Бүгін еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырауға арналған салтанатты жиын өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Білім министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан мектептеріндегі алғашқы қоңырау жексенбі күні 1 қыркүйекте соғылады. Алғашқы қоңыраудан кейін республика мектептерінде сабақ өткізілмейді. Дүйсенбі – 2 қыркүйектен бастап, сабақ белгіленген кестеге сәйкес өткізіледі.
Биыл елімізде алғаш рет 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттайды.
2019-2020 оқу жылында республикада 7 мыңнан астам мемлекеттік мектептерінде 3 млн-нан астам оқушы оқуын жалғастырады. Алғаш рет 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттайды. Білім күні оқушыларды 300 мыңға жуық педагог қарсы алады. 10 мыңнан астам жас педагог кәсіби қызметке кіріседі.
Сондай-ақ, биыл Нұр-Сұлтан қаласында 24 мың бала бірінші сыныпқа барады. Сегіз мектеп үш ауысыммен жұмыс істейтін болады. Статистикаға сүйенсе, елорда халқы жылдам өсіп келе жатыр. Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2008 жылы қалада 73 мектеп, 75 мың оқушы болған екен. Биыл жаңадан салынып жатқан мектептерді қосқанда қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда 111 мектеп болады. Оған 183 мың оқушы келді. Тек бір жылмен салыстырар болсақ, былтыр 1-сыныпқа 18 мың оқушы барған, ал биыл – 24 мың оқушы. Ал өткен оқу жылын 6 мың оқушы бітірді. Ал олардың орнына төрт есе көп оқушы келген.
Облыс әкімдері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, барлық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де мектеп линейкаларына қатысуы жоспарланған.