Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Қазақстанға жаһандық, әсіресе өңірлік нарықта табысты бәсекеге қабілетті, қуатты әрі технологиялық тұрғыдан прогрессивті өнеркәсіп қажет екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Біз әлемдік конъюнктураның нашарлаған жағдайында бәсекенің артқанын, сауда қақтығыстарының шиеленіскенін, жалпы жаһандық қарама-қайшылықтарды бақылап отырмыз. Біз көріп отырғандай, әлем бір орнында тұрмайды. Сондықтан, біз уақыттан қалып қоймауымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері кездесуінің мақсаты экономикадағы құрылымдық өзгерістерді табысты іске асыру үшін шешуге тиісті мәселелерді талқылау екенін айтты.
«Индустрияландыру жылдары тартылған инвестиция көлемі 8 триллион теңге болатын 1 250 жаңа өнеркәсіп орындары пайда болды. 120 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Қазақстанда бұрын өндірілмеген 500-ден астам жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды» деп, Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағалауы бойынша экономика құрылымында түбегейлі өзгеріс байқалмайды. 10 жылдан астам уақыт бойы жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11 пайыздың айналасында. 2015-2018 жылдар аралығында еңбек өнімділігінің өсімі жоспарланған 12 пайыздың орнына 4 пайызға ғана жетті.
Осыған байланысты Президент Үкімет пен әкімдіктердің шешуі тиіс бірқатар міндеттерді атап өтті.
Бірінші бағыт – дайын өнім экспортын белсенді дамыту. Баяндамада атап өтілгендей, соңғы 3 жыл ішінде экспорттың жалпы құрылымында өңдеу секторының үлесі 34 пайыздан 8 пайызға, яғни 2016-2018 жылдары 26 пайызға дейін төмендеген. Қазақстан өңдеу өнеркәсібінің 180-ге жуық тауар түрлерін экспорттайды. Бұл көрсеткіш Ресейде – 358, Беларусьте – 690, Қытайда – 1400, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері бойынша орташа көрсеткіш – 1950.
Мемлекет басшысы отандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына серпін беретін бірқатар нақты шараларды ұсынды. Оның айтуынша, перспективті экспорт нарықтарына талдау жасау, осы нарықтарға шығу үшін кедендік салықтарды, тарифтік және басқа да талаптарды зерттеу, тиімді көлік-логистикалық шешімдерді анықтау қажет.
Назар аударатын тағы бір маңызды сала – сапалы маркетинг. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жалпымемлекеттік бренд, ал оның базасында инвестициялық, туристік және салалық брендтер қалыптастыру жөніндегі тапсырма әлі орындалмаған. Президенттің айтуынша, мұндай ахуал отандық өнім үшін шатырлы брендтерді қалыптастыруда да байқалады.
Мемлекет басшысы Үкіметке бренд қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды аяқтауға екі ай уақыт берді.
Екінші бағыт – «қарапайым заттар экономикасын» дамыту. «Елімізде біз мақтан тұтатын көптеген тауар өндірістері бар», – деп санайды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Отандық өндірушілерді қолдауға бөлінген мақсатты 600 миллиард теңге бюрократиялық проблемаларға байланысты тиісті адресатына жетпеген.
«Маған баяндалғандай, 16 тамыздағы жағдай бойынша жалпы құны 62,3 миллиард теңгені құрайтын 148 жоба ғана мақұлданған», – деді Президент.
Қазақстан Президенті мемлекет реттейтін сатып алулардың жағдайын сынға алып, жыл сайын мұның көлемі 10 триллион теңгеден асатынын атап өтті. «Бұл ретте, Қазақстанның үлесі 34 пайызды құрап отыр. Бұл дұрыс емес. Біз оның үлесін әлдеқайда арттыра аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде инвестиция саласындағы ахуалға жан-жақты талдау жасады. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті еркін экономикалық және индустриялық аймақтар «инвестиция тарту орындарына» толықтай айнала алмағанын атап өтті.
Сонымен қатар Президент жоғары қайта жасау өндірісінің, индустрия 4.0 элементтері мен инновацияны дамытудың, индустрияландыруға қолдау көрсету құралдарының тиімділігін арттырудың перспективаларына тоқталды.
«Жаңа экономиканы құру базалық салаларды инновациялық және ғылыми-техникалық тұрғыдан ілгерілетуге, сондай-ақ «болашақ экономикасының» салаларын дамытуға негізделуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Жиын барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов, «Евразиан Фудс» АҚ басқармасының төрағасы Олег Винокуров, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі жанындағы жеңіл өнеркәсіп комитетінің төрағасы Андрей Шмарин, «Azala cotton» ЖШС бас директоры Бауыржан Жамалов, «Зерде» ЖШС бас директоры Мұхтар Битеміров, «Алматы вентилят зауыты» ЖШС бас директоры Марат Баққұлов, «Қазэнергокабель» АҚ бас директоры Владимир Бобров сөз сөйледі. Басқосуға Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ескертпелері мен жиынға қатысушылардың ұсыныстары индустрияландырудың үшінші бесжылдығының жобасын жетілдіру барысында ескерілетін болады.