылатынын көрсетті. Ал норма бойынша 77-80 кв/сағ болуы тиіс. Осыдан-ақ қалада баламалы энергия көздеріне өту мәселесінің толғағы жеткенін аң­ғаруға болады.

Өсім көрсеткіші жоғары қала

Былтыр ғана миллионды қала мәртебесін алған Шымкент тұр­ғындарының саны биылғы 1 мау­сымда 1 млн 22 449 адамға жетті. Шаһар республика қала­лары мен өңірлері көлемінде ха­лық саны жағынан сегізінші орынға тұрақтады. Бұл туралы Шым­кент қаласының статис­тика департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде мә­лім­деді.

«Өткен жылғы тиісті кезең­мен салыстырғанда халық саны 2 пайызға немесе 20 158 адамға арт­ты. Шымкент республикада халық тығыз орналасқан қала­лардың біріне жатады. Мұнда 1 шаршы шақырымға 852 адамнан келеді. 2017 жылы 835,2 адам бол­ған еді. 2019 жылғы қаңтар-мамырда халықтың табиғи өсімі 8 900 адамды құрады және 2018 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,6 пайызға өсті. Шымқала бала туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша елі­мізде 4-орында. Биылдың бес айында қала бо­йынша 10 919 нәресте жарық дүние есігін ашса, өсім 2,4 пайыз­ды құрап отыр. 2018 жылғы қаңтар-мамырда 10 665 бала туған еді», деді Е.Құлтаев.

Шаһар алдағы уақытта «Smart city»-ге айналады

Шымкент болашақта «Smart city» мәртебесін иеленбек. Бү­­гінде қаланың 2023 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасы жасалған. Бас­ты мақсат – қала тұрғындары мен қонақтарына мейлінше жайлы жағдай жасау. Қазіргі таңда жер­­гілікті полиция жұмысын жүйе­лендіру мен білім саласында жаңалықтар енгізу бойынша біршама смарт жүйе жүзеге асырылды. Ал биылға 16 жоба жос­парланған. Алғашқы кезекте «103» жедел медициналық жәр­­дем қызметін жаңғырту жо­басы тұр. Аталған жоба «103» қызметін қазіргі заманғы жаб­дықтармен және арнайы авто­көліктермен материалдық-тех­никалық жарақтандыруды және бірыңғай Саll-орталық құ­руды көздейді. Сонымен қатар «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметін енгізу жобасы аясында «101», «102», «103» және «112» шұғыл қызметтер бір­ыңғай байланыс орталығына біріктіріледі.

 Үшінші жоба – «109» мониторинг және ден қою қызметі. Аталған қызмет жергілікті ат­қарушы органның, оның құ­рылымдық бөлімшелерінің және қалалық қызметтердің азаматтар­мен ақпараттық өзара іс-қи­мылын қамтамасыз етеді, кон­сультациялық қолдау көрсету жә­не шұғыл емес сипаттағы оқыс оқи­ғаларды жоюға арналған. Ал­ға қойған жоспарлар аясында кешенді медициналық ақ­параттық жүйені енгізу арқылы медицина мекемелерінің мате­риалдық-техникалық базасын жақ­сарту, техникалық және кә­сіби білім беру ұйымдарының қыз­метін автоматтандыру жұ­мыс­тары жүргізіледі. Ең ауқым­ды жобалардың бірегейі IoT элеметтерін әлеуметтік ны­сан­дарға енгізу болады.

«Аталған жоба әлеуметтік ны­сандарда (мектептер, балабақ­шалар және ауруханалар) жылыту маусымының мониторинг про­цесін автоматтандыруды қарас­тырады. Жоба аясында жылу беру маусымының барысын бақылау, әлеуметтік ны­сандарға электр энергиясын, суды тұтынуды есепке алу үшін есептеу құралдарын ор­нату іске асырылады. Ал «Ақылды квартал» – көп қабатты тұрғын үйлерде деректерді бе­ру және «E-Shanyrak» АЖ-мен интеграциясы бар үйге ор­­тақ есептеу құралдарын ор­натып, ұсынылатын қызмет­тер­дің ашықтығы, нақты уа­қыт режіміндегі мониторинг, тұтынуды үнемдеу және көр­сет­кіштерді автоматты түрде жи­нау нәтижелеріне қол жет­кізу мүмкіндігі енгізіледі», дейді қалалық цифрландыру бас­қармасының басшысы Айнұр Юсупова.

Қатты тұрмыстық қал­дық­­­­­­тарды шығаруды диспет­черлендіру, «Ақылды көшені жа­рықтандыру», Қоғамдық кө­лікте электронды билеттеу жүйесі, «Ақылды көлік тұ­рағы», «Сергек» интеллектуал­ды бейнебақылау жүйесі, жер қатынастары саласындағы мем­лекеттік қызметтерді автоматтандыру, ғимараттарға QR-код­тарды орнату, «Электронды ар­хивті», ЕРАП жүйесін енгізу бойынша бірқатар жұмыс ат­қарылуда. Алдағы уақытта да «Ақылды қала» жобасы аясында біраз күрделі мәселе оң­тайландырылған жолмен шешімін таппақ.

Сондай-ақ соңғы уақытта қа­ла көшелеріндегі қоғамдық кө­ліктерге 2ГИС электронды бағдарламасы енгізіліп, аялдамада көлік күткен жолаушы автобустардың қай бағытқа жү­ре­тіндігін смартфонынан біліп отыратын болды. Осылайша күнделікті тұрмыста шаһар тұр­ғындарының өміріне дендеп еніп келе жатқан «Smart» алдағы уа­қытта тұрғындардың елгезек көмекшісіне айналатыны анық.

Электронды қызмет демекші, қала әкімдігі тарапынан 2019 жыл­дың екінші тоқсанында халыққа жалпы саны 2 043 493 қызмет ұсынылған. Оның ішінде 1 556 758 қызмет түрі электронды нысанда көрсетіліпті. Яғни, жалпы қызметтердің үлесі 76,2 пайыз­ды құрайды. Есепті мерзімде мемлекеттік көр­сетілетін қызметтердің сапа­сына шағым келіп түспеген. Сұранысқа ие 12 қызмет автоматтандырылса, 112 мемлекеттік қызмет бойынша Жол картасы бекітіліпті. Соның нәтижесінде жалпы саны 55 қызмет автоматтандырылып, 57-сін цифрлы жүйеге ауыстыру жоспарланған. Бұл жұмыстар да қарқынды түрде жүргізілуде.

Бір сөзбен айтқанда, қалада қағаз арқалап, мемлекеттік меке­мелердің есігін тоздыратын заман келмеске кетіп бара жатыр. Енді шаһар тұрғындары элек­тронды қызмет алу кезін­де уақы­ты мен қаржысын үнем­демек.

Тұрғындардың құқығын қорғау – басты назарда

Еліміздегі ірі мегаполис­тер үшін ең басты құндылық – қала тұрғындары үшін қауіпсіз, қолай­лы орта қалыптастыру. Осы мақсатта үшінші мегаполис­те азаматтардың құқығын қор­ғауды қамтамасыз етуге ар­нал­ған «Qorgau» жобасы бас­тал­ды. «Qorgau» – халық кө­мекшісі. Ол 200-ден астам өзек­ті тақырыпты қамтиды. Оның аясында тұрғындар тегін заң­­гер­лік көмек алып, өздерінің құ­­қықтық сауаттылықтарын арт­тырады. Жобаның аймақтық бө­лім­шелерін ашуды азаматтық сектор мен үкіметтік емес ұйым­дар жетекшілері қолға алған.

«Бұл халықтың құқықтық сауаттылығын арттыра отырып, оларға тегін заңгерлік көмек көр­сетуді көздейді. Әр өңірге бе­кі­тілген заңгерлер алдағы 4 ай бойы тұрғындарға кеңес береді. Жұмыс күні ішінде кез кел­ген жас заңгердің көмегіне жүгіне алады. Бізде басына күн туғанда ғана заңгерді іздейтіндер көп. Ендігі жерде кез келген мәсе­лені тыңдауға дайынбыз», дей­ді өңірлік жетекші Сабира Бай­зақова.

«Qorgau» ауқымды жобасы – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе оты­рып, «Азаматтық бастамалар орталығы» КЕАҚ-тың қол­дауымен «Бірыңғай Call-орталық құру арқылы Құқық қорғаушы кешенді жобасын іске асыру» гранты шеңберінде атқарылып отырған шаруа.

«2019 жылдың 1 тамызынан еліміздің барлық қала, ауда­нында заңгерлік кеңес беру бөлімдері ашыла бастады. Шымкент қа­ласындағы бөлім жастар ресурс­тық орталықтарында орналаса­ды. Жоба шеңберінде заң факультетінің студенттеріне тә­жі­рибеден өту мүмкіндіктері де қарастырылған. Сондай-ақ түр­лі әлеуметтік маңызы бар іс-шара ұйымдастыру жоспар­ланған», дейді жастар ресурстық орталығының басшысы Нұр­дәулет Тәңірберген.

Ірі агломерациялық орталық атанады

Болашақта Шымкент қаласы­ның іргесіндегі елді мекендер, өндіріс орындары қалаға «қыз­мет етушілер» болып табылары анық. Оған қаланың инфра­құрылымдық, көліктік әлеуеті жет­кілікті. Мәселен, өңірдегі Түр­кістан облысының бірқатар ауданымен шектесіп жатқан шаһарға аудан, елді мекендердің тұрғындары шикізат пен жұмыс күшін алып келуде. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар дүние. Себебі Нью-Йорк, Париж, Лондон нағыз агломерацияның жемісі екенін уақыт дәлелдеп берді. Әрі оны күл­лі әлем көрді. Сондықтан өзі­мізде бар табиғи жағдайды пай­далана отырып, Шымкентті оңтүстік өңірдің агломерациялық «жүрегіне» айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, Шым­кент өзінің жарқын даму жолында өзімен көршілес аудан,­ қалаларды да бірлікте ал­ға же­те­лейтіні анық. Бұған шаһар­дың экономикалық, әлеуметтік, мәдени әлеуеті жеткілікті.

Оңтүстік агломерациясының изохрон тәсіліне (1,5 сағат ішінде көлік­пен жүріп өту) Шымкент қаласы, Сайрам, Төле би, Ор­дабасы, Бәйдібек, Түлкібас, Қа­зығұрт аудандары, Арыс қала­сы енгізілген. Оның ішінде Шым­кент агломерацияның ядросына ай­нала отырып, көршілес аудан, қалалардың демографиялық өсі­міне байланысты әлеуметтік, ин­женерлік жүйелерін, көлік, тұр­ғын үй құрылыстарын жүр­гізетін, өнеркәсіп және ауыл ша­руа­шылығын дамытатын таптырмас мегаорталыққа айналады.

 Атап айтар болсақ, қаланың жаңа Бас жоспарына сәйкес 40 елді мекен (шекарасы 40 мың га-дан 117 мың га-ға де­йін ұлғайған) Шымкентке қо­сыл­ды. Ауыл шаруашылығы, сау­да-саттық саласы жүйелі жол­ға қойылған Сайрам, Төле би, Ордабасы аудандарының қала­ға жақын орналасуы бірінші тиім­ділік болып саналмақ. Қала шын мәнінде елдің үшінші қаласы атану үшін ішкі және сырт­қы форматта жүйелі жұмыс іс­телуде. Бұған ескі қала аума­­ғынан бөлек бой көтерген жаңа әкімшілік-іскерлік орталық пен индустриялық аймақтардың салынуы және қаланың инвес­тициялық тартымдылығы дәлел.

Шымкенттің Бас жоспарында инфрақұрылым жағдайына қарай (әуе жолы, темір жол, ав­томобиль қатынасы) шағын және орта кәсіпкерлік, сауда сала­сының маңызды нүктелерін жол бойларында орналастыру қарастырылған. Бұл орайда агломерациялық процесті реттеу үшін әуелі қалада халықтың өмір сүруіне қажетті инженерлік жүйелерді дамыту қажет. Осы мақсатта биыл аталған істің бастамасы ретінде 8 елді мекенге ауыз су, 8 елді мекенге кәріз жүйесін, 8 елді мекенге электр желісін, 5 елді мекенге газ құ­бырын тарту жоспарланған.

Агломерацияның жүйелі жүзеге асуы үшін көлік сала­сы­ның маңызы зор. Кез келген адамның уақытын үнемдеу үшін ең бас­тысы іркіліссіз жолдың болуы шарт. Осыны ескерген Шым­кент қаласының әкімдігі шаһардағы айналма жолдарды және аудандарға баратын облыстық маңызы бар жолдарды қайта құру, қалаға кіре- беріс жердегі көлік қозғалысын жеңілдету үшін жүйелі жоспар әзірлеп, жұмыс істеуде.

Бас жоспарға сәйкес келешекте қала жолдарында ЖРК (жеңіл рельсті көлік) желісін салу қажеттілігі туындап отыр. Осы мақсатта А-2 автомобиль тас жолын, Оңтүстік, Солтүстік, Шы­ғыс айналма жолдарының құ­рылысы, Абай және Қонаев даңғылдарының жалғасын және қаланың солтүстік – оңтүстік, шығыс – батыс бөліктерін байланыстыру көзделген.

Қала халқының табиғи өсіміне және урбандану процестерінің жү­руіне байланысты тұрғын үйлерге деген сұраныс артады. Осыны ескере отырып, жаңа әкім­шілік-іскерлік орталығын, «Тұран» шағын ауданын, Сауран, Ташкент бағытында, «Ақтас-1» шағын ауданында көп қабатты тұрғын үйлер құрылысын дамыту жоспарланған.

Бұл – ауыз суға ең бай ай­мақ. Сондықтан суды тиімді пай­да­лану арқылы өңірді ғана емес, Қазақстанның көп жерін кө­көніспен, жеміс-жидекпен қам­тамасыз етуге болады. Сон­дай-ақ Шымкент – күн энергия­сы ұзақ және мол болатын қа­ла. Сондықтан баламалы қуат көзін пайдаланудың да мол мүмкіндігі бар. Қысқасы, Шым­кент агломерациясының қар­қынды дамуына мүмкіндік мол. Болашақта ол қолжетімді әрі құ­нарлы азық-түлік өндіретін және оның салалас буыны саналатын жеңіл өнеркәсіпті дамытатын орталыққа айналуы тиіс.

Түйіп айтар болсақ, Шымкент урбандану және осы үдерістің нәтижелі жүзеге асырылуы арқылы ілгерілеп дами түспек.

Қаланың көшесі ыңғайлы болса...

Қытайларда «Тез бай боламын десең, жылдам жол сал», деген тәмсіл бар. Шындығында, тақ­тайдай жол – экономиканың күре­тамыры. Сондықтан дамы­ған елдер ірі қалалар мен өндіріс орындарының арасын ешқашан үзбеген. Оның үстіне шаһар кө­шелерінің сәулетіне де мықтап мән берген.

Бүгінде Шымкент қаласы­ның әкім­дігі көшелерді абат­тан­дыруды барынша қолға ал­ғандай. Былтыр шаһардың ор­талығындағы Тәуке хан даң­­ғы­лын құлпыртып тастаса, биыл Ах­мет Байтұрсынұлы кө­шесін жа­ңа кейіпке енгізуде. Жөндеу жұмыстары ақпан айында басталып, үш бригада жұмылдырылған. Олар жол­дарды кеңейту, веложол, аяқ­жол салумен айналысуда. Ал құрылыс материалдарына тек отан­дық өнімдер пайдаланылуда. Алдағы уақытта шаһардың басқа көшелері де осы үлгі бойынша абаттандырылмақ. Қалалық жо­лаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Баймендиевтің айтуынша, жобаның жалпы құны 1 млрд 310 млн теңгені құрайды.

Соңғы үлгіде қайта жөндеу­ден өткен жолдардың жиегіне отыр­ғызылған ағаштар мен са­лынған веложолдар мегаполис келбетін одан бетер аша түскендей. Кешқұрым жастардың осы жолдармен жүгіріп немесе велосипед теуіп жүргенін көріп, қала мәдениетінің дұрыс бағытта қалыптасып келе жатқанына көз жеткізесің...

 

Шымкент