• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қыркүйек, 2019

Халықпен үнқатысуға әзір екенін көрсетті

171 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында еліміздегі маңызды деген саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелер көтерілді. Бұл тұрғыда Президент жаңа реформалардың тек реформа жасау үшін ғана емес, нақты нәтиже үшін жасалуы керектігін баса айтты. Және жаңа бастамалардың көшеде емес, Парламент қабырғасында қаралуы керектігіне тоқталды.

Бүгінгі таңда азаматтардың саяси сауаты артқаны, қоғамда пікір алуандығы пайда болғаны байқалып отыр. Мемлекет басшысы осы орайда түрлі пікірлерге ашық, мәселені қоғам болып талқылауға дайын екендігін білдірді. Қазір елімізде әлеуметтік мәселелер бар, проблеманы жасырудың жөні жоқ. «Ауруын жасырған өледі» деген бар. Сол себепті, қордаланған мәселелердің шешімі Жолдауда айтылды. Мысалы, азаматтардың зейнетақы жинақтарын пәтер алуға немесе білім алуға пайдалануына рұқсат етуге қатысты Президенттің Үкіметке берген тапсырмасы халықтың қолдауына ие болатыны анық. Бұл бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік берер еді. Сонымен қатар аталған тақырыпты әлі де талқыға салып, қоғаммен ақылдасу керек. Мемлекет басшысының тиісті заңнама бойынша бейбіт митинг өткізуге рұқсат ету керек дегені де биліктің халықпен диалог құруға әзір екенін көрсетті.

Жалпы, бұл Жолдауды тарихи оқиға деуге негіз бар. Президент Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік дамудың жаңа белесіне шыққанын айтты. Тәуелсіздік жылдарында еліміз айтулы белестерді бағындырды. Дегенмен, әлі де атқарылар жұмыстар аз емес. Бұл туралы ашық және әділ айту керек. Өзімізге өзіміз өткір сауалдар қойып, ақылға қонымды жауап таба алғанымыз жөн.

Жаңа кезең Үкіметтен жаңаша жолды талап етеді. Бүгінге дейін Үкімет халық үшін не қажет екенін жақсы біледі деген пікір басым болып келді. Мұндай жағдай барлық мемлекеттің басынан өткен. Қазір ұлт болып ұйысып, бірлесе жұмыс істейтін уақыт келді.

Ерлан Саиров,

әлеуметтанушы