• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Қыркүйек, 2019

Жаңартылған білім мазмұны сапаға ықпал ете ала ма?

1690 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Тамыз кеңесінде 2021 жылы еліміздегі мектептерді жаңартылған білім беру мазмұнына көшіру толық тәмамдалатыны айтылды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аталған жиындағы баяндамасында биыл 4, 9, 10-сыныптардың осы жүйеге көшірілетінін, ал келесі жылы тек 11-сыныптар қалатынын мәлімдеген еді. Мазмұн толық жаңартылады дейік, бірақ бұл сапаны жаңа деңгейге шығара ала ма?

Елбасы Н.Назарбаев 2017 жылы 27 мамырдағы дербес білім беру ұйым­да­ры­ның Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысында еліміздегі жалпы білім беру мектептерінің жаңартылған бағдарламаға көшірілуін білім сала­сын­да­ғы соңғы рефор­маға балаған болатын. Ал осы ре­фор­маны жүзеге асыруда Назарбаев зият­кер­лік мектептерінің (бұдан әрі – НЗМ) жүйесі негізге алынатыны айтылып, НЗМ тәжірибесін 2020 жылға дейін тарату бо­йынша іс-әрекеттер жоспары да бекітілген еді. Реформадан көз ашпайтын білім саласында өзгерістердің соңғы салмағын еңсеру күтіп тұрғаны көңіл қуантары анық. Десе де, бұл іс қалай болмақ? Зият­керлік мектептің жүйесі жалпы мек­тепке сәйкес келе ме? Жаңартылған бағ­дар­ла­ма­ның ескіден не айырмасы бар?

 

Оқушы өзін өзі бағалайды

Елордадағы №69 мектеп-гимна­зия­­сының бастауыш сынып мұғалімі Алтын­бек Мұқышев бастауыш сыныпты жаңар­тылған бағдарламамен 4 жыл бойы оқытты. Мұғалім сыныбын апробациядан өткізу кезінде оқу бағдарламасын, оқу-әдістемелік кешенін және оқулықтарды сараптағанын айтады. Басты ерекшелік – бағалау. Бұрын оқушыны мұғалім ғана бағаласа, жаңартылған білім мазмұны бойынша оқушы өзін өзі бағалайды. Бағалау жүйесінің артықшылығы баланың ойлау қабілетін арттырып, ғылыммен айналысуға ынтасын туғызады. Ал пән мазмұны спираль түрінде беріледі, бұл қарапайымнан күрделіге қарай жүру деген сөз. Ескі бағдарлама бойынша оқушы бір тақырыпты бірнеше рет қайталап оқиды, ал мұнда бір тақырып әртүрлі деңгейде қайталанады: кейде бір тоқсан аясында, кейде әр тоқсанда. Әр қайталанған сайын күрделілігі арта түсіп, тереңдетіле оқы­тылады. Жаңа білім алдыңғы білім­мен тығыз байланыста болады», дейді А.Мұқышев. Оның айтуынша, жаңартылған білім бағдарламасының тағы бір ерекшелігі – ортақ тақырыппен оқытылатынында. Мәселен, әдебиет сабағында «Өзім туралы» ортақ тақырыбы болса, сол тақырып төңірегіндегі тапсырмалар математикада, қазақ тілінде, ағылшын тілінде де болады. Бағдарламада оқушылардың сын тұрғысынан ойлау, өз бетінше тұжырым жасау, қорытынды ойын айту, мәселесін өзі шешу, пікірталас жүргізу, көзқарасын білдіру, басқалармен қарым-қатынас орната білу, тәжірибелік жұмыспен айналысу, топтық және жеке жұмыс істеу дағдылары қалыптасады. «Бұдан бөлек, бізде жаратылыстану де­ген жаңа пән болды. Бұрын бұл бас­тауыш сыныптарға енгізілмеген, тек дүниетанумен шектелді. Жаратылыстану бала­ларды қатты қызықтырады, себебі олар өздері тәжірибе жасайды. Оқушылар осы ар­қылы айналадағы заттарды қолмен ұстап, қасиеттерін біліп, құпиясын ашады», дейді бастауыш сынып мұғалімі.

 

Жаңа бағдарламаның жақсылығы

Жаңартылған білім бағдарламасын сынақтан өткізген мұғалімнің ойын осы жүйе­мен біраз уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан маман 9 жылдық тә­жіри­бесіне сүйеніп толықтырады. Елор­да­дағы НЗМ-де химия пәнінен сабақ беретін Қарлығаш Оралбаеваның ойынша, бағдарлама бала білімін өз өмірінде қол­дануына ықпал етеді. «Өйткені бұл күн­делікті тіршілікпен тікелей байланыс­ты. Оның маңызы да осында. Ескі бағдар­ла­мамен оқытатын жай мектепте бес жыл істедім. Сонда оқушыларым 10 есеп шы­ғар­са, сол күні керемет сабақ өттім деп, қуанып қайтатынмын. Ал бірақ осы 10 есеп баланың өміріне керек емес қой. Жаңа бағдарламада күкірт қышқылын өтсем, сабақты «Күкірт қышқылы аккуму­ляторға құйылады» деп бастаймын. Жаңа бағдар­ламаның кереметі – белгі­лі бір нәрсе­нің өмірде не үшін керек екеніне жауап іздейтінінде», дейді Қ.Оралбаева. Ол жоғарыдағы әріптесінің пікірін қос­тап, тәжірибе жүргізуге көп көңіл бөлінетінінің бір айғағы ретінде бұрынғы бағдарламада зертханалық жұмыстарға 3 сағат, жаңа бағдарламада 8 сағат бөлін­ге­нін атап өтті. Бір қызығы, жаңа тақырып өтілместен бұрын тәжірибе жұмысы жүр­гі­зіледі. Содан кейін барып «Неге бұлай болды?» деген сауалға бала жауап іздейді. Бұл оқушыны өз бетінше ізденуге, зерттеуге жетелейді.

Еліміздегі жалпы білім беретін мектептерге ішінара бейімделе енгізіліп жатқан НЗМ-нің оқыту жүйесі әу баста Кембридж бағдарламасына негізделіп, біздің мемлекеттік бағдарламаға сүйеніп әзірленген. Бұл бойынша білім алатын оқушы 10 жыл ішінде мектеп бағ­дар­ла­масын тауысады, 11, 12 сыныптарда таңдаған мамандығы бойынша оқиды. Таң­даулы пәндер аптасына 6 сағат ағыл­шын тілінде оқытылады. Былтыр енгі­зіл­ген бір жаңалық, бұл жүйе бойынша білім алған мектеп түлектері соңғы емтиханнан Кембридж сертификатын алса, отандық университеттердің бірден 2-ші курсына қабылдана алады. Себебі бұл жүйе халықаралық стандарттарға сай.

 

Ата-аналар «Баға қайда?» деп шулады

Адам жақсылыққа, жайлылыққа жыл­дам бой үйретеді. Жаңартылған бағ­дар­лама нәтижелі әрі тиімді болса, біз сауал­дама жүргізген мұғалімдер неге қина­лады? Мәселенің мәнісін енгізілген жаңа­лықты алғашқылардың бірі болып сынақ­тан өткізген А.Мұқышев бұлыңғыр бағыт­ты бастау әрдайым оңай болмайтыны­мен түсіндіреді:

– Бұл жүйені бастаған кезде бізге тұман секілді болды. «Бұл неғылған бағдарлама? Үйренген жүйеміз жақсы еді...» деген көзқараста болдық. Әр нәрсені бастау қиын ғой. Ата-аналар да «Баға қайда?» деп шулады. НЗМ-нің мұға­лімдері мен Ы. Алтынсарин атын­да­ғы Ұлттық білім академиясының қыз­мет­керлері, педагогикалық шеберлік орта­лық­тарының тренерлерімен тығыз байланыста жұмыс істеу арқылы алдағы тұман сейіле бастады. Тиімділігін түсіндік, ата-аналарға түсіндірдік. Бірақ олар оң көзқарасын бірден білдірген жоқ», дей­ді ол. Айтуынша, бір ата-ана ұлының басқа мектепте 4-сыныпты тәмамдаған туы­сының баласымен өзара әңгімесінен екеуі­нің қабылдауы, көзқарасы мен әрекетіндегі едәуір айырмашылықты байқағанын ерекше қуанышпен жеткізіпті. Ұлы «Не себепті? Не үшін бұлай болды?» деп, әр сөзін, әрбір әрекетін дәлелдеп отырады екен. Досынан да әрбір ісінің себебін түсіндіруді талап ететін көрінеді. Байқасақ, тек төртінші жылы ғана осындай көзқарас қалыптасып отыр.

 

Сан емес, сапа керек

Ата-аналардың жүйеге деген ойы өзгеріпті, 4 жылдан кейін болса да оң көзқарасын білдіріпті. Бірақ шынында солай ма? Ата-ана Ерлан Жұрынбаев екі түрлі бағдарламамен оқитын балаларын салыстыра отырып, жаңартылған білім мазмұнына негізделген НЗМ-нің оқыту жүйесін қарапайым мектептерге енгізудің дұрыс екенін пайымдаған. «Үлкен қызым жаңартылған бағдарламамен НЗМ-де, онан кейінгі ұлым бұрынғы бағдарламамен мектеп-лицейде оқиды. Екі жүйенің де жемісі менің көз алдымда. НЗМ-нің түлектері білімінің сапалы екенін тек тестілеуде жоғары балл алумен ғана емес, әлемдегі үздік оқу орындарының студенті атанумен де дәлелдеп жүр. Қызметте де қабілетті келетініне көзім жетті. Себебі бұл бағдарламамен оқу бітіргендерді жұмысқа қабылдадым. Сондықтан осы жүйені тездетіп енгізу қажет», дейді ата-ана. Өкінішке қарай, елімізде үш ауысымды, әр сыныпта 35 балаға дейін оқытып жатқан мектептер бар. Ал жаңа жүйені мұндай жағдаймен әрі қарай алып кету қиынға соғады. НЗМ-де бір сыныпта 20 баладан аспайды. Қарапайым мектептердің материалдық жағдайы әлдеқайда төмен. Және бір ескеретіні, НЗМ-де дарынды, көп ішінен іріктелген балалар оқиды, оларға бағыт-бағдар беріп қана түсіндіреді. Ал қарапайым мектептерде бұл әдісті алып кете алмайтын оқушылар бар. Сол себепті алдымен бір сыныптан ашып, келесі жылы тағы бірнешеуін қосып, бірден емес, біртіндеп енгізу керек. Расымен, жаңа жүйені енгізуде, жаңартылған бағдарламамен барлық баланың қамтылуын сан емес, сапа тұрғысынан 100 пайызға жеткізу дәл жоспарда көрсетілгендей болмайын деп тұр.

 

1-сыныптан бастап осы жүйемен жүрсек, еш қиындық болмас еді

Иә, бәрі болашақ үшін жасалып отыр. Ал келешегіміз қабылдамаған жүйенің жемісінен не қайыр? Ең асылы, осыны білмекке бел будық. 10-сыныпқа өткен Ақжан Мұхитқызы алғашында бұл жүйеге көшу қиын болғанын айтады. «Мен жаңа жүйедегі НЗМ-де оқитыныма 4 жылға жуықтады. Бізге бұрын журналға күнделікті баға қойып отыратын, жаңартылған бағдарламада бұл басқаша. Бастапқы кезде осы маған қисынсыз көрінді, көпке дейін үйрене алмадым. Ал қазір мұғалімнің әрбір сөзі мені бағалау, үйрету екенін түсінемін. Әр бөлім біткенде жазбаша қорытынды сынақ тапсырамыз, оның көрсеткіші өзгермейді, сондықтан жақсылап дайындалу керек. Егер біз 1-сыныптан бастап осы жүйемен жүрсек, еш қиындық болмас еді. Әйтпесе, екі мектептегі мұғалімдердің арасында аса айырмашылық жоқ», дейді оқушы. Оның айтуынша, бұрын грамматика, лексика бойынша ғана оқытса, қазір барлық пәнде оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым дағдыларын дамытуға көңіл бөлінген. Бұл оқушыларды жан-жақты жетілдіреді. «Маған ұнағаны – 7-сыныптан бастап роботтехниканың өтетіні. Мұнда информатика мұғалімдері бұрын білмеген бағдарламалауды, робот құрастыруды үйретті. 10-сыныптан бас­тап өзіміз таңдаған пәндерді ағылшын тілінде оқимыз. Менің ағылшыншам жақсы, дегенмен терминдерді тағы да қайталау керек. Бұл маған халықаралық деңгейдегі маман болуыма көмектеседі. Болашақта нанотехнолог мамандығын таңдаймын. Ғалымдардың болжауынша, 30-шы жылдары, яғни мен университетті бітірген уақытта осы сала қарқынды дамиды. Адам бойындағы қатерлі ісік ауру­ларын емдеуді зерттейтін биология, медицинадағы нанотехнологияға сұраныс артады», дейді болашағын бүгіннен бағдарлап қойған Ақжан қыз.

Білім беруді және ғылымды дамы­ту­дың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2020 жылға дейін жаңартылған білім беру мазмұнымен қамтылған балалардың үлесін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Жаңа жүйе сапалы орта білім беруге тең қол жеткізуді қамтамасыз ету, зияткер, дене бітімі және рухани жағынан дамыған, табысты азаматты қалыптастыруды көздейді. Мақсат – анық, меже – белгілі. Мәселе – оған қалай, қандай нәтижемен жететінімізде. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегенді айтқан қазақ, тағы бірде «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді.