• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 04 Қыркүйек, 2019

Жолдауды іске асырудың жалпыұлттық жоспары

270 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру шаралары қаралды. Жолдаудың басты бес бағытын орындау жолдары анықталды.

Мемлекеттік холдингтердің тиімділігі тексеріледі

Бюджеттік-қаржылық бағыт бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы ми­­нистрі Әлихан Смайылов баян­дады.

Президент Жолдауында 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнім­нің жыл сайынғы өсімін кемін­де 5%  деңгейде тұрақты қамта­ма­сыз етуге мүм­кіндік беретін құры­лымдық өзгерістерді іске асыру қажеттігі айтылған еді. Ә.Смайы­лов бұл үшін экономи­каны әртараптандыру жөнін­дегі жұмыс жалғасатынын, мемле­кеттік органдардың да, квазимем­лекеттік сектордың да қызметіне функционалдық талдау жүргізу жанданатынын айтты. Сондай-ақ қазақстандық және шетелдік сарапшылардың зерттеулері мұқият талданбақ.

Оның айтуынша, басым мін­дет­тердің бірі – квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыру.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өткен 14 жыл­дағы халықтың әл-ауқатының өсуіне қосқан нақты үлесі баға­ла­натын болады. Үкімет Есеп коми­те­тімен бірге үш айлық мерзім­де мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиім­ділігіне талдау жүргізеді», деп нақтылады Ә.Смайылов.

Жұмыссыздықты азайту жә­не ауыл халқының өмір сүру дең­гейін көтеру шеңберінде Ұлт­тық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Осы жыл­дың соңына дейін микро және ша­ғын бизнес субъектілерін негіз­гі қызметі бойынша үш жыл мер­зімге салық төлеуден босатуға заңнамалық негіз әзірленеді. 2020 жылдың қаңтарынан бастап оларды тексеруге үш жылдық тыйым салу күшіне енеді.

Сонымен қатар Қаржы ми­нис­трлігі мемлекеттік сатып алу мәсе­лелері бойынша заң жобасын әзір­леді, ол да шағын бизнесті ынта­ландыруға бағытталған. Маңызды міндеттердің бірі – бюджеттің және Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру. Осыған байланысты Ұлттық банк­пен бірлесіп ағымдағы жыл­дың соңына дейін Ұлттық қорды ин­вестициялау және пайдалану сапасын арттыруға қатысты нақ­ты ұсыныстар әзірленбек. Қар­жы министрлігі кедендік әкім­ші­лендіруді жақсарту және күшейту жөніндегі кешенді жұмысты жал­ғастырады. Мемлекеттік сатып алу жүйесі де одан әрі жетіл­ді­рілетін болады.

«Аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлері жер­гі­лікті маңызы бар міндеттерді шешуде экономикалық жағынан неғұрлым дербес болуы үшін тиісті заңнамалық актілер қабыл­данады» деді Ә.Смайылов.

Білім сапасы – басты назарда

Білім беру мәселесі бойын­ша Премьер-Министрдің орынба­сары Бердібек Сапарбаев баян­дама жасады. Оның айтуын­ша, 2019 жылдың соңына дейін «Тың­даушы мемлекет» тұжы­рым­­дамасы және азаматтық қоғам­ды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы жасалады. Сон­дай-ақ жыл соңына дейін кә­сіптік диагностика мен оқу­шы­­лардың болашақ маман­ды­ғын таңдау бағдарын ескере оты­рып, орта білім беру бағдарла­ма­ларын әзірлеу жоспарлану­да. Қала мен ауыл арасындағы білім са­пасындағы алшақтықты азайту бойынша шаралар кешені 2020 жылы әзірленеді. Шағын жиын­тықты мектептерді қаржылан­ды­рудың жаңа моделі мен тетігі, «мобильді мұғалім» жобасы жасалады, ұқсас мамандықтар бо­йынша педагогтарды даярлау шаралары енгізіледі.

Ауыл мектептерінде мұға­лім­дердің жұмыс жағдайын жақ­сарту үшін өзгерістер енгізіледі. Үкі­метке дарынды балаларды қолдау картасын әзірлеу, сұра­нысы жоқ мамандарды даярлау жағдайын талдау тапсырылды» деді Б.Сапарбаев.

Зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру мақсатында зейнетақы активтерін инвестициялау тәсілдері 2019 жылдың соңына дейін қайта қарастырылады. Жұ­­мыс істейтін азаматтардың зей­нет­ақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі туралы, сон­дай-ақ бюджеттен тыс әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін (бір­ыңғай әлеуметтік қор құру және бірыңғай әлеуметтік төлемді ен­гізу арқылы) шоғырландыру бо­йынша ұсыныстар дайындау 2020 жылға жоспарланған.

«Балаларды қорғаудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленеді. Осы тұжырымдама бойынша балалар арасындағы қылмыс пен суицид көрсеткішін тө­мендету көзделген. Аталған ба­ғыт­тағы жұмыстар жергілікті би­лік органдарымен бірлесіп жүзе­ге асырылады. Сонымен қатар ба­­ла­лардың жағдайын жақсарту индексі артады» деді Б.Сапарбаев.

Зорлық-зомбылықты бас­тан өткерген балаларды қол­дау үшін өңірлерде балалар орта­­лықтары ашылмақ. Атал­ған тұ­жырымдама аясында әйелдердің құқығын қорғау шаралары да қарастырылатын болады.

Тұрғын үй кезегінің бірыңғай базасы жасалады

Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек тұрғын үй, сумен жабдықтау, көппәтерлі үйлерді күрделі жөндеуден өткізу, автожолдар мен авиабилеттердің қол­жетімділігі мәселелері жө­нін­де баяндады. Қазіргі таңда бас­па­­на алу үшін әкімдіктерде 512 мың­­­ға жуық адам кезекте тұр екен. Биылғы жылдың соңына де­йін Кезекте тұрған адамдардың бірың­ғай республикалық базасы ен­гі­зіледі. «Нұрлы жер» бағдарла­ма­сын іске асыру аясында, бірін­ші кезекте көп балалы отбасы­ларға жалға берілетін баспаналар беріледі.

«Бұл үшін біз 2025 жылға дейін жыл сайын 50 млрд теңге бөлеміз. Жыл сайын 3,7 мың кезекте тұрған әлеуметтік жағынан осал адамдарды сатып алусыз жал­ға берілетін тұрғын үймен қам­та­масыз етуге 32,8 млрд теңге­ден бөлу қарас­ты­рылған. «Ба­қыт­ты отбасы» бағ­дар­ламасы бо­йынша 6 мың несие беруге «Тұр­ғын­үйқұрылысжинақбанкі» ар­қылы үш жылда 50 млрд теңге бөлінеді» деді Ж.Қасымбек.

Жолдауда айтылған мәселе­лер­дің бірі авиабилеттерге қатыс­ты. Тариф құнын түсіру мақ­сатында биылғы мамыр айында алғашқы отандық төмен бюджетті тасымалдаушы «Fly Arystan» жұмысын бастағаны белгілі. Жыл соңында «Fly Arystan» рейстер санын күніне 14-тен 28 жиілікке дейін арттыру жоспарланып отыр.

«Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-мен бірлесіп, Үкімет әуе ке­мелері паркін ұлғайту мақсатында «Эйр Астана» және «Qazaq Air» авиакомпанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлап отыр. Темір жол билеттерінің жетіс­пеушілігінің алдын алу мақ­сатында билеттерді сатуды цифр­ландыру жүргізілуде, билеттерді сату тәртібін реттейтін норма ен­гізілді, темір жол көлігімен жолау­шыларды тасымалдау жүйесін жетілдіру жоспары жасалды», деді Ж.Қасымбек.

Ол «Ауыл – ел бесігі» жоба­сының шеңберінде халықаралық сарапшылармен және өңірлермен бірлесіп ауылдардың әлеуетін анықтаудың жаңа әдістемесі әзірленгенін жеткізді. Соның нәтижесінде даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл іріктелді. Бұл ауылдарда 6,6 млн адам немесе еліміздегі ауыл халқының 85%-ы тұрады. Ағымдағы жылы 30 млрд теңге бөлінді, олар 700 мыңға жуық адам тұратын 53 ауылдың бірінші кезектегі инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге бағытталған.

Премьер-Министрдің орын­басарының айтуынша, Пре­зидент тапсырмасы бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға 2020-2022 жылдары қосымша 90 млрд теңге бөлінетін болады.

Тақырыпты қорытындылаған Премьер-Министр Асқар Ма­мин Мемлекет басшысының Жолдау­ын іске асыруды толығымен қар­жылай қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажеттігін айтты.

«Президент тапсырмаларын орындауға барлық бірінші басшылар дербес жауапты екенін есептеріңізге саламын. Әрбір тапсырманың орындалуы қатаң бақылауға алынып, нақты орындалатын мерзімі белгіленуі қажет. Біз қойылған міндеттерді тиімді атқару үшін үйлесімді жұмыс жүргізуіміз керек», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы 7 қыркүйекке дейін Мемлекет басшысының Жол­дауында алға қойылған мін­дет­терді іске асырудың Жалпы­ұлттық жоспарының жобасын әзірлеуді тапсырды.

Орақ науқанына екпін берілді

Сондай-ақ Үкімет отырысында күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу барысы қаралды. Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.

Жалпы, көктемгі егіс жұмыс­тары мен орақ науқанын қаржы­ландыруға 60 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие, 395 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінген, жанар-жағармай бағасы нарықтағыдан 15 теңгеге арзан. 3,1 млн гектар аумақта ауыл­ша­руашылық дақылдарын өңдеу­ді қолдау үшін 2169 АӨК субъек­тісі қаржыландырылды. С.Ома­ров атап өткендей, «Азық-түлік келі­сімшарт корпорациясы» АҚ 1 млн тоннаға дейін астық сатып алуды жоспарлап отыр. Министрліктің мәліметінше, биыл сапасына қарай астықтың бағасы бір тоннасына – 62 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін барады.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша егін жинау жұмыстары рес­пуб­ликаның барлық өңірлерінде жүргізіліп жатыр. 2019 жылы ауылшаруашылық дақылдары егілген аумақ көлемі – 22,2 млн гектар (2018 жылғыдан 206 мың гектарға артық). Дәнді дақылдар – 15,4 млн гектар (оның 11,4 млн гектары – бидай), майлы дақыл­­дар 2,9 млн гектар алаңға, мақта – 131,1 мың гектарға, қант қызыл­­шасы – 19,6 мың гектарға, бақша да­қылдары – 452,4 мың гектарға, жем-шөп дақылдары – 3,3 млн гек­­тарға егілген. Жамбыл, Түркіс­тан облыстарында дәнді дақыл­дар­ды жинау аяқталуға жақын. Бұл өңірлерде астық түсімі орта есеппен гектарына 19 центнерден айналды. Жалпы, еліміз бойынша 4,5 млн гектар аумақтан дәнді дақыл жиналды. Орташа түсім 11,5 центнерден айналып, 5,2 млн тонна астық бастырылды.

Премьер-Министр Асқар Мамин егін орағын сапалы және уақытында өткізу, бірінші кезекте ауылшаруашылық өндірушілерін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

«Егінді жинап бітуге уақыт аз қалды. Негізгі астықты өңірлерде ауа райы тұрақсыз болып тұр. Сондықтан егінді уақытында жинаумен қатар, жұмысты барын­ша шығынсыз орындау өте ма­ңызды. Жалпы, егін орағы науқа­нының барысы жаман емес. Үкі­мет тарапынан қаржылай және ма­териалдық-техникалық қамта­масыз ету үшін барлық қажетті шешім қабылданды» деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы астық сақ­тау кәсіпорындарының өнімді қой­маға уақтылы қабылдауы қа­жеттігіне және жиналған астықты сақтаудың тиісті шараларын қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.