Целиноград аудандық кітапханалар жүйесінің ел ішінде мәдени-ағарту ісіне қомақты үлес қосуымен қатар әдебиетті насихаттау, әртүрлі шығармашылық кештер ұйымдастыру барысындағы еңбегі өз алдына бір төбе. Мұнда аудан тұрғындарының рухани қажеттіліктерін зерделей зерттеп, қалтқысыз қызмет етумен қатар жалпақ жұртты жарқын болашақ бағытына топтастыру жұмысы өте мазмұнды.
Целиноград аудандық кітапхана жүйесіне аудандық орталық кітапхана мен Шалқар, Нұресіл, Тасты, Жалғызқұдық, Оразақ тәрізді 13 елді мекендегі кітапхана кіреді. Оның ішінде «Родина» селосы мен Нұресіл ауылындағы кітапханалар жоғары мәртебеге ие. Алдымен, барлық кітапханалардың компьютерлендіріліп, интернет желісіне қосылғандығын айта кетуге болады. Аудандық орталық кітапханада 2010 жылдан бастап кітап қорын екшейтін Rabis бағдарламасы жұмыс істейді. 2018 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қосымша тағы да 6 жаңа WEB-Rabis бағдарламасы енгізілді. Оқырмандар тарапынан сұраныстың көп болуына орай кітапханалардағы кітап қорын еселей толықтыру ісі үзбей жүргізіледі. Мәселен, 2018 жылы аудандық бюджеттің есебінен 1145,6 миллион теңгеге 1031 дана кітап сатылып алынды. Оған қоса әр жыл сайын облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа әдебиет әлеміндегі татымды, сүйекті дүниелер алынып, қор көлемі молая түсті.
Кітапхана жүйесіндегі елді ынтымаққа бастайтын, асқаралы міндеттер төңірегінде топтастыратын бар жұмыс әлеуметтік желі арқылы көпшілікке жедел таратылып отырылады. Ал ондай игілікті іс мұнда жетерлік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көргеннен кейін кітапхана жүйесі жергілікті тұрғындар арасында жүйелі жұмыс жүргізген. Әсіресе «Туған жер» жобасы бойынша қолға алынған қыруар жұмыс көпшілік көңілінен шығарлық. Халық өз топырағының құнын біледі, қасиетін қаперінен шығармайды. Өйткені төскейін өздері адал еңбектерімен түлетіп, бар ғұмырын қоғамның байлығына арнап келеді емес пе? Әсіресе Шалқар ауылдық кітапханасында сан ғасыр бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ғажайып әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді насихаттап, оның ішкі мән-маңызын түсіндіруге, қайтадан жарқырата жасандырып, халық кәдесіне жаратуға үлкен ұмтылыс жасалса, Арайлы ауылындағы кітапханада «Атамекен» бағдарламасы бойынша оқырманға ой саларлық мазмұнды жұмыстар өткізілді. Ал «Родина» селосындағы кітапханада «Сиқырлы қылқалам», Оразақ ауылдық кітапханасында «Біздің мұра» айдарларымен әркімнің көкірегіндегі туған жерге деген мөп-мөлдір махаббатты жарқыратып көрсететін сыршыл да сындарлы игілікті істер қолға алынды.
Кітапханалардың мол мүмкіндігі «Қазақстанның киелі жерлері» бағдарламасы шеңберінде қолға алынғандығын атап кетелік. Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевтың жетекшілігімен арнайы экспедиция жасақталды. Жұмыс тобының құрамына тарихшылар мен өлкетанушылар, осы төңіректегі көкірегіне көп сыр жинаған қазыналы қарттар, ақындар мен жазушылар енгізілді. Бұл топ ең алдымен Алтайдан Атырауға дейінгі кең көсілген қазақ даласындағы киелі жерлерге шолу жасаса, кейін өз топырақтарындағы, таяу маңдағы тарихы жерлер төңірегінде әрқилы деректерді жинастырып, байтақ даланың бар болмысын, қисапсыз қасиетін замандастардың көкіректеріне құйып беру бағытында бағалы істер атқарды.
Сөз арасында халыққа осыншалықты қызмет көрсетіп отырған кітапхананың мүмкіндігін салмақтай-саралау үшін материалдық-техникалық базасын да айта кетелік. Мәселен, аудандық орталық кітапхананың кең де жарық оқу залы бар. Кітап қоры 20 000 данадан астам. 2018 жылы 1200 оқырманға қызмет көрсеткен. Кітапхана төрінде «Рухани жаңғыру» мүйісі тұр.
Кітапхана қызметінің бір көрсеткіші – оқырмандар саны екендігі белгілі. Бұл арада тәп-тәуір өсім бар. Сөзімізді тірілту үшін дерек келтіре кетелік. Мәселен, 2018 жылы оқырмандар саны 1633-ке көбейген. Кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 2854 адамға ұлғайған. Бір жүйедегі 13 кітапхананың кітап қоры 155132-ге жеткен. Оның 50636-сы мемлекеттік тілдегі кітаптар.
Қорыта айтқанда, аудандағы кітапханалар жүйесі кітап – білімнің кені екендігін, ал өз ордалары жасампаздықты жырлайтын жер екендігін дәлелдеп-ақ келеді.
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы