• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2013

Барды бар деген жөн Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:49 15 жыл қатарынан жыл сайын еліміз тың жаңалықтарға құлақ түретін, азаматтары ертеңіне зор үміт пен сенім артатын бір сәт бар – ол Елбасымыз Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Бүгінгі күннің меж

323 рет
көрсетілді

Барды бар деген жөн

Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:49

15 жыл қатарынан жыл сайын еліміз тың жаңалықтарға құлақ түретін, азаматтары ертеңіне зор үміт пен сенім артатын бір сәт бар – ол Елбасымыз Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Бүгінгі күннің межесінен сол жолдауларды сараласақ, жүз жылдық тарихқа жүк боларлық мәліметтерге жолығасыз. Ел іргесі сыр беріп сықырлаған тұстан қабырғасы қатайып, шаңы­рағы биіктеген кезге дейінгі уақыт аралығындағы басымыздан өткерген сан-қилы оқиғаларға куә боласыз.

 

Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:49

15 жыл қатарынан жыл сайын еліміз тың жаңалықтарға құлақ түретін, азаматтары ертеңіне зор үміт пен сенім артатын бір сәт бар – ол Елбасымыз Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Бүгінгі күннің межесінен сол жолдауларды сараласақ, жүз жылдық тарихқа жүк боларлық мәліметтерге жолығасыз. Ел іргесі сыр беріп сықырлаған тұстан қабырғасы қатайып, шаңы­рағы биіктеген кезге дейінгі уақыт аралығындағы басымыздан өткерген сан-қилы оқиғаларға куә боласыз.

Әлі есімде, 1997 жылы Қарағанды облысына қарасты Ұлытау ауданы әкімінің әлеуметтік және идеология саласы бойынша орынбасары қызметін атқарған болатынмын. Сонда жұмыскерлерге ай­лық жалақыларын, аналарға бала­ларының өтемақыларын, зейнеткерлерге зейнетақыларын, мүгедектерге жәрдемақыларын беру, балабақшаларға, мектептерге, емханаларға, үйлерге жылу бергізу түйіні шешілмеген өте күрделі мәселе-тін. Кәсіпорындар бірінен соң бірі жабылып, жұмыс табу қияметтің қияметіне айналған кез. Мәселен, жалпы еліміз бойынша өндіріс мекемелерінің 40 пайызы тоқтап қалып, 52 миллиард теңгеден астам жалақы төленбеді. Осындай қиюы келіңкіремеген заманда Елбасының халыққа ең алғашқы Жолдауы – «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы жарияланғанда, мемлекеттік қызметші болсам да бұл құжатты тосырқап қабылдағандардың бірі мен едім.

Шынтуайтына келгенде, бұл Елбасының тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізген балаң елімізді өркениет көшінің сара жолына бастаған сындарлы шешімі, батыл қадамы еді. Өйткені, біз өз жолымызды айқындауға тиіс едік. Мінеки, осы тұрғыдан келгенде «Қазақстан-2030» бағдарламасы біз үшін шын мәнінде стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді пайымдап, көзқарасымыздағы маңызды серпіліс болды. Сонымен қатар, сол кездері алдымызда үлкен міндеттер тұрды. Оларды толық шешу үшін біз үш бірдей жаңғырту жүргізуге тиіс едік, яғни, мемлекеттің іргесін қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау және қоғамдық сананы қайта өзгерту.

Қазір қарап отырсақ, біз дұрыс таңдау жасаппыз. 2008-2009 жылдары орын алған жаһандық дағдарыс осыны анық аңғартты. Қазақстан оған төтеп берді. Дағдарыс жетіс­тіктерімізді сетінете алған жоқ, кері­сінше, бізді қуатты ете түсті. Сөй­тіп, біз таңдаған ел дамуының саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси үлгісі өз тиімділігін толықтай дәлелдеп шықты.

Елдің жаңа елордасы – Ас­та­на­ны салдық. Кезінде түрлі пікір­лер туғызған бұл заманауи қала қазір біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуетін пайдалана алдық. Дәл сол себептен де халықаралық қауымдастық Қазақстанды ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде таңдады. Барды бар деп айтқан жөн. Егер Астана болмаса, бұл да болмас еді. Мұндай құрмет кез келгеннің еншісіне тие бермейді. Жалпы, біздің еліміз кеңестен кейінгі кезеңдегі күллі кеңістікте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен әрі осы ұйымның Саммитін өткізген, сондай-ақ ғаламдық ауқымдағы іс-шара – ЭКСПО-2017-ні өзінде өткізетін бірінші ел екенін айтсақ та жеткілікті.

Иә, бұл халықаралық көрмеге қатысты кереғар пікірлер де жоқ емес. Бір жағынан ол заңды да. Кез келген жаңа іске күдікпен қа­райтын әдетіміз бар ғой. Бірақ, ке­зінде ЭКСПО көрмелерін өткіз­ген елдердің соңынан қол жеткізген жетістіктерін бағамдасақ, мұндай күдіктердің сейілетініне күмән жоқ. Мысалы, соғыстан құр сүлдесі шыққан Жапония  ЭКСПО-67 көрмесінен кейін күрт дамып, әлемнің екінші экономикасы дәре­же­сіне дейін көтерілді. Әр жыл сайын еліне миллиардтаған табыс әкелетін Париждегі атақты Эйфель мұнарасы да осындай көрменің жемісі. Бұл көрмелерді өткізудің нәтижесінде әлемде 12 Нобель сыйлығының иегерлері пайда болғанын да ұмытпаған жөн. Сондықтан, оңтайлы сәтті оң жамбасымызға келтіре алсақ, ұтарымыз анық. Мамандардың есептеуінше, ЭКСПО-2017-ні ұйым­дастыруға жұмсалатын әрбір теңге Қазақ еліне бес есеге дейінгі өсіммен таза пайда әкеледі.

Сөз жоқ, біздің басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз. 2012 жылғы 14 желтоқсанда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа Жолдауын «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа сая­си бағыты» деп атауы кездейсоқ емес. Осылай тұңғыш рет ресми түрде Қазақстан дүние жүзіне өзінің бүтіндей қалыптасып, іргелі мемлекетке айнала бастағанын, сөйтіп дамудың жаңа жоғары сатысына бет алғанын мәлім етті.

Бұл саяси маңызды құжаттың әрбір жолын талқылау бір ғана әң­гімемен шектелмесі анық. Деген­мен, мына мәселені айтпай кетпес­ке болмас. Ол – осы Жолдаудағы Ел­басының тарапынан айтылған бірқатар тың пікірлер. Мәселен, Президент: «Ел біртұтас корпорация секілді жұмыс істеуі, ал мемлекет оның өзегі болуы тиіс, сондықтан біздің бүгінгі көзқарасымыз бен ұс­танымымызды түбегейлі өзгер­тетін экономикалық прагматизм қажет», деген ойын білдірді. Яғни, ол кісі жұртшылық назарын жаңа үлгіде жұмыс істеуге аударып отыр. Расында, Қазақстан әлемдік ауқымда көлемі шағын экономика, сол себепті елдің бюджетін жай бөліп қана қоймай, ойлы да салмақты инвес­тициялау арқылы оны тиімді басқару қажет. Бұл тұста, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын мейлінше тез орнықтырудың маңызы зор екендігі де дау туғызбас шындық.

Елді елең еткізіп, көңілге жы­лылық ұялатқан тың пайым­дардың тағы бірі – Қазақ мемлекеті деп аталуымыздың күні алыс еместігінің тұңғыш рет ең жоғары мінберден ресми түрде айтылуы дер едім. Ол үшін бәріміз бірлесе отырып қазақ тілін жаппай қолданысқа енгізіп шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтеруіміз керек. 1993-1997 жылдары қазақ тілінің мәселесімен тікелей шұғыл­данғандықтан, әрі соңғы жиырма жыл аралығында бұл салада оң бағыттағы үлкен өзгерістердің бар екендігін білгендіктен, өз басым қазақ тілінің мерейін үстем етуге әбден болатынына сенімдімін. Тек, ана тілімізді дамытудың сая­саты Жолдауда айтылғандай, одан жерінуге, тіпті қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше, қазақ тілі Қазақстан халқын біріктіруші болуы тиіс. Өйткені, бізге қоғамдық келісімді сақтау және нығайту тиімді. Бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің басты шарты.

Жолдауда айтылған құлаққа жағымды келесі бір тамаша жаңалық – «Мәңгілік ел» атануды мұрат еткен ниетімізді іске асыра аламыз. Сөйтіп, ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе қалыптастыра отырып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарынан табылатын боламыз.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

саясаттанушы.

АСТАНА.