Азаматтық авиация академиясы халықаралық талаптарға сай келетін білікті ұшқыштарды даярлауға қауқарсыз. Бұл туралы Салалық біліктілік шеңберін және кәсіптік стандарттарды әзірлеу мәселелері бойынша біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтылды. Сол себепті отандық әуе компаниялары авиация мамандарын шетелдерде оқытуға мәжбүр.
Ұлттық кеңес отырысында мұндай сынды Air Astana компаниясының өкілі Евгения Ни жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда ұшқыштардың кәсіби біліктілігін арттыратын оқыту орталықтары жоқтың қасы. Бар орталықтардың деңгейі Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сай келмейді. Сондықтан әуе компаниялары қаржылай салмақ түсірсе де авиация кадрларын сыртта дайындап жүр. Өйткені нарықтағы орнынан айырылуды ешкім қаламайтыны анық.
– Бүгінде Air Astana барлық қажетті мамандарды өз есебінен дайындайды. Олардың қатарында ұшқыш, инженер, бортсерік және басқа да мамандар бар. Өкінішке қарай, Азаматтық авиация академиясының түлектері біздің талаптарымызға сай келмейді. Себебі біздің компания Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандартымен жұмыс істейді. Сәйкесінше осы стандарт негізінде қажетті мамандарды өзімізге дайындауға тура келді. Осылайша авиациялық оқыту орталығын аштық. Қазір онда басқа әуе компанияларының ұшқыштары да білімдерін жетілдіріп жүр. Осы ретте мемлекеттік және жекеменшік білім беру мекемелерінің айырмашылығына тоқталғым келеді. Мәселен, жекелеген оқыту орталықтары бүгінгі заманның сұранысына сай икемделе біледі. Ал мемлекеттік білім беру ұйымдары жайлы айту қиын. Азаматтық авиация ұшқышы атану үшін жоғары білімді куәландыратын құжаттың керегі шамалы. Қазір барлығы лицензиямен жұмыс істейді. Сондықтан компания өз қаражатына ұшқыштарды Еуропаның оқу орындарына жіберуге мәжбүр. Бұған қомақты ақша жұмсалады, – дейді Air Astana компаниясының персоналды басқару және әкімшілік сұрақтар жөніндегі вице-президенті Е.Ни.
Ол бір ұшқышты дайындауға шамамен 80-100 мың АҚШ доллары жұмсалатынын айтып, болашақ авиаторларды дайындауда бірыңғай стандарттар енгізілсе деген ұсынысын жеткізді. Әуе ұйымының өкілі еліміздегі 450 ұшқыштың 350-і қазақстандық маман екенін айтты.
Сонымен Азаматтық авиация академиясы бола тұра неліктен ұшқыштар басқа елде білімін шыңдауға мәжбүр? Бұл сұрақты Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев аталған білім ордасының жуырда тағайындалған ректоры Бекен Сейдахметовке төтесінен қойды.
– Ол үшін еуропалық талаптарға сәйкес оқыту орталығын құруымыз қажет. Сол секілді білікті нұсқаушылар мен ұшқыштарды осы іске тартып, оқу-жаттығу базасын жолға қою керек. Әуе кемелерін алдық. Аэродромды реттеу жұмыстары аяқталуға жақын. Енді ең бастысы, кадр мәселесін шешу қажет. Өйткені сертификатталған нұсқаушылар және ұшқыштар тапшылығы байқалып отыр. Еуропалық стандарттарға сай болмауымыздың себебі осында жатыр, – деді Б.Сейдахметов.