Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлерді тіркеу бірінші қыркүйекте басталатыны мәлім болды.
Жиынға қатысқан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, Президенттік жастар кадрлық резервін іріктеудің ақпараттық жүйесін жасаушы Дана Джакупова өздерінің кадрлық резерв комиссиясының мүшелері екенін де хабарлады. Анар Жайылғанованың айтуынша, кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, 35 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының жоғары білімді азаматы үміткер бола алады. Өтініш білдірушінің елде болуы шарт емес. Яғни, шетелдегі жастарымыздың да бағын сынауға мүмкіндігі бар.
Тіркеу онлайн платформада жүргізілмек. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуде үміткерлер алдымен тестен өтіп, эссе жазады. Бұл қатысушылардың ой-өрісін, жазу қабілетін, ақпаратты сараптай алуы мен жеке қасиеттерін бағалауға мүмкіндік береді. Алғашқы кезеңнен сүрінбей өткендер бейнежазбалар арқылы өз жобаларын қорғайды. Жобалардың әлеуметтік маңызы болуы шарт. Әр кезеңнің бағасы есепке алынып, үміткерге орташа ұпай қойылады. Озып шыққандармен эксперттік комиссия жеке кездесу өткізеді. Ең көп балл жинаған қатысушылардың кандидатурасы Президенттің жастар кадрлық резервінің Ұлттық комиссиясының отырысында белгілі болады.
Үміткерлерді іріктеу жүйесінде халықаралық стандарттар пайдаланылады. Яғни, комиссия қатысушының аты-жөнін білмейді, тек арнайы код арқылы таңдайды. Ол сандар әр кезеңде ауысып отырады. Анар Жайылғанова үміткерлерге қазірден сенімнің мол екенін атап өтті. «Президенттік жастар кадрлық резервін құрудағы басты мақсат – жастар үшін тиімді әрі ашық әлеуметтік лифт құру екенін атап өткім келеді. Бұл азаматтарға зор үміт артылып отыр. Олар алдағы реформалардың қозғаушы күші болуы керек. Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу ережесі мен тәртібі Президент Жарлығымен реттелді», деді ол.
Конкурстың негізгі кезеңдері биылғы қазанда өтеді. Алғашқы тестілеу 12 қазанға белгіленген. Ақпаратқа сүйенсек, әр кезең тапсырмасының орындалу уақыты шектеулі. Жеке сұхбаттар қарашаның соңына жоспарланған. Ал Ұлттық комиссияның отырысы 25 желтоқсанда өтеді. Яғни, үздік жастар 2020 жылдан бастап жаңа қызметтеріне кірісе алмақ.
Президенттік жастар кадрлық резервін іріктеудің ақпараттық жүйесін жасаушы Дана Джакупова үміткерлердің тізімі мен олар туралы ақпарат барлығына ашық болатынын айтты. Тіпті азаматтарымыздың қатысушы туралы пікір қалдыруға да мүмкіндігі болады.
Комиссия мүшелері конкурстың әділ өтуін бақылау үшін қоғам белсенділерінің шақырылатынын хабарлады.