• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Қыркүйек, 2019

Семилингвизм салдары

382 рет
көрсетілді

Оқу жылын оқушылармен қатар ата-аналар да, ұстаздар қауымы да қуана күтеді деп, жарқын жолдармен бастауымызға болар еді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары оқу жылының қуанышынан гөрі, уайымы басым болып бара жатқандай. Керісінше, ұстаздар мен ата-аналар соңғы қоңырауды асыға күтетінін несіне жасырайық.

Қазір баланы орта мектепте оқытудың азабы туралы ата-аналардың да, ұстаздардың да тарапынан айтылып жатқан әңгіме көп. Біздіңше, оның бір себебі тәуелсіздік жылдарында жүйесіз жүргізілген реформалар онсыз да «Инемен құдық қазғандай» істі одан сайын қиындатып жібергенімен байланысты. Жыл сайын демесек те, бірнеше жыл айналдырып оқыту бағдарламасына енгізіліп жатқан өзгерістер, қайта-қайта жазылып һәм басылып жатқан оқулықтар сол реформалардың «жемісі».

Бір ғана мысал келтірейік. Қателеспесек, 2011-2012 жылдары бастауыш сыныптан бас­тап ағылшын тілін оқыту туралы бастама көтерілді. Көп ұзамай 2013-2014 жылы мектеп табалдырығын аттаған бал­дыр­ғандар шет тілі пәнін оқуға кірісіп кетті. Ата-аналардың қарсылығы, білікті педагогтар, атақты ғалымдар, аузы дуалы деген қаламгерлер айтқан уәлі уәж айдалаға атыл­ған оқтай болды. Сөйтіп сол саладағы атқамінерлердің айтқаны болып, әліпті таяқ деп білмейтін балаларды ағылшынға тіл сындыруға кірісіп кеттік.

Таяуда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы тақырыпқа тоқталғаннан кейін бұл мәселе қайта қаралатын түрі бар.

– Ғылыми-жаратылыстану пәнде­рін ағыл­шын тілінде оқыту білім орталық­тарының кадрлық мүмкіндіктеріне қарай оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асырылуы тиіс. Ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын, – деген болатын Президент.

Шындығында, мемлекеттік тілді меңге­ріп үйренбеген, қазақша ойлау жүйесі қа­лып­таса қоймаған балаға ағылшыншаны тық­палаудың қандай болатынын уақыттың өзі көрсете бас­тады. Қазір балабақша, мектепке барсаңыз, не болмаса ауладағы балдырғандардың ойынына көңіл бөлсеңіз, қойыртпақ тілде сөйлесетінін байқайсыз. Олар ойларын қазақша да, ағылшынша да, орысша да толық жеткізе алмайды. Оның сырын Жапониядағы Цукуба педагогикалық университетінің аға оқытушысы Қуаныш Тастанбекованың Matritca.kz сайтындағы:

– Баланың интеллектуалдық дамуына келер болсақ, шетел тілін, оның грамматикалық құрылымын, логикалық жүйесін, стилис­тикасын, фразеологизмдерін және тағы басқаларын енгізу (бастауыш сыныптан) екі тілді де игеру процесін бұзады. Нәтижесінде семилингвтер – бір тілде ойын жазбаша немесе ауызша жеткізе алмайтын азаматтар пайда болады, – деген пікірінен білуге болады. Яғни, қазіргі әр тілді араластырып сөйлейтін жартыкеш тілді балдырғандар – семилингвизмнің құрбаны.

Қуаныш Тастанбекова Жапонияның мектептерінде ағылшын тілі пәнін енгізу ісі 5 жыл бойы талқыланып, әбден зерттеліп, содан кейін ғана 2014 жылы 5-сыныптан бастап жеке пән ретінде енгізілгенін айтады. Онда да химия, биология, информатика сияқты пәндер ағылшын емес, жапон тілінде жүреді. Мұғалімдерді бірнеше ай ағылшын тілі курсынан өткізіп, енді математиканы ағылшынша өткізесің дейтін біздегі сорақылық жоқ.

Білім және ғылым министрлігі Ұлт­тық білім академиясы әзірлеген 2019-2020 оқу жылындағы жалпы орта білім бере­тін мектептеріндегі оқу процесі туралы әдіс­темелік нұсқау хатпен танысқан едік. Ағылшын тілі пәні 1, 2, 3, 4-сыныптарда аптасына 2 сағаттан оқытылады екен. 1-сыныптағы сауат ашу мен 2, 3, 4-сынып­тардағы қазақ тілі – аптасына 4 сағаттан. Прези­дент Қ.Тоқаевтың сөзінен кейін бұл кесте өзгеретініне күмән жоқ, бірақ оны биыл көрмейміз.

Елімізде 2000-2017 жылдар аралығында мем­лекеттік білім беру стандарты 7 рет өзгеріске түсіпті. Әр өзгеріс сайын оқулықтың мазмұны жаңарып, жаңадан басылып жатады. Дамыған ел ретінде тағы да Жапонияны мысалға келтірсек, бұл елде мемлекеттік білім беру стандарты бірнеше жыл талқыланып, соңғы рет 2010 жылы өзгертіліпті. Бұл өзгеріс IT-технологиялардың дамуы, жаңа коммуникациялық құралдардың пайда болуы сынды уақыттың талабына орай жүргізілген.

Президент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауын­да: «Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді» дегені белгілі. Білім саласында реформа үшін жасалатын реформа енді қайталанбайтын шығар. Әйтпесе, білім алудың қуанышымен қатар, азабы мен уайымы да көбейіп барады.