Бүгін Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Сергей Симонов Ақтөбе мұнай жабдықтары зауытына барды.
Зауыттың тыныс-тіршілігімен «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ бас директоры Гасал Мусин таныстырды.
Зауыттың ашылу рəсіміне қатысқан едік. Ол кезде кәсіпорынның өзекті мәселелері өте көп болған-ды. Арада өткен жылдар ішінде осы мәселелердің шешімін тапқанын көріп отырмын. Кәсіпорынның талпынысы өте жақсы. Əрі қарай дами түссе, адамдардың да тұрақты жұмысқа, тұрақты жалақыға қызығушылық танытары анық. Сонымен қатар жұмысшыларды тегін тамақтандырып, тасымалдау жағы қарастырылған. Яғни, адамдар қуана жұмыс істеп, табыс табады. Сондықтан осы кәсіпорында барлық өндірістік, әлеуметтік мәселелерді шешу саясаты тиісті деңгейде жүргізілуде деп есептеймін, - деді Сергей Симонов.
Кездесуде Мәжіліс депутаты атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Айта кету керек, зауыт 2001 жылы Қазақстанды мұнай жабдығымен қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Ол Қазақстандағы сорғы штангасын шығаратын жалғыз өндіруші болып табылады және республика нарығының 92 пайызын өніммен қамтамасыз етеді. Өнімнің негізгі тұтынушылары - Қазақстанның батыс өңіріндегі мұнай өндіруші кәсіпорындар («Өзенмұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС, т.б.).
Зауыттың өндірістік қуаты жылына 600 мың дана сораптық штангалар мен оларға муфталар шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын үнемі құрал-жабдықтарды, технологияларды жаңартып, мамандардың біліктілігін арттырып отырады. 2015 жылы еңбек өнімділігін 1,5 есеге арттыратын жаңғыртылған машина сатып алынды.
Қазақстан нарығында халықаралық компаниялармен жұмыс істеуге және зауыт өнімін экспорттауға құқық беретін API (American Petrol Institute) стандартының халықаралық сертификаты алынды. Қазір мұнда 235 адам жұмыс істейді.
Одан әрі Мәжіліс депутаты Сергей Симонов 29 тамызға дейін Ақтөбе облысының Алға, Байғанин, Мәртөк, Қобда, Әйтеке би, Шалқар ауданы тұрғындарымен кездеспек.