Сәрсенбі, 6 ақпан 2013 7:27
2. Қара Ертістің қасіреті
2012 жылдың көктемінде Ертіс суы ернеуінен аса алмай, алғаш рет Павлодар облысының 400 мың гектар шабындығына су жайылмады. Ертіс Ертіс болғалы мұндай жағдай болып көрген емес еді. Мұны біреу байқады, енді біреу елеген де жоқ. Бұл дегеніңіз енді Арқадағы мыңдаған гектар шабындықтар мен жайылымдар болашақта шөлге айналу қаупі туды деген сөз. Киелі өзен, қасиетті Ертіс өзінің жанайқайын осылай аңғартты. Иә, ұлы даланың құт дарыған киелі қойнауына нәр беретін күретамыры – Ертістің өзегіне аждаһа кесел қадалып, қасиетті су көзінің арнасын бұлт тұмшалағанына да біраз уақыттың өрмегі ауды.
Сәрсенбі, 6 ақпан 2013 7:27
2. Қара Ертістің қасіреті
2012 жылдың көктемінде Ертіс суы ернеуінен аса алмай, алғаш рет Павлодар облысының 400 мың гектар шабындығына су жайылмады. Ертіс Ертіс болғалы мұндай жағдай болып көрген емес еді. Мұны біреу байқады, енді біреу елеген де жоқ. Бұл дегеніңіз енді Арқадағы мыңдаған гектар шабындықтар мен жайылымдар болашақта шөлге айналу қаупі туды деген сөз. Киелі өзен, қасиетті Ертіс өзінің жанайқайын осылай аңғартты. Иә, ұлы даланың құт дарыған киелі қойнауына нәр беретін күретамыры – Ертістің өзегіне аждаһа кесел қадалып, қасиетті су көзінің арнасын бұлт тұмшалағанына да біраз уақыттың өрмегі ауды.
Қазақ даласының төсімен көсіле созылған ерке Ертіс – Миссури өзенінен кейінгі әлемдегі сағасы ең ұзын өзен болып табылады. Оның ұзындығы 4280 шақырымға созылса, өзеннің 618 шақырымы Қытай елінің аумағында, 1835 шақырымы Қазақстан аумағында, 2 мың шақырымы Ресей аумағында созылып жатыр. Ертіс су көзі бассейнінің жалпы көлемі 1643 мың шаршы шақырымды құрайды. Ол Қара Ертіс атауымен батыс Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі 2500 биіктіктегі моңғол Алтайының мұздақтарынан бастау алады. Қазақстан аумағында Қара Ертіс Зайсан ойпаты арқылы ағып, Зайсан көліне келіп құяды. Одан кейін Кенді Алтай мен Тарбағатай тауларынан шығатын көптеген өзендерді өзіне қосып алып, оңтүстік батысындағы Бұқтырма су қоймасына құяды. Осы өзеннің сағасында бұдан басқа Өскемен, Үлбі су электр стансалары орналасқан. Бұдан әрі Ертіс Семей қаласы арқылы ағып, Павлодар облысы өңіріне келеді. Павлодар қаласына жетпей, өзен суының бір бөлігі Ертіс-Қарағанды каналына құйылады. Содан кейін Ертіс Сарыарқаның біраз сағаларына нәр бере отырып, Ресей аумағына ауысады. Ресейдің Ханты-Манси маңында Ертіс Өб өзеніне қосылып, одан әрі Солтүстік Мұзды мұхитына құйылады.Қазақстан аумағындағы Ертіс бассейнінде еліміздің ең ірі екі су қоймасы – көлемі 49,6 текше шақырымды құрайтын Бұқтырма және көлемі 2,4 текше шақырымды құрайтын Үлбі су қоймалары орналасқан. Еліміздің шығыс және орталық өңірлерінде қоныстанған 4 миллионға жуық халық осы Ертіс өзенінен ауыз суын айырып отыр. Сонымен бірге, еліміздің өнеркәсіпті өңірлерінің қажетті өндірістік су қоры және ауыл шаруашылығына қажетті су қоры да осы өзеннің суы арқылы толығады. Сонымен бірге берекелі Ертіс Ресейдің Омбы облысының суға деген сұранысының 90 пайызын қамтамасыз етеді. Мамандардың пікірінше, Қытай жағының Ертістен жыл сайын қайтарымсыз алып жатқан су көлемі 1,5 миллиард текше метрді құрайды екен. Бұл көрсеткіш 2020 жылдарға таман 5 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Бұл Ертістің төменгі ағысын жайлаған ел үшін экологиялық апат әкеледі.Ертіс өзенінің көз алдымызда құрып бара жатқандығы ерекше алаңдатып, ұрпақ болашағы үшін жүрек сыздатады. Еліміздің Шығыс өңірінің күретамыры болып саналатын Ертіс арнасындағы судың суалып бара жатқандығын Бұқтырма су қоймасының бүгінгі ахуалынан-ақ көруге болады. Соңғы екі-үш жылдың көлемінде су қоймасының кемері жағалаудан 10 метрге дейін қашықтап, деңгейі күрт төмен түсіп кетті. Ертіс бассейнінің балықтар уылдырық шашатын негізгі су жолы – Туранга өзенінің арнасы кеуіп қалды. Ертіс өзеніндегі су электр стансаларының қуаты күрт төмендеп, қазірдің өзінде Шығыс Қазақстан облысында электр қуатына деген зәрулік сезіле бастады. Мамандардың айтуынша, жағдай тура осылай жалғаса беретін болса, енді біраз жылдардан кейін Бұқтырма су қоймасының қаңқасы ғана қалады. Кейбір мамандар Ертістің тартылып бара жатқанын кейінгі жылдардағы қатарынан болған қуаңшылықтардың салдары деген сәуегейлік айтып, жауырды жаба тоқығысы келеді. Ақиқатында, Өскемен қаласындағы «Алтай» атты технопарктің зерттеуші ғалымдарының бұлтартпас деректері бойынша, Ертіс арнасының суалуы Қытай аумағындағы Қара Ертіс суының ешқандай қайтарымсыз бөгеттерге бұрылуынан болып отыр.Соңғы жылдары Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы (ШҰАР) аса қарқынды экономикалық дамуға көшкен. Мұнда қазір мұнай, көмір, газ, жез кен орындары көптеп ашылуда. Сонымен бірге, ШҰАР- да астық пен мақта егістіктері еселеп арттырылуда. Ресми деректер бойынша, ШҰАР-да 20 миллион халық тұратын болса, ресми емес дерек көздері бұл өңірде қазір 100 миллионға жуық халық мекен етеді дейді. Ал, Қытай басшылығының ресми мәлімдеуінше, болашақта бұл өңірге ішкі аймақтардан қосымша тағы да 100 миллионға жуық халық көшірілмек. БҰҰ-ның зерттеулері бойынша, Қытай таза ауыз суға зәру болып отырған елдердің бірінен саналады. Бұл елдің қазірдің өзінде ең ірі 30 мегаполисі тұщы су тапшылығын сезінуде. Мамандардың айтуынша, 2030 жылға қарай бұл ел ауыз суды сырттан тасуға мәжбүр болады. Өйткені, Қытайдың халқы сол кезеңде 1,6 миллиардқа жетеді. Аспан асты елінің демографиялық және экономикалық өсуі елдегі суды пайдалануға деген сұранысты арттырады. Әлемдегі су қорының 7 пайызы осы елге тиесілі болса да, қазір бұл елдегі өзен-көлдердің 90 пайызы әбден ластанған, пайдалануға жарамсыз. Қазір ҚХР-дің солтүстік-батыс провинцияларындағы 538 миллион халықтың 42 пайызы су тапшылығын ерекше сезінуде. ШҰАР аумағын қоса алғанда мұнда орта есеппен бір адамға жылына 757 текше метр су келеді екен. БҰҰ стандарты бойынша, суға деген зәрулік 1700 текше метрден басталады. Ендеше, ауыз судан аузы құрғап отырған қытайлықтардың Қара Ертіс суына қайырымдылық танытуы қиын-ақ.Ресей федералдық су агенттігінің дерегіне сүйенсек, ұзақ жылдарғы қалыптасқан тәртіп бойынша Ертіс өзенінен жыл сайын Қытай жағы 1,5 текше шақырым, Қазақстан – 3,8 текше шақырым, Ресей 0,43 текше шақырым су алып келген 1997 жылдан бастап Қытай ШҰАР аймағындағы шөлейт даладағы суармалы егістік көлемін арттыру мақсатында Ертістен алатын су көлемін күрт арттырды. Суармалы егістік жерлерді сумен қамтамасыз ету үшін және Қарамай қаласының маңында жаңадан ашылған мұнай кенішіндегі өндірістік сұраныстарды қамтамасыз ету үшін ені 22 метр, ұзындығы 300 шақырым «Қара Ертіс-Қарамай» каналын сала бастады. Қазірдің өзінде бұл ирригациялық канал ішінара жұмыс істеп тұр. Канал толық қуатында іске қосылған кезде Ертіс өзенінен жылына 5 текше шақырым су алынатын болады. Яғни қазіргі деңгейден бес есе көп деген сөз.
Қазақстан үшін Қытай тарапынан келер қиындықтың ең қауіптісі де, ең күрделісі де су болғалы тұр. Ертіс пен Іленің суын бұру Қытай үшін шөліркеп жатқан Шыңжаң өлкесін игеру үшін ауадай қажет. Қытай аумағындағы Іле өзені бастау алатын жерде Жырынтай ГЭС-і салынған, мұндағы су бөгетінің ұзындығы 30 шақырымды құрайды. Бұл су электр стансасы ұшар басын мәңгілік мұз басқан Еренқабырға тауының екінші жағындағы сусыз жатқан Жың ауданы үшін пайдаланылмақ. Қазір Еренқабырға тауын тесіп, туннель салу жұмысы жүргізіліп жатыр. Туннель іске қосылған кезде Іле өзенінен Қазақстанға келетін су көлемі 30 пайызға кемімек.Мамандардың Қытай баспасөзінде келтірілген ақпараттарға сүйене отырып есептеулерінше, Қара Ертіс өзенінен таяу болашақта «Қара Ертіс-Қарамай» каналы үшін алынатын су көлемі жылына 4 текше шақырымды құрамақ. Ал 2030 жылдары бұл көрсеткіш 8 текше шақырымға жетсе, 2040 жылдары ол 10 текше шақырымнан асып жығылмақ. Бұл, біріншіден, еліміздің шығысындағы электр қуатын өндіру өндірісін тұралатады. Яғни, Ертіс өзеніндегі ГЭС-тердің электр қуатын өндіру көлемі 2030 жылы 25 пайызға төмендесе, 2040 жылы 40-50 пайызға дейін құлдырайды. Бұл 2020 жылға дейін Ертіс өзенімен кеме жүру жолдары жабылады деген сөз. Екіншіден, Ертіс бойындағы Бұқтырма, Үлбі су қоймалары жоғалады. Үшіншіден, осы аймақтың жер асты суларының азайып, ластануына алып келеді. Ғалымдардың дерегі бойынша, суды ысыраппен көп пайдаланудың салдарынан жер асты суларының деңгейі жыл сайын 1 метрге дейін тартылып барады. Төртіншіден, ең қатерлісі, Ертістен нәр алып тұрған Зайсан көлінің суалып, тартылып қалуына әкеліп соғады.Солтүстік-шығысында Алтай, оңтүстігінде Тарбағатай тауларының жоталары қоршаған шығыстың кәусәріндей Зайсан көлі жазиралы жазықта көсіліп жатыр. Зайсан көлінің жалпы көлемі 1810 шаршы шақырымға созылады. Оның 60 шақырымы Қытай шекарасымен шектеседі. Көлдің ұзындығы 105 шақырым болса, ені 22-48 шақырымды құрайды. Көлдің суы жұмсақ әрі тұщы. Балығы тайдай тулаған Зайсан көлі шын мәнінде шығыстың ең бір шұрайлы Ертіс бассейнінде қоныс тепкен.Енді бір сәт Қара Ертістің суы жетпей тұншыққан Зайсан көлін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Көл суын толықтырып тұратын өзен арнасы тарылған сайын Зайсан суалып, көлден балық кетіп, терісі бағалы ондатрлар жойылады. Бірте-бірте Зайсан батпақты көлшікке айналып, онсыз да оңбай тұрған өңірдің экологиясына жазылмас жара салады. Бетін аулақ қылсын, Ертісті құтқару шаралары қолға алынбайтын болса, енді бірнеше он жылдықта Зайсан қасіреті өзекті өртер өкінішке айналады.Бейжіңнің жоспары жүзеге асатын болса, Қазақстанның шығыс және орталық өңірлеріне келетін су көлемі азаяды. Еліміздің Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды сияқты индустриялық-өнеркәсіптік облыстары су тапшылығына ұрынады. Ауыз су тапшылығын былай қойғанда, осы өңірдегі экономикамыздың аграрлық және өндірістік салаларына нұқсан келеді. Сонымен бірге, Қазақстанның гидроэнергетикалық саласына да үлкен кесірін тигізіп, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қиындатады. Еліміздің электр қуатына деген сұранысының 10 пайызын қамтамасыз ететін Бұқтырма, Шүлбі және Қапшағай сияқты ірі гидроэлектр стансалары осы екі өзеннің сағасында орналасқан.Күннен-күнге қарқынды дамып, ХХІ ғасырдың мәнді де сәулетті мегаполисіне айналып келе жатқан еліміздің бас қаласы – Астананың суға деген өскелең сұранысын қамтамасыз ету үшін Есіл өзенінің мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан, елімізде болашақта Ертіс-Қарағанды каналын кеңейтіп, Астанаға дейін ұзарту жөніндегі ірі жоба бар. Ал ҚХР-дың Ертіс өзенін бөгеу барысында жүзеге асырып жатқан шаралары егемен еліміз үшін ауадай қажет бұл жобаның да болашағына қауіпті.Қытайдың суға деген сұранысы өскен сайын Қара Ертістің қасіреті қалыңдай түспек. Қиыны сол, бұл тығырықтан шығу жолын қалыптасқан халықаралық нормалардың көмегімен шешу мүмкін емес. Себебі, Қытай трансшекаралық су көздерін бірлесе пайдалану жөніндегі ешқандай құжатты мойындамайды. Күні бүгінге дейін ҚХР трансшекаралық су ресурстарын пайдаланудың халықаралық тәртібін реттейтін конвенцияларға қол қоймай келеді. Оның біріншісі, 1992 жылы қабылданған «Трансшекаралық өзендерді және халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы» Хельсинки конвенциясы болып табылады. Онда тараптардың трансшекаралық су көздерін ұқыпты және әділ пайдалану, оны жанашырлықпен қорғау және екінші бір елдің мүддесіне нұқсан келтірмеу мәселелері халықаралық тәжірибе стандарттары бойынша реттеліп, заңдастырылған. Екінші, 1997 жылы қабылданған «Халықаралық ағынды су көздерін кемемен жүзу түрлерінен басқа мақсаттарға пайдалану құқығы туралы» конвенция. Осы конвенцияның 5-бабында трансшекаралық ағынды су көздерін сол өзендердің бойындағы барлық мемлекеттердің мүдделеріне нұқсан келтірмей әділдікпен пайдалану тәртібі нақты көрсетілген. Мәселен, Қазақстан мен Ресей үкіметтері ҚХР үкіметіне трансшекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау мен пайдалану туралы Хельсинки конвенциясына қол қоюды бірнеше рет ұсынды. Бұл құжаттың басты артықшылығы – трансшекаралық су пайдалануда әрбір мемлекетке әділетті үлес және нақты экологиялық міндеттемелер алуға құқық береді. Яғни, Еуроодақ ұстанымына сәйкес, егер Австрия Дунай өзенінен 2 текше шақырым су алса, өзеннің төменгі ағысындағы Словакия мен Венгрияға дәл осындай сападағы 2 текше шақырым суды қайтаруға тиіс.Өкінішке қарай, Аспан асты елі бұл халықаралық құжаттарды мойындау туралы міндеттеме алып отырған жоқ. Сондықтан, біздің еліміз алып көршіміздің қолындағы су проблемаларын екіжақты келісімдер арқылы шешуге тырысуда. Өзгеден бұрын «өз көйлегінің өзіне жақындығын» ойлайтын алып көршіміз судан тарыққан қазақ даласына бүйрегі бұра қоймайтыны және ақиқат. Қайтпек керек? Бағы тайған Балқаштың, шөліркеген Зайсанның, сағасы солған Іленің, ернеуі кепкен Ертістің қасіретін қалай шешеміз?!
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,«Егемен Қазақстан».
(Жалғасы бар).