Бүгін Белоруссияның Борисов қаласында жергілікті БАТЭ мен елорданың «Астана» командалары арасында УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңіне жолдама беруші плей-офф бәсекесінің қарымта матчы өтеді.
Сейсенбі күні «Астана» командасының мүшелері «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан» ұшаққа отырды. Бағыт – Белоруссияның Минск қаласы. Жергілікті уақытпен 11:00-де әуеге көтерілген ұшақ бортында жиырмаға жуық футболшы мен жаттықтырушылар құрамы бар. Сондай-ақ еліміздің бірқатар БАҚ өкілдері де командамен Минскіге барғанын айта кетейік. Сөйтіп араға төрт сағат салып әуе көлігіміз Минск халықаралық әуежайына қонды. Ауа райы жылы, шамамен 25 градус.
«Астана» командасы Белоруссияға жоғары көңіл күймен келді. Себебі өткен аптада өз алаңында Еуропа лигасының БАТЭ-ге қарсы Нұр-Сұлтанда өткен алғашқы матчында 3:0 есебімен жеңсе, араға екі-үш күн салып ел чемпионатының кезекті турында «Тараз» командасын 5:0 нәтижесімен тас-талқанын шығарды. Сондықтан соңғы бес ойында тек ірі есеппен жеңіске жетіп келе жатқан «Астана» футболшыларының көңіл күйі нашар деп айта алмаймыз.
Дегенмен бас бапкер де, футболшылар да берген сұхбаттарында жеңістің эфориясына берілмей, сырт алаңдағы матч 0:0 есебімен басталатынын ұмытпай, тек жеңіс үшін ойнайтындарын айтуда.
Сондай-ақ БАТЭ де өз біріншілігінің кезекті турында «Славия» командасынан 4:0 есебімен басым түсіп, өздеріне де, жанкүйерлеріне де сенім отын жаққандай болды. Бірақ жергілікті жанкүйерлер «Астанаға» қарсы өтетін қарымта матчта өз командаларының жеңіске жетіп, топтық кезеңіне шығатынына сенбейтінін айтуда.
Жанкүйерлерді былай қойғанда, БАТЭ-нің бас бапкері Алексей Бага елордада өткен кездесуден кейін командасының топтық кезеңге шығуға мүмкіндіктері өте төмен екенін айтқан болатын. Дегенмен футбол 90 минут емес, төрешінің соңғы ысқырығына дейін жалғасатынын ескерсек, бүгін екі команданы да өте тартысты және қызыққа толы матч күтіп түр. Сондай-ақ жергілікті команда өз алаңында барын салып, жанкүйерлерін қуантуға тырысатыны анық.
Хош, кеше БАТЭ мен «Астана» командалары ашық жаттығу жиынын өткізді. Артынша бас жаттықтырушылар баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Алдымен сөз алған БАТЭ командасының бас жаттықтырушысы Алексей Бага: «Менің командам ертеңгі ойынға дайын. Біз Қазақстанда деңгейімізді толықтай көрсете алмадық. Бірақ ертең кездесу басқаша жағдайда өрбиді. Кеткен есені қайтаруға мүмкіндігіміз толық жетеді», деді. «Бір апта бұрын ғана «Астанадан» 3:0 есебімен жеңілген команда аз уақыт ішінде өз қате-кемшіліктерін түзеп, жеңіске жете ала ма?» деген сауалға белоруссиялық маманның берген жауабы мынадай болды: «Кез келген команда үшін өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсеткен әлдеқайда жеңіл. Қазақстанда өткен ойында «Астана» шабуылшылары қорғаушыларымызды әбден әбігерге түсірді. Бірақ ертең ондай проблема болмайтынына сенімдімін. Өйткені кеткен кемшіліктер осы жолы қайталанбас үшін жұмыс істедік. Ертең – соның жемісін көретін кез».
Осыдан кейін «Астана» командасының бас жаттықтырушысы Роман Григорчук журналистер сауалына жауап берді. «Ертең біз үшін ең қиын ойындардың бірі болмақ. Себебі БАТЭ ойыншылары Нұр-Сұлтанда кеткен есені қайткенде де қайтаруға білек сыбана кірісетіні белгілі, – деп бастады өз сөзін украин маманы. – Оның үстіне, БАТЭ – өз алаңында есе жібермейтін команда. Әйткенмен, біздің жігіттер топтық кезеңіне шығу үшін жеңіске жету керектігін жақсы біледі. Сондықтан біз де шайқасқа дайынбыз».
Сондай-ақ бас бапкер бүгінгі ойынға шабуылшы Фирмин Мубеленің қатысу-қатыспауы беймәлім екенін айтты. Себебі конголық футболшы БАТЭ-ге қарсы өткен алғашқы ойында аздап жарақат алып қалған. Егер дәрігерлер рұқсат берсе, Мубелені жасыл алаңнан көріп қалуымыз да мүмкін.
БАТЭ – «Астана» матчына шотландиялық төрешілер бригадасы қазылық етеді. Алаңдағы бас төреші Бобби Мэдденге қапталдан отандастары Дуглас Росс пен Дэвид Рум көмектеседі. Төртінші төреші – Дональд Робертсон.
Екі команда арасындағы кездесу бүгін Белоруссияның Борисов қаласындағы «Борисов-Аренада» өтеді. Матчты отандық «Қазспорт» телеарнасы Нұр-Сұлтан уақыты бойынша түнгі 23:00-де тікелей эфирде көрсетеді.