«Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» деген ескілерден қалған сөз бар. Сол ескілерден қалған сөз ескірейін деді ме... Әйтеуір қазір малдың еті мен сүт-майы қымбаттаса да, терісі ешкімге керексіз болып, әр жерде шіріп жатады.
Белгілі журналист Бауыржан Омардың бір қаламгер әріптесін: «Миы оның ми емес, Мемлекеттік мұрағат», деп суреттейтіні бар. Тұла бойы тұнған факті, тұнған цифр – Камал Смайыловты оқысаң, Бауыржан Омаровтың осы екі жолы еске түседі. Сол қайраткер Камал Смайылов тоқсаныншы жылдары елімізде мал басы құлдырап кеткенін айтып, дабыл қаққан-ды.
– Ауылдағы, алыс аудандардағы қазақтардың басты жұмысы да, тұрмысы да қойға байланысты. Қойсыз өмір жоқ. Амал қанша, соңғы жылдары ірі шаруашылықтар ыдырап, орнына құрылған ұсақ шаруалар малға ие бола алмай, тұрмыс тауқыметіне шыдамай, қолындағы бар малды сойып, сатып жіберді. Сөйтіп төрт жыл ішінде бұрынғы 36 миллион қойдан 12 миллион ғана қалды. Сонша қолда тұрған қазынадан обал, – дейді ол.
Шынында, тоқсаныншы жылдары күйзелген халық қолындағы малын болмашы ақшаға, тұрмыстық қажеттіліктерге айырбастап жібергені белгілі. Басы бүтін мал су тегінге кетіп жатқан кезде оның терісі тиын-тебенге бағаланып, тіпті іске жарамай әр жерде шіріп қалған-ды.
Тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда тұрмыс біршама жақсарып қалды қазір. Малдың қадірін жұрт жақсы біледі. Еттің бағасы аспандап тұр. Құрт-ірімшік, шұбат-қымыз да сұранысқа ие. Тек терісі ғана керексіз. Бұрын елді мекендерде, күре жолдардың бойында тері қабылдайтын нысандар болатын. Кейінгі кезде оны да көрмейтін болдық. Неге?
Себебі биылғы жылдың басында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тері экспортына шектеу қойды. Ондағы мақсат – отандық тері өңдеуші, тері өнімдерін шығарушы кәсіпорындарды қолдау деп түсіндірді министрлік. Шынында былтыр Семей тері-былғары комбинаты, Алматы былғары зауыты, Тараздағы «Тараз тері аяқ киім» ЖШС Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және «Атамекен» ҰКП-ға шағым түсіріпті. Себебі шикізаттың бәрі шетелге экспортталып, отандық кәсіпорындар тарығып қалған көрінеді. Оның үстіне, шетелге иленген құрым шығарсақ, оның құны отандық жартылай фабрикаттардан 14 есе қымбат болады екен. Соның бәрін қорыта келіп, тері экспорттауға кезекті мәрте мораторий жариялады.
Алайда тыйым салу отандық тері-былғары кәсіпорындарының жұмысын жандандырғаны туралы ақпараттар жарияланғанымен, мәселенің керісінше жағы да қылаң берді. Кәсіпорындардың өздері еліміздегі сойылған малдардың терісін қабылдауға қауқарсыз болып шықты. Олар біріншіден, халыққа өткізген терісі үшін шетелдіктер сияқты дені дұрыс баға ұсына алмады. Екіншіден, әр өңірде тері қабылдайтын орын ашу ісі де жеткілікті деңгейде жолға қойылмады. Қытайдың зауыттары кесілген, тесілген терілерді жеңіл-желпі кемшілігіне қарамай қабылдай беретін болса, біздің кәсіпорындар оған да қатал қарайды екен. Қысқасы, ақпан айында жарияланған мораторийден кейін көп ұзамай терінің бағасы әлденеше есе арзандап кетті. Мәселен, бұрын сиыр терісі 5-8 мың теңгеге сатылса, қазір – 500-600 теңге. Мораторийге дейін қолындағы бар ақшасына тонналап тері сатып алған кейбір кәсіпкерлер оны өткізетін жер таба алмай банкрот болды.
Таяуда Құрбан айт мерекесінде тонналаған терінің қалай тапталып, қан-жынмен бірге қазылған құдыққа лақтырып тасталғанын көзіміз көрді. Құрбанға шалынған малдың терісіне дейін кәдеге жаратылуы керек деген талап жайына қалды. Иленіп, дайын бұйымға айналғанда ондаған мың теңгеге аспандап кететін шикізаттың керексіз болып шіріп қалғанына қынжылған жандар әлеуметтік желіде суретін салып, себебін сұрап жатқан еді. Себебін жоғарыда айта алдық деген ойдамыз.
Сөз басында Камал Смайыловтың мал басы азайып кеткеніне дабыл қаққанын айтып едік. Құдайға шүкір, қазір жыл санап төрт түлік те, шошқа саны да, тауық, қаз-үйрек сияқты құстың саны да көбейіп келеді. Статистикаға сенсек, Зеңгі баба тұқымының саны қазір 8 миллион 200 мыңнан асады. Қой-ешкінің саны наурыз айындағы есеп бойынша 19 миллион 500 мыңға жуықтапты. Біз былғары жасауға ең көп қолданылатын сиыр мен қойдың санын ғана айтып отырмыз. Былғарының бағасын білген бабаларымыз «Күдеріден бау тағып, кіреуке киер күн қайда», «Аяғыма кигенім былғары етік...» деп ән-жырға қосса, қазір ен байлық босқа шіріп жатыр. Камал Смайылов айтпақшы, «Сонша қолда тұрған қазынадан обал...».