Ғасырға жуық тарихы бар Мақат ауданының басты байлығы – мұнай. Биыл ауданның құрылғанына 95 жыл, ал қазақ мұнайының игерілгеніне 120 жыл толады. Осы мерейлі даталарға орай Мақат кентінде жас мүсіншілердің симпозиумы өтіп жатыр.
Мұнайлы мекенге алғаш аяқ басқан елордалық жас мүсіншілер қазір қызу жұмыс үстінде. Тәулігіне он екі сағат бойы ерінбей еңбектеніп жатқан жастарға жергілікті тұрғындар да ерекше құрметпен қарайды. Симпозиум талабы бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан келген мүсіншілер 10 экспозиялық жұмысты аяқтаулары тиіс. Алдымен жобаларды талқылап, идеяларын ортаға салған жастар жаңа жобаға қызығушылықпен кіріскен.
- Жас мүсіншілердің жұмыстары қыркүйек айында аяқталады. Арнайы комиссия симпозиум қортындысын шығарады. Жасалған жұмыстар Мақат кентіне қойылады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл бастама арқылы халқымыздың ежелгі дәстүрлерін жаңғырта отырып, жас таланттарды қолдауды мақсат еттік, - дейді аудан әкімі Жұмабай Қарағаев.
Ақтаудың ақ тасынан қазақы нақышта қашалған мүсіндер алыстағы ауылдың ажарын ашып, көркіне көрік қосары анық.
АТЫРАУ