Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы басым бағыттар елдегі әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешім табуына жол ашады. Бұл туралы кеше Еуразиялық интеграция институты сарапшылары бас қосқан жиында кеңінен сөз болды.
Жиында айтылғандай, Президенттің алғашқы Жолдауы сарапшылар қауымының ғана емес, қалың бұқараның арасында да зор қызығушылық тудырды. Баяндамашылар Жолдауда стратегиялық, экономикалық, саяси даму векторлардың қамтылуын кеңінен әңгімелеп, басым бағыттарға тоқталды. Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары Дарханбек Жұманғалиевтің айтуынша, Жолдауда ел дамуы үшін аса маңызды көкейкесті мәселелерді қамтып, оның шешу жолдарын айқын көрсетті. Сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органға нақты тапсырмалар берілді. Жиында сөз алған PhD докторы Дәурен Базаров 90-шы жылдары қабылданған құжаттарда тәуелсіздік, елдік, тіл мәселесі көтерілсе, одан кейін біртіндеп елдегі әлеуметтік мәселелер назарға алынғанын, ал кешегі Жолдауда басымдық беріліп отырған маңызды салалардың ішінде адам капиталын дамыту, құқық қорғау салаларына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
− Әлемдегі дамыған елдердің үлгісін алар болсақ, адами құндылықтардың жолға қойылғанын көреміз. Мысалы, кешегі Жолдауда қамтылған бейбіт, рұқсат етілген митингтерді ұйымдастыру Батыс елдерінде қалыпты үдеріс. Сонымен қатар жұмыс режімінің қалыптасуы, соған сай жалақы төленуі, еңбек қабілетінің дұрыс бағалануы сынды оң тәжірибелердің енгізілуі міндеттеліп отыр. Бұған қоса, әлеуметтік, саяси, идеологиялық бағыттар да Жолдауда жан-жақты қамтылған, – деді сарапшы.
Жиналғандар Президент бастамаларының орындалуы үшін құзырлы органдар ғана емес, қоғам болып жаппай атсалысу керектігін жеткізді.