• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қыркүйек, 2019

Жолдау жүктеген жаңа міндеттер Ақтөбе облыстық активінің басты арқауына айналды

229 рет
көрсетілді

Ақтөбеліктер еліміздің таяу жылдардағы даму бағыттарын тайға таңба басқандай белгілеп берген республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын үлкен серпіліс үстінде талқылауда. Осы орайда сәрсенбінің сәтті күні өткізілген Ақтөбе облыстық активі мүлдем жаңаша форматта болды.

Әдетте бұған дейінгі талқылауларда белгілі бір өңір басшысы баяндама жасап, Жолдауда қойылған тапсырмалар мен міндеттерді тағы бір тізбектеп шығатын еді де, бұл тәсіл Мемлекет Басшысының көшірме сөзіндей әсер қалдыратын. Ал бұл жолы бұлай болмады. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин актив жиналысын ашып, Президенттің Жолдауында айтылған ой-тұжырымдар халықтың көкейінде жүрген мәселелермен ұштасып, үйлесім тапқанына қысқаша тоқталып өтті. Содан соң өңір басшысы активке қатысушылардың өздеріне сөз беріп отырды. Расында да биыл сайланған Қазақстан Президентінің елге жариялаған тұңғыш Жолдауының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақытылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталуы тектен-тек болмаса керек. Тек бір жылға ғана емес, сонымен бірге мемлекетіміздің таяудағы преспективаларына терең талдаулар жасаған Жолдаудың өн бойына табысқа жетудің басты кілті – қоғамдағы тұрақтылық екені өзек болып тартылған.

Жолдаудағы ең басты міндеттердің бірі қоғам мүшелерінің билікке деген сенімін күшейту екендігі де айқын көрінеді. Яғни билік тұрғындар үшін ашық, қолжетімді болған жағдайда ғана ел-жұрттың сеніміне ие бола алады. Облыс активіне қатысушылар Президент Жолдауының осындай ерекшелігіне екпін түсіре сөйледі. Облыс әкімдігінде бұған дейін де небір мәртебелі басқосулар өткізіліп келеді. Алайда соның көпшілігіне ел-жұрт пен тұрғындардың қалың топтары, қоғамдық өмірдің сан алуан салаларында қызмет атқаратын елге сыйлы азаматтар мен еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени қауымдастықтың өкілдері қатынасқан іргелі жиындар бола бермейтіні де жасырын емес.

Ақтөбеде Президент Жолдауын талқылаған актив өткізілген кезде әкімдік ғимаратының 600 орындық үлкен залы халыққа лық толды. Әрі соның дені Жолдауда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерге байланысты өз ой-пікірлерін толықайтып жеткізуге мүмкіндік алды. Әрине бұл арада Жолдауды талқылауға байланысты ортаға тастайтын ой-пікірлерін алдын-ала жүйелеп келген спикерлердің болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бір есептен осылай болуы қажет те. Бұл ретте Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Амангелді Есіркепов пен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ерденбековтің және Ырғыз ауданындағы «Наурыз -Сим» ЖШС-нің директоры Ибрагим Сәрсенбаевтің Жолдауда қойылған міндеттерді іске асыруға байланысты қозғаған ой-пікірлері көпшіліктің ойын дөп басқанын айтуға тиіспіз.

Бұған қоса актив мәжілісінде алдын-ала жарыссөзге жазылмаса да өз ұсыныс-тілектерін ашық білдірген тұрғындар да көп болды. Мұны Президент Жолдауының басты тақырыбына айналған сындарлы қоғамдық диалогтың бір көрінісі деп қабылдағанымыз жөн секілді. Айталық қоғам белсендісі Жайылбай Естай Президент айшықтаған «Күшті Президент –ықпалды Парламент –есеп беретін Үкімет» ұстанымына байланысты өз ой-пікірін ортаға тастады. Ол аталған үш тұғырды халық пен билік арасындағы байланысты тереңдетуге ықпалын тигізе алатын таптырмас тетік деп есептейді. Алдымызда Парламент және мәслихат депутаттарының сайлауы жақындап келеді. Осы жауапты саяси науқанның қарсаңында сайлау комиссияларының құрамын өзгергенін қалаймыз. Бұл әділетті сайлау өткізудің басты жолдарының бірі деді ол бұдан әрі. Сондай-ақ Ж.Естай жердің шетелдіктерге сатылмайтыны, бұған жол берілмейтіні жөніндегі Президент тұжырымын қолдайтынын жеткізді. Сонымен бірге шешен дәл осы мәселе алдағы кезде тиісті нормативтік-құқықтық актілермен шегенделсе, тіптен оң болатынын алға тартты.

Бұдан кейінгі кезекте тәуелсіз эколог Ізімғали Көбенов Президенттің экологялық ахуалды жақсарту мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жұмыстарды жандандыруға қатысты тұжырымын толық қуаттайтынын айта келіп, зиянды қалдықтар шығаратын шетелдік басқарушылардың, соның ішінде қытайлықтардың басқаруындағы кәсіпорындардың бір өлкеге көбірек шоғырлануы дұрыс емес екеніне екпін түсірді. Мысалы Ақтөбе өңірінде осындай жағдай қалыптасып отыр деді ол. 

Өңірдегі шығармашылық тұлғалардың бірі ақын Гүлімай Қуанышева мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге байланысты Президент сөзі ең біріншіден мемлекет құраушы ұлтқа үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Бұдан әрі ол белгілі бір басқосуларда тек бірыңғай «штаттағы шешендердің» сөйлеуі сүреңсіздікке соқтыратынын, бұл көзқарас баршаға ортақ қоғамлық диалог қағидаттарымен сыйыса бермейтінін айтып берді.

Президент Жолдауында қойылған міндеттер мен тапсырмалар –іске басшылық екені мәлім. Оны тиімді түрде жүзеге асыру үшін Ақтөбе облысында төмендегідей іс-шаралар кешені атқарылмақ. Мемлекет басшысы Жолдауда бюджетаралық қатынастар жүйелерін реформалау қажеттігін алға тартты. Бұл бағытта өңірде бюджет пен оның шығыстарын  қайта қарау қажеттілігі туындап отыр. Біріншіден оның шығыс бөлігі әлеуметтік салаға бағытталғанда ғана тиімді болары анық. Бұған қоса әлеуметтік төлемдер мен жалақының уақытында төлену ісінде де кідірістер жоқ емес.

Ақтөбе секілді іргелі өңірде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтудың қосымша жолдары іздестірілсе  артық болмайды. Облыста тиісті инфрақұрылымдарды жобалау барысында халықтың көп шоғырланған жерлеріне назар аударылып, олардың сұраныстарын зерттеудің маңызы зор. Халықтың талап-тілектері жерде қалмауы үшін қоғам мүшелерімен диалогты тереңдете отырып, бұған үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңестердің әлеуетін пайдалану көзделген. Осы арқылы жергілікті атқарушы органдар Президент Жолдауына іспен жауап беруді көздеп отыр. Актив жиналысының қорытындысы осындай ой түюге негіз қалайды.