Өткен жұмада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыста адам өмірін сақтап қалған түрлі сала мамандары мен жанашыр азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Апаттан кейін қаланы қалпына келтіруге 10 мыңға жуық адам атсалысты. Олардың ішінде 40 азамат Президент қолынан жоғары марапатқа ие болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде тұрғындарды құтқаруға және Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге атсалысқан барлық азаматқа ризашылық білдірді. Президент 24 маусым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалғанын айтып, Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түспегенін айтты.
– Қайғылы жағдай ешкімді бейжай қалдырмады. Арыс қаласын бүкіл ел болып қалпына келтірдік. Бұған Қазақстанның әр тұрғыны үлес қосты. Патриотизм мен шынайы көмектің осындай жарқын үлгісінің негізінде жастарымызды тәрбиелеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта нысандардың 97 пайызын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын, ең алдымен, көп балалы отбасылардың баспаналары қалпына келтірілгенін хабарлады. Білім күні қарсаңында Арыстағы 16 мектепке 12 мың оқушы қабылданды, оның 2 жарым мыңы алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер.
Қазақстан Президенті Арыс оқиғасы халқымыздың қиын-қыстау кездегі бекем бірлігі мен ынтымағын көрсеткенін айтты.
– Шын мәнінде, бүгінгі жиынға қатысып отырған азаматтар – нағыз батырлар. Ал осы залға келе алмағандардың бәрі ордендермен және медальдармен марапатталатын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сын сағатта сабырлық танытып, ерен ерліктің үлгісін көрсете білген азаматтарды Президент ерекше атап өтті.
– Көлік жүргізушісі Асқар Әбдіхалықов «Лидер» балабақшасындағы 70 баланы қатерден құтқарды. Ал медбике Күмісай Тұманова ауруханада емделіп жатқан балаларды қауіпсіз аймаққа жеткізді. Олар сол сәтте өздерінің өміріне де қауіп келерін ойламастан тәуекелге бас тікті. Мен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірген азаматтарға зор ризашылығымды білдіремін. Зардап шеккендерді емдеп, олардың өмірі үшін күрескен дәрігерлерге алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент аға сержант Нұржан Бақтыбайдың ерлігін ерекше атап өтті. Ол өрттің салдарын жою кезінде батыл әрекет етті. Соның арқасында біраз адам аман қалды. Бапкер әрі оқытушы Евгений Хисметов Қарағанды облысынан өз еркімен Арысқа аттанған. Ол бірнеше учаскеде жұмыс істеді. Гуманитарлық көмек таратып, құрылыс жұмыстарын атқарды. Сөйтіп жүздеген еріктімен бірге қаланы қалпына келтіруге өз үлесін қосты.
Жарылыста еңбек еткен әскери қызметкерлер, еріктілер, балабақша қызметкерлері ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Құрмет» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен, медицина қызметкерлері «Шапағат» медалімен марапатталды.