• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Тамыз, 2019

Дәлме-дәл егіншілік: диқандар ақылды суару жүйесіне көшпек

898 рет
көрсетілді

Егістік алқабын суару үшін міндетті түрде механизатор жалдаудың қажеті жоқ. Смартфондағы батырманы басу арқылы үйде отырып-ақ шаруаны дөңгелетуге болады. Бұл – америкалық инвесторлар ұсынған дәлме-дәл егіншіліктегі ақылды технология. Шортанды ауданында өткен «Дала дәні» халықаралық дала күніне орайластырылған шарада отандық фермерлер осы және басқа да тың жаңалықтарға қанықты.

А.Бараев атындағы Астық ша­руа­шылығы ғылыми-өндірістік орта­лығында өткен диқандар құрыл­тайын­да елдегі аграрлық саланың өзек­ті мәселелері қаузалды. Ауыл ша­руашылығы министрінің орынбаса­ры Гүлмира Исаева бүгінде 600 мың гек­тар суармалы жерді қайта қалпына кел­тірумен қатар, қосымша 1,5 млн гектар суармалы жерді айналымға жі­бе­ру күн тәртібінде тұрғанын айтты.

– Таяу болашақта суармалы жердің көлемін 3,5 млн гектарға жеткізу ме­жесі алға қойылып отыр. Бұған тек инновациялық технологиялар арқылы қол жеткізуге болады. Сол себепті осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге келіс­кен америкалық әріптестерімізге ал­ғысымызды білдіреміз. Бүгін ашыл­ған тәжірибелік алқап дәлме-дәл егін­шілікті енгізудегі озық алаң болары күмәнсіз. Сондай-ақ А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғы­лыми-өндірістік орталығында Valley компаниясының оқыту сыны­бы ашылды. Америкалық әріптестеріміз жаңа технологияны тиімді пайда­ланудың жолын көрсетуге әзір. Бұл егін шаруашылығындағы өнімді және сапаны жақсартады деген үміттеміз, – дейді Г.Исаева.

Салалық ведомствоның өкілдері аме­­рикалықтар ұсынған технология жекелеген дақылдар бойынша өнім­ді 70-80% көбейтуге септесетінін жет­­кізді. Бұл арқылы Ауыл шаруа­шылығы министрлігі 2022 жылға қарай солтүстік өңірлердегі егістік ал­қаптарын дәлме-дәл егіншілік тех­нологиясына толықтай көшіруді көз­деуде. Мұндай үлгідегі озық сынақ алқаптарын еліміздің өзге де аймақ­тарында ашу жоспарланған. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер біздің аграрлық әлеуетімізді жоғары бағалап, аталған секторда бе­рік әріптестік орнатуға ниетті екен­дерін білдірді.

– Заманауи ауыл шаруашылығын тек экономикалық тұрғыдан қарастыр­ған жөнсіз болар. Қазір экологиялық мәселелерді назардан қалдыруға бол­майды. Сол сияқты аграрлық сек­­торды тиімді пайдаланудың да­ жол­дарын іздестіру қажет. Бұл орай­да америкалық компаниялар қазақ­стандық шаруаларға көмек көр­сетіп, кеңестерімен бөлісуге әзір. Неге десеңіз, Құрама штаттардың таби­ғаты Қазақстанмен ұқсас келеді. Әсі­ресе Солтүстік және Оңтүстік Да­ко­та штаттарының жері қазақ даласынан айнымайды. Өткен жылы АҚШ-тың Сауда министрі Уилбур Росс қазақстандық әріптестерімізбен іскерлік байланыс жүргізген еді. Сол кезде біздің делегацияның құрамында 16 ауылшаруашылық компания өкілдері болды. Осы сапар екі ел ара­сындағы сауда-экономикалық ын­тымақтастықтың артуына ықпал етті, – деді У.Мозер.

«Дала дәні» халықаралық күні ая­сында А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының тәжірибелік егістік алқабында дәлме-дәл егіншілік технологиясына байланысты ақылды суа­ру жүйесінің таныстырылымы өтті. Ерекшелігі сол, жаңа қондырғыны смартфонның көмегімен басқаруға болады. Инновациялық суару жүйесі арнайы ұялы қосымша арқылы іске қосылады. Осылайша аграршылар егіс даласына сабылмай үйінде оты­рып-ақ шаруасын бітіруіне болады деп сендірді шетелдік инвесторлар.

Америкалық компания Қазақ­станда суармалы қондырғы құрасты­ра­тын зауытты ашуды жоспарлап отыр.

– Климаттың өзгеруіне байланыс­ты ақылды технологияға көшкеніміз абзал. Өйткені келешекте жаһанда құрғақшылық белең алуы мүмкін. Сон­дықтан бар ресурстарды тиімді пайдалануымыз қажет. Инвесторлар зауыт салуға үш облысты таңдап отыр. Атап айтқанда, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстары. Себебі өндіріс жүргізу үшін газ қоры керек. Шетелдік компания өкілдері Ақмола әкімдігімен тиісті келіссөз жүргізуде. Соның нәтижесінде кәсіпорын қайда орналасатыны белгілі болады, – деді А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Кенже Абдуллаев.

Басқосуда диқандар егін шаруа­шы­лығына тұсау болып тұрған мәсе­лелерді де айтты. Мәселен, ақмолалық шаруа Георгий Прокофий елімізде сала­лық ғылыми-зерттеу орталықтары саусақпен санарлықтай екенін, сон­дай-ақ әкімшілік төлемдерді реттеу үшін бірыңғай аграрлық салықты көп кешіктірмей енгізу қажеттігін жет­кізді.