Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековті елдің Тәуелсіздігі күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қазақстан Президенті құттықтау жеделхатында Қырғызстанның өз егемендігі жылдарында ауқымды жаңғыру жолынан өтіп, мемлекет құру ісінде зор жетістіктерге жеткенін атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан мен Бішкек арасында қалыптасқан көпғасырлық достық, көршілестік және өзара сенім сипатындағы іс-қимылдарды Қазақстан тарапы жоғары бағалайтынына ерекше мән берді.
«Біздің елдеріміздің арасында орнаған ашық және тұрақты саяси диалог алдағы уақытта да қазақ-қырғыз қатынастарының стратегиялық серіктестік және өзара қолдау рухында жан-жақты нығая беруіне ықпал етеді деп сенемін», - делінген жеделхатта.