1923 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің № 60 санында 7 бөлімнен тұратын «Баспасөзіміз не күйде?» мақаласы шыққан. Көлемді мақаланы Мадияр атты бүркеншік есіммен Міржақып Дулатов жазған.
Баспасөзіміз не күйде?
І
Төңкерістен бұрынғы қазақ халқының өмірі, басынан кешірген кемшілік, мұңшылықтары, қысқа күнде қырық сөйленіп, шайырдай шайналып, бұл кезде сегіздегі бала, сексендегі шалға шейін таныс болды. Енді ол заманды жаман десек, ол заманның қайта айналуын көксемесек, таз кебімізді қайта киюді тілемесек, сол заманда істетпеген, істелмеген, бірақ істелуге тиіс болған жұмыстарды шама келгенше жүзеге асыруымыз керек. Патша үкіметін жерден алып, жерге салудан, ертеден қара кешке шейін сөгуден бір тиындық пайда жоқ. Егер осындай теңдікке жетіп тұрған заманымызда бұрынғы кем-кетігімізді толтырмасақ, елді ел қылатын игілікті істерді істеп көзге көрсетсек, жемісін жегізсек, бұрынғы қалыптардың қолайсыздығы, патшашыл үкіметтің жауыздығы өзінен өзі-ақ көрінеді.
Қай үкімет болсын, халықты есіркеп, «Мә, жұртым, мейлінше кенел, игілігіңе жұмса» деп қалтасынан суырып беретін қазынасы жоқ. Бәрінің де қазына деп жүргені әкесінің малы емес, халық пайдасына жұмсалу үшін, халықтың өзінен жиналған қазына. Айырма жалғыз-ақ мынада: ескі үкімет халықтың өз байлығын өз керегіне жұмсауға ерік бермейтін еді. Онысы зорлық еді. Онысы талтүсте талау еді. Енді, шүкір, Кеңес үкіметі надан елдердің көзін ашатын, езілген таптарды теңгеретін болып, халықтың өз дәулетін өз керегіне жұмсауға ерік беріп отыр.
Неше ғасырдан бері басымызда ерік, малымызда билік болмаудың себебі надандығымыздан екенін білсек, енді ерікке де, билікке де жеткен шағымызда надандықтан құтылып, шын жарыққа шығудың шарасын көздеуіміз керек. Үнемі біреуге масыл болып, жетімдік көрсек жеткізетін жетекшіміз бар деп телміре бермей, өз теңдігімізді, өз елдігімізді өзіміз қорғайтын, енді қайтып өзгеге құл болмайтын қам қылуымыз керек. Бұл мақсұттарға жеткізетін өнер-білім екені даусыз болса, бұған керекті құралдарды сай қылу – бірінші міндетіміз. Өнер-білім құралы – алдымен мектептерде оқылатын кітаптар, жалпының жанына азық беретін кестелі әдебиет, заман жайынан мағлұмат беретін газет-журнал, бәрін жиып қысқартып айтқанда – баспасөз.
1917 жылдан бастап талай жиылыстарда, талай мәжілістерде бұл мәселе сөз болмай жүрген жоқ. Газет жүзінде ме, екі кісі бас қосқан жерде ме, ел мұңы сөйлене қалса алдымен ауызға алынатын әңгіменің бірі де, бірегейі де осы болатын. Бірақ әлі күнге шейін «жүк орнынан қозғалмай тұр». Мен бұл мақаланы «Баспасөзіміз не күйде?» деп бастағанда, жұрт естімеген шыт жаңа бір мәселені қозғадым деп отырғаным жоқ, яки, бұл туралы тоқсан тоғыз сөйленілген сөздің санын жүзге толтырмақ та емеспін. Менің мақсұтым – баспасөзімізді ілгері бастыру жолында не істегенімізді көрсетіп, енді мұнан былай не істеу керектігін айтқым келді.
ІІ
Баспасөз жұмысы екіге бөлінеді: бірі – кітап жазу, екіншісі – жазылған кітапты басып шығару. Осы туралы кешегі өткен марқұм 1922 жылы біз не істедік? Сол жағын еске түсіріп өткім келеді.
Қазақстанның халық ағарту комиссариаты кітап жазу мәселесін қолға алғанына, бірінші һәм екінші басқыш мектептер үшін керекті кітаптарды топшылап, белгілі қалам қайраткерлеріне тапсырғанына табаны күректей екі жыл толды. Бұл кітаптар 1922 жылы жазылып болып, басылып та шықпақ еді. Сонан бері жазылып тапсырылған, басуға да берілген кітап жалғыз-ақ Мағжанның «Педогогикасы» (1). Қазір жазылып біткен, бірақ баспаға берілмеген Ахметтің 3-жылдық «Тіл құралы» (2). Елдестің «Физикасы» (3). Көзге көрініп отырған бар жоғы осы үш-ақ кітап! Бұл үш кітаптың да қалай жазылғанын білеміз. Мағжанның «Педагогикасы» тез жазылып отырғаны (тез деп өзгелермен салыстырғандықтан айтып отырмын) ол өткен жылдар курстарда педагогика ғылымын оқытып, сол туралы мағлұматтар жинап, оқытқан сабақтарын жазып отырып, соңынан тек тәртіптеп кітап қылып шығарған көрінеді. Елдес «Физикасын», әлде қалай қызметтен босанып, ауылында жатып, тоғыз айда жазып бітірген. Ахаң болса, мекеме қызметінде жүріп, тынығу, бой жазу дегенді ұмытып, кешкі-түнгі сағаттарда жұмыс қылып, «Тіл құралының» 3-жылдығын әрең бітірген.
Бұл аяқ алысымызбен біздің баспасөзіміз ілгері басар ма? Бұлай болудың себебі не? Әлде жоғарғы кітап жазуға тапсырылған азаматтар жалқаулық, салақтық қылып, халық ағарту жұмысын керексіз көргеннен деуге бола ма? Жоқ, олай деуге болмайды. Олай десек, жала жапқан боламыз. Олардың міндеттенген жұмыстарын атқара алмау себебі – бәрі бірдей мекеме қызметіне жегіліп, «шенеунік» есебінде кеңсе қағазын тықырлатып отыр. Уақыттарының көбін, күштерінің бәрін соған сарп қылып отыр. Кеңсе қызметі, ел билеу жұмысы керексіз демейміз, мемлекет машинасын дұрыс жүргізу үшін де қызметкерлер керек. Бірақ «қалам қайраткерлері» деп танылып жүрген азаматтардың саны орасан көп емес. Олардың істеп отырған кеңсе қызметтері мен кітап жазушылықты салмақтасақ, таразының соңғы табағы неше есе ауыр тартатыны анық. Және де біздің қалам қайраткерлерінің бәрі дерлік партияда жоқ. Сондықтан олардың атқарып отырғаны соншалық жауапты қызметтер деуге болмайды, сол себепті олардың орындары артық ойсырап қалмайды. Сондықтан шын қалам қайраткерлері кеңсе қызметінен босап, бірыңғай кітап жазу жұмысына кірісу керек. Бұған ешкім бөгет салмау керек. Қайта тамағын тоқ, орнын жайлы қылып, баптау керек. Мысал үшін қалам қайраткерлерін бәйге атына ұқсатсақ, оларды еріктіріп, мәпелеп ұстап, жазу бәйгесіне қосу керек. Бәйге атын қысы-жазы арба-шанаға жегіп, қара жұмысқа салсаң, жүк тасысаң қандай болады? Ондай атты қазақ бәйгеге қоса ма? Ондай ат бәйгеден келе ме? Сол сияқты, қалам қайраткерлері де кеңсе қамыты мойнынан түспей, жазу бәйгесіне қосыла алмайды, қосылып та бәйге әпере алмайды.
Біз бір пайдалы нәрсені сөз қыла қалсақ, жерден жеті қоян тапқандай қуанамыз, «керек, керек» деп шу ете түсеміз, не керек екенін білгенімізге мәз боламыз, бірақ соңынан орындауға келгенде «керектердің» бәрін ұмытып, бетімізбен кетеміз. Тағы бірде әлгі «керек те» тағы есімізге түсіп, тағы «аттан» саламыз, тағы дүниені жаңғырықтырамыз, тағы ұмытамыз... өміріміздің көбі осымен өтіп келеді.
ІІІ
Қалам қайраткерлері кеңсе қызметінен алынып, кітап жазуға кіріссе, аз уақыттың ішінде қанша жұмыс бітіретінін шамалайық, бүкіл қазақ Қазақстанда кеңсе қызметін істеп жүрген азаматтардан қалам қайраткерлері деп он-ақ кісі алалық. Осылар бір беткей жазу жұмысына кірісетін болса, келтіретін пайдасы мынадай деп шамалауға болады. Мәселен, бір жазушы күніне орта есеппен баспа кітаптың 2 бетін жазсын. Сонда бір кісі бір айда 30×2=60 бет, бір жылда 12×60=720 бет жазады екен. Он жазушы болса бір жылда 10×720=7200 бет жазбақ. Егер бір кітапты, орта есеппен 300 беттік десек, он кісі бір жылда 24 кітап жазып шығармақ. Егер кітап бетін айнала есептегенде 240 десек, он кісі бір жылда 30 кітап жазып шығарады екен.
Мұны бос қиял, іске аспайтын тәтті тілек деп ешкім айта алмаса керек. Бұл қолдан келетін жұмыс.
IV
Қазақстан мемлекет баспасы (Госиздат) өткен 1922-ші жылы не істеді, алдағы үмітті 1923 жыл не істей алатындығын көрсетейін. Баспа жұмысы мен артық таныс еместерге мемлекет баспасының қысқаша жайын, күшін баяндау қажет болар.
Мемлекет баспасының қарауында үлкен баспахана бар. Баспаханада 5 кітап табағын (кітап табағы – басылған 16 бет) тізуге жететін орысша қаріп, – 4 кітап табағына жететін әртүрлі қазақ қарпі бар (4) орыс қарпін тізушілер 6 кісі, қазақ қарпін тізушілер 17 кісі. Бір қаріп тізуші күніне, орта есеппен, 7 мың қаріп тізуге тиіс. Сонда орыстың алты тізушісі күніне кітап табағын, қазақтың 17 тізушісі толық 3 кітап табағын тізуге лайық. Баспаханада алты машина бар: екеуі альбомный деп аталады. Бұл екі машинаның әрқайсысына бір жола екі кітап табағын, яғни 32 бетті бірақ жіберуге болады. Үшінші машина – жарым альбомный. Бұдан бірден 16 бет жіберуге болады. Бұл үш машина электр қуатымен айналады. Тағы да қолмен айналатын жарым альбомный машина бар. Бұл да 16 бет шығарады. Қалған екеуі бастонка һәм американка деп аталады. Бұл соңғы екеуі де қолмен айналадырады. Әрқайсысы жарты табақтық. Осы алты машинамен бір күнде табақ тізген қаріпті бірден басуға болады. Қолмен айналдыратын үш кішкене машинаны өзге уақ-түйек жұмыстарға арнап, электрмен айналатын үш үлкен машинаны кітап басуға шығарсақ, бұл үшеуі бір күнде 5 кітап табағын айналдырып, көбейткенде 15 мың кітап болып шығарып береді. Екінші сөзбен айтқанда, 16 беттік бір кітап 15 мың кітап болып шығады; кітап 32 беттік болса, мың, 48 беттік болса, 5 мың болып басылады ... бұл алты машинаның күші орысша қазақшаға ортақ.
V
Жаңағы айтқандарымыздан Қазақстан мемлекет баспасының қандайлық күші барлығы белгілі болды. Енді өткен 1922-ші жылы мемлекет баспасы қазақ үшін не істеді? Орыс үшін не істеді – соны айырып көрсетейін. 22-ші жылы қазақша басылған кітап 61 табақ (5), көбейтіп басылғаны 336 мың 990. Орысша басылған кітап 191 табақ, көбейтіп басылғаны 1 миллион 635 мың 650.
Бұл есептен біз не көреміз? Біздің көретініміз: қазақша кітаптардың жай табақ саны орысшадан үш есе кем, көбейтіп басылғаны бес есе кем.
Қазақ Республикасында орыспен қазақ саны шамалас деп есептесек, орысша, қазақша басылған кітаптардың да саны қарайлас болу керек еді. Екінші, қазақтың баспасөзге аса мұқтаждығын ескергенде, қазақ кітаптары артығырақ басылса керек еді. Артық болмағанда да кем болмауға тиіс еді. Үшінші, баспаханадағы қазақ қарпін тізушілерінің орыстардан саны үш есе көптігіне һәм орыс қарпін тізушілер күніне табақ, қазақ қарпін тізушілер 3 табақ тізіп шығара алуларына қарағанда, қазақ кітаптары үш есе артық басылуға лайық еді. Төртінші, орысша, қазақша деп бөлуге болмайтын екеуіне де ортақ машиналардың күші орысшаны 5 есе артық басудың орнына бірдей шығаруы дұрыс еді. Цифрдан күшті дәлел болмайды. Бұл туралы біздің кемшілігімізді цифр ап-айқын көрсетіп отыр.
Бұл кемшіліктердің себебі неден? Мұны орыстың қазаққа қылып отырған озбырлығы дейміз бе? Қапелімде осылай көрінуге мүмкін. Бірақ, дұрысында, олай емес: бар айып өзімізден, өзіміздің шалағайлығымыздан, күшіміздің аздығынан, аз күшті пайдалана алмай отырған олақтығымыздан. Бұл күнге шейін мемлекет баспасында бір қазақ қызметкері болмаған. Орыс жолдастардың қазақ жұмысын өзінікіндей басқару қолдарынан келмеген, бір жағынан басуға да даярланған кітаптар болып, екінші жағынан қадағалап, бастырып отыратын қазақ қызметкерлері болса, жұмыстың реті дәл мұндай болмас еді. Біз басуға даярлаған кітабымыз жоқ деп зарланғанмен, басатын нәрсе таба алмай алақанына түкіріп отырған мемлекет баспасы да жоқ. Бұған дәлел: уақ-түйек кітаптардың, хатта бірен-саран оқу құралдарының әлі күнге шейін басылмай жатқандары бар көрінеді. Өзіміздің мемлекет баспасының жеткілікті күші бар бола тұрып, не үшін екенін білмеймін, қанша шығын шығарып, Абай, Мағжан, Сұлтанмахмұт өлеңдері, тағы қайсыбір бұрынғы оқу құралдары Қазанға басуға жіберілген.
VІ
Енді газет-журналдарымыз не күйде? Бұған да бір көз салып өтелік.
Қазақ Республикасының астанасы – Орынборды есептемегенде, губерниялық қалалардың бәрінде де орысша газет-журналдар шығып тұрады. Орынбор қаласының өзінде ғана орыс тілінде күн сайын шығатын екі газет, жеті сайын шығатын екі газет, он бес күнде шығатын екі журнал, ай сайын шығатын үш журнал бар екен.
Біздің бүкіл Қазақстанда қазақша шығып тұрған газет-журналдарымыз:
1) «Еңбекшіл қазақ»; 2) «Қызыл Қазақстан»; 3) «Өртең»; 4) «Бостандық туы»; 5) «Қазақ тілі»; 6) «Қызыл ту». Бұлардың көбі аяғын ақсай басып, өзінің дүниеде барлығын ұмыта беріп, анда-санда бір шығып қояды. Орынбордың өзінде шығатын үкімет тілі – «Еңбекшіл қазақ» күн сайын шықпаса да, тым болмаса жетіде үш рет дұрыс шығып тұруы керек еді. Бүкіл Қазақ Республикасына бір жақсы журналдың да көптігі болмас еді. Баспасөзіміздің бұл жағы да көңіл көншірлік ешнәрсе бермей тұр.
Өзімізден мәдениеті жоғары орыс халқындай бола қалу бізге әлі ертерек екенін жақсы білеміз. Бірақ бар күшімізді жұмсап, «бар әзір, жоқ мәзір» деп отырғанымыз жоқ.
VІІ
Баспасөзіміздің күйі осы. Айта берсек, кемшілік толып жатыр. Бұл мақалада мен тым орасандарын ғана санап өттім. Бұл кемшіліктерді толықтыруды қолдарынан келетін азаматтар ескерусіз қалдырмас деп сенемін. Бұл кемшіліктерді мойынға алмайтын азамат табылар деп және де ойлаймын. Мұның бәрі бүгін көрініп, бүгін сызылып отырған кемшіліктер емес. Мен де бүгін Америкадан келіп отырғаным жоқ. Бірақ «Құдай өзі кешірер» деген бинамаздың ... «Көш жүре түзеледі» деген мақалға сүйене берудің керегі жоқ, көштің түзелетін кезі болды. Көшті түзеу керек, көшті оңға бастау керек. Жоғарғы көрсеткен шараларымды қорытқанымда айтатыным:
Қалам қайраткерлерін осы жылдың басынан бастап кеңсе қызметінен босатып, тамағын тоқ, орнын жайлы, көңілін алаңсыз қылып, кітап жазуға қосу керек.
Газет-журналдарымыздың басына лайықты адамдарды жеткілікті қылып отырғызып, халық тұрмысын айнаға түсіргендей көрсететін, адасқанға жөн сілтейтін, партия бағыты, үкімет заңымен таныстыратын, дүниеден хабардар қылатын газет-журналдарды жиілетіп, мезгілінде шығару керек.
Жазылған кітап, газет-журналдарды бастыратын мемлекет баспасына айрықша назар салып, баспахана жұмыстарын бақылап отыратын, берекелендіретін қызметкерлер қою керек.
Баспасөзімізді көркейту, гүлдендіру үшін менің ұсынатын жобаларым осылар. 1923 жылдың баспасөз туралы жұмыс жоспары да осы болуға тиіс. Бұл айтқандарды орындай алсақ, төңкеріс дәуірінде шын теңдікке жеткендігіміздің, қараңғылықтан құтылып, жарыққа шыққандығымыздың ең күшті ыспаты болса керек. Жоқ, ананы бір, мынаны бір сылтау қылып, бұл жұмыстарды кешеулете берсек, «Ерте оңбаған – кеш оңбас, кеш оңабаған – еш оңбас» деген мақалдың дәл бізге арналғаны.
«Педагогика» – 120 бет шамасында. «Тіл құралы» – 64 бет шамасында. «Физика» – 480 бет шамасында. Жақын арада тағы да 147 пұт қаріп келмекші. Табақ есебімен санағаным болмаса, мұның бәрі кітап емес, бірсыпырасы қаулы, жарнама секілді уақ-түйек нәрселер.
Мадияр