Отандық автокөлік, өнеркәсіп, ауылшаруашылық, білім, телемедицина және басқа да салалары бастауын ағылшынның «fifth generation», яғни бесінші буын деп аталатын мобильдік байланыс түрін енгізуге дайын ба? Жалпақ тілмен 5G аталып кеткен байланыс экономика секторларын дамытуға қандай серпіліс әкеледі?
Дәрігер алыста отырып-ақ операция жасайды
Қазір әлемнің алпауыт мемлекеттерінің 5G байланыс жүйесін енгізудегі құлшыныстары «жанталаса қарулану» үдерісін еске салады. Өйткені барша ғылым мен техниканың, инновацияның, жалпы экономикалық өркендеудің кілті осы 5G жүйесінің табанының астында жатыр дейді мамандар. Қазақстан да бұл үдерісте көш соңында қалмауға тырысып, әлемнің озық технологиялы компанияларымен байланыстарды тереңдетуге мүдделі және қол қусырып отырған жоқ.
Шындығында, қазір 5G технологиясын енгіземіз деп аузымызды айға білегенімізбен, еліміздің көптеген ауылдары әлі 3G жүйесіне қол жеткізе алмай отырғаны анық. Ауылдықтар әлі де смартфонмен жіберген суреттері мен бейнефайлдарды тез жүктей алмай отырғаны былай тұрсын, анық сөйлесіп, бір-бірінің даусын анық еститін жағдайға жеткені жоқ. Осы байланыстың нашарлығынан шалғайдағы жұртшылық мемлекеттік бағдарламалар мен қосымшалардың да игілігін көре алмай келеді.
Бірақ бұл кешеуілдеуді желеу етіп, құр алақан отыруды, дамудың жолдарын іздестірмеуді уақыттың өзі кешірмейді. Мәселен, өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияға ресми сапары кезінде әлемнің аузын айға білеген компанияларының бірі «Nokia Corporation» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаамен арнайы кездесіп, компанияның бас кеңсесіне барып, заманауи жетістіктерімен танысқан сәтіне куәгер болдық. Нұрсұлтан Назарбаев компания басшысына Қазақстанның өндіріс үдерісіне автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллект әдістерін енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру міндетін қойып отырғанын айтып, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Тараптар байланыстың жаңа технологияларын, соның ішінде экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру барысында 5G стандартын енгізу мәселелерін талқылады.
Елбасына сол кезде «Nokia» мамандары 5G стандарты арқылы жүргізушісіз басқарылатын автокөлік, өндірістік роботтарды жеделдете басқару мен инфрақұрылымдардың сапасын жоғарылату, шығынсыз басқару үлгілерін көрсетті. Әсіресе 5G арқылы жүзеге асырылатын телемедицина Елбасының ерекше қызығушылығын туғызғанын көрдік. Мәселен, бесінші буын байланысы арқылы білікті дәрігер өзге қаланың операция үстелінде жатқан науқасқа шынайы уақытта ота жасай алады. Роботтың көмегімен қолына құралын алып, интернет арқылы көре отырып операциясын жасай береді. Міне, мұны жаңа заманның, телемедицинаның құдіреті демеске амал жоқ.
Былтыр «Nokia» кеңсесінде Елбасының алдында есеп беріп, аталған жүйені еліміздің аумағына енгізу жоспары туралы «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев: «Біз «Nokiа» компаниясымен Қазақстанда 5G технологиясын сынақтан өткізуге келістік. Іс жүзінде біз ТМД аумағында аталған жүйені алғашқы болып қолға алып жатырмыз. Қазір астана мен Ақмола облысы және Алматы қаласы мен Алматы облыстарындағы нүктелер арқылы 5G жүйесі сынақтан өткізілуде. Қазір бүкіл әлем мәлімет алмасу саласында төңкерістердің табалдырығында тұр. 5G – бұл жаңа технология. Ол кәсіпорындарды, медицина нысандарын алыстан басқаруға мүмкіндік береді. Егер осыдан үш жыл бұрын 4G жүйесін енгізуді талқылап жүрген болсақ, қазір 5G жүйесіне көшуге қамданып жатырмыз. Егер сынақ сәтті өтсе, көп ұзамай тұтастай ел аумағына енгізуге мүмкіндік аламыз», деген еді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев күні кеше Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында осы Финляндия сапарын еске алып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағаливті орнынан тұрғызып, заманауи байланыс пен жасанды интеллектіні енгізу жоспарын бекер сұраған жоқ.
Өйткені 5G технологиясы әлемде Төртінші өнеркәсіптік революцияның қозғаушы күшіне айналып қоймай, жаһандық экономикаға елеулі өзгерістер енгізеді. Мәселен, Qualcomm компаниясы сарапшыларының айтуларына қарағанда, бесінші буын байланысы электрэнергетика, машина жасау салаларының негізіне айнала отырып, мүлдем жаңа салалардың пайда болуына ықпалын тигізбек. Зерттеу авторларының пайымдауынша, 5G технологиясынан түсетін пайда 2035 жылға қарай 3,5 трлн АҚШ долларына жуықтап, жаңадан 22 млн жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді. Бұл саладағы несібемізді біз де құр жібермеуіміз керек.
5G сынақтан сәтті өтуде
Сонау бір күні Үкімет басшысы Асқар Мамин елімізде осы «бесінші буын» байланысын енгізуге арналған кеңес өткізіп, оның цифрлы экономиканы дамыту мүмкіндіктері, әсері туралы егжей-тегжейлі ақпарат алды.
Осы жиында баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығы Қазақстанның АҚШ, Оңтүстік Корея, Швейцария, Эстония мемлекеттерінің қатарында жаңа жүйені сынақтан өткізуді жеделдете қолға алып, басымдық беріп отырғанынан хабардар етті.
Ел аумағына 5G байланысының инфрақұрылымдарын жүргізу жұмыстары аясында жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында бесінші буын байланысы қанатқақты жоба ретінде сыналады. Сосын барып алдағы уақытта 5G байланысы елімізде тұрғындарының саны 50 мыңнан асатын әрбір елді мекеніне жүргізілмек.
Негізі 5G байланысымен толық қамтылмаған жерде «Ақылды қала», «Цифрлы Қазақстан» тәрізді бағдарламалардың күні қараң болатыны рас. Жоғарыда айтылғандай, бұл жоғары жылдамдықтағы байланыс сәтімен жүргізіліп жатса, өз өмірімізге қандай жаңа технология енгенін сезбей да қаламыз. Тағы бірер мысал айтар болсақ, диқандар 5G арқылы үйінен шықпай-ақ, егістің шығымын байқап, топырақты қолмен ұстайтындай әсер алады. Мысалы, Елбасының Финляндияға сапары кезінде «Nokiа» компаниясының таныстырылым алаңында журналистер де осы жоғары жылдамдықты байланыс арқылы көшеде жұмыс істеп жатқан бұрғылау техникасының бойындағы дірілді (вибрацияны) кеңседегі басқару тұтқасын ұстап та сезіне алды.
Негізі біздің елімізде бұл жаңалықтың көп күттірмейтіні байқалады. Мәселен, көктем уағында Астана экономикалық форумының аясында «Қазақтелеком» АҚ Үкімет басшысына 5G байланысы арқылы қоңырау шалуға мүмкіндік жасады. Тұтқаның немесе бейне құрылғының ар жағындағы адам тура жаныңдағыдай әсер беретін жаңа технологияның қадамы осылайша басталды деп айтуға толық негіз бар. Негізі бұл – айналасы бір жылдың ішіндегі жетістік. Алда инфрақұрылымдарды жаңғыртуға байланысты көптеген жұмыстар тұр. Қазірдің өзінде «Қазақтелекомның» бастапқы тестілеу сынақтары мәліметтерді өткізу, жүктеу шамасының қуаттылығын, мүмкіндігін көрсетіп отыр.
Жалпы, 5G байланысының ырзығын көру үшін қарапайым қолданушының өзі қалтасындағы смартфонын да жаңалауға мәжбүр болады. Қазір ұялы байланыс операторлары да өз мүмкіндіктерін саралап, замана көшінен қалмаудың қамына кіріскен. Осы орайда, жуырдағы сұхбаттарының бірінде «Қазақтелеком» АҚ инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов әрбір оператордың 5G байланысы құрылғысын орнату кемінде 350-400 млрд теңгеге түсетінін айтқан еді.
Қалай дегенмен де, Елбасының тапсырмасынан кейін «Қазақтелеком» АҚ өз әріптестерімен бірге 5G стандартын қысқа мерзімде толық тиянақтауды жоспарлап, межелі мерзімнен кешікпеуді көздеп отыр.