• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қыркүйек, 2019

Айғайшыл азшылық «диктатурасы»

980 рет
көрсетілді

«Қытайға зауыт салдырмаймыз!», «Отан сатылмайды!» Соңғы кезде еліміздің жекелеген қалаларында – бір жерлерде ондаған, енді бір кенттерде жүздеген кісі осындай ұрандар көтеріп шыққаны белгілі. Қытайға қарсы шеруге шыққандар нендей уәж айтады? Қандай нақты, бұлтартпас фактілерге сүйенеді? Қолдарында дәйекті, сенімді сараптама бар ма? Әлде құр даурықпа, қауесет пе?

Желіде тараған бейнежазбаларды мұқият қарасаңыз, ешқандай дә­лел, бұлтартпас дәйек байқамайсыз. Қытайдың 55 зауыты салынғалы жатыр деп әйтеуір, бей-берекет да­рық­қан кісі­лерді көресіз. Бұл ағайын анық айғақ, дерек айтпағандықтан, көңілде көптеген сұрақтар туындайды:

– Қытайдың нақты қандай кәсіп­орындары туралы айтылып жатыр?

– Олар қай жерде орналасқан, шынымен салынды ма?

– Тіпті салынып қойған жағдайда шеруге шыққандар бұл зауыттарға не себепті қарсы?

Нақты мысал, не бір факт жоқ. Қытай инвести­ция­сының қатысуымен салынатын 55 зауыт туралы бұған дейін бірнеше рет айтылды. Қайта­лап өтейін, Қытай зауыттары емес, Қытай инвестиция­сының қатысуымен салынатын зауыттар. Онда жұмыскерлердің 90 пайызы жергілікті тұрғындардан құралатыны туралы да ескертілді. Бірақ аталған 55 зауыт кеңес дәуіріндегідей көк түтіні будақтап, көкпен таласқан мұржалары, тонналаған құбырлары мен атшапырым аумағы бар алпауыт өндіріс емес, заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтанған шағын кәсіпорындар болады делінген. Айта кетерлігі, әзірге бұл зауыттардың бі­разы салынатын-салынбайтыны әлі белгісіз, меніңше, бизнес арасындағы келісім деңгейінде тұрған шаруа. Осы арада айтпасқа болмайтын тағы бір жағдай бар. Біздің елде жоспар-жобаның әмбесі бірдей жүзеге аса бермейтіндігі, біраз келісімшарттың қағаз бетінде ғана қалып қоятындығы құпия емес. Сондықтан бітпеген іске сыншы болу қаншалықты орынды деген ой келеді.

Оның үстіне Қытай еліміздегі өнді­ріске инвестиция құйып отырған жалғыз мемлекет еместігін де ұмытпаған жөн. Керек десеңіз инвестиция көлемі бо­йынша бұл ел Еуропа, Ресей, АҚШ-тан кейін тұр.

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға Еуропа, Ресей, Америка, Түркия, Үндістан, тағы көптеген елдер инвес­тиция салды. Солардың арқасында ірі кәсіпорындар ашылды. Chevron, ENRC, Siemens сияқты басқа да ірі компаниялар жұмыс істеп жатыр. Одан күйзеліп, зардап шегіп отырмағанымыз және мәлім. Мыңдаған жұмыс орны ашылды, бюджетке құйылатын салық және бар.

Бірақ «көңілсіз құлақ ойға олақ» па, әлде «көп айтса көнді, жұрт айтса болды» синдромы ма, қайсыбіріміз дерекке емес, қауесетке сенуге бейілміз. Біреу «Отанымыз сатылып жатыр!» деп ши шығарса айқайға аттан қосып, дүрмекке ере кететіндер табылады. Ақ­паратты тексеруге құлықсызбыз. Пат­риотизм жақсы қасиет, бірақ оның да өз орны бар. Қазақ «Артық қайрат жанға қас» дейтін, ал аттаншыл, әсіре патриотизмнің арты неге апарып соқ­тыратынын көзге елестетудің өзі қиын.

Патриотизм маргиналдық эмо­цияға емес, білім­ге, сауаттылыққа, әдепке негізделгенде ғана пайдалы. Ра­ционалды ойлау жүйесі деген бар. Қазақы ұғымда – ақылмен іс қылу. Міне, сол ақылмен іс қылу, яғни прагматизм – бүгінгі күрделі заманда көзделуге тиісті бірден-бір бағыт. Жеке мүдде мен ұлттық мүддені тең ұстап, ұтымды идеялардың жетегіне ерсек қанеки?! Сондықтан инвестицияның қайдан келетіні маңызды емес, бас­тысы – елге зиян емес, пайда әкелсе болғаны. Сол себепті де шын патриот, шын ұлтшылға ең керек қасиет – рационалдылық. Дөрекі, арандатқыш адамдардың сөзіне ілесіп, эмоцияға елітуге болмайды. Бірінің сөзін бірі естімей, естігісі де келмей, сөз арасына былапыт қосып, бажалақтаған кейбіреуді көрген кезде Абайдың мына өлең жолдары еріксіз еске түседі:

«Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың».

Біз – тәуелсіз мемлекетпіз, заңдары­мыз бар, басқалардан оқшау, тұйық өмір сүре алмаймыз. Бірақ жер бетіндегі барлық мемлекеттер секілді біз де әлемдік экономикаға тәуелдіміз. Ал Қы­тай әлемдік экономикадан ойып тұрып орын алған алып ел әрі көршіміз. Жаһандық экономикалық интеграция процестерінің біздің елді айналып өтпейтінін түсінген абзал.

Қазақстанның тәуелсіздігін, ұлттық қауіпсіздігін қызғыштай қорығысы келетін, елін, жерін шексіз сүйетін азаматтардың көптігі қуантарлық жайт. Алайда отансүйгіштік деген ұғым тек шеруге шығып, айғай салумен өл­шенбесе керек.

Осындайда ойлайсың, бәлкім қауе­сетке сену менталитетімізде бар шығар? Бізде «ұзынқұлақ» деген, өзімізден өзге жұрт түсіне бермейтін ұғым бар ғой. Аталарымыз «ұзынқұлақтан естідім» деп жататын. Айтпақшы, ешбір сөзі далаға кетпейтін Абай «Өтірік пен өсекке бәйге атындай аңқылдар» деп күйінетін күпілдек пен дүрмекке ергіш ағайын туралы. Дұрыс түсініңіз, мен «ұзынқұлаққа» иланып, көшеге шыққан қарындас қауымның әрекетін ақтап-ақ алғым келеді. Тек айдың-күннің аманында, ақпараттың қолжетімді заманында небәрі 55 зауыт арқылы «қытай экспансиясы» жүзеге асырылады деп алабұртқан қандастарымды жақтамақ түгіл жай ғана түсінуге еш тиянақ таппай қиналып отырған жайым бар.

Өсек пен жорамал – адам санасының өте күшті манипуляторы. Әсіресе ақпа­рат әлеуметтік желілерден, уатсаптан, телеграмнан қым-қиғаш тарап жат­қан дәуірде. Бұрын адамдар газеттен оқығанының бәріне сенетін, енді смартфоннан жеткен хабар атаулыға шүбә келтірмейтін болды. Айтпақшы, қолымыздағы телефонның бәрі дерлік сол Қытайда өндірілетінін айтпай тағы тұра алмаймыз. Өйткені бұл – жер бетінің тұтасқан, ұласқан экономикалық байланыстарының бір ғана айғағы.

Ежелгі Грекияда қоғам мәселелері талқыға түскенде кім қатты айқайласа, соның сөзі дұрыс деп шешіледі екен. Осылайша охлократия дүниеге келді. Оны көбісі демократиямен шатастырады. Бүгінде әлеуметтік желілерде кім хайп жасап, у-шу шығарса, соның айтқаны дұрыс саналады. Яғни, ашық демократия хайпократияға –дауысы қатты шығатын азшылықтың диктатурасына айналды немесе жергілікті нұсқа ретінде у-шу-кратия десек те болады. Көпшілік қауым үнсіз, өйткені беделді азшылықтың сыны мен балағатына ұшыраудан қорқады. Иә, бұл – жедел ақпарат тасқыны қалып­тас­тырған жаңа дәуір, жаңа дүниенің фобиясы, яғни виртуалды өсек-аяң, алдау, троллинг, айыптаудан қорқу.

Бір қызығы, наразылық білдірушілер әкімдерге, бастықтарға жүгінді. Да­мы­ған елдерде олар әкімдер мен шенеу­ніктерге емес, қоғамға жүгінеді. Осы қылықтың өзі біраз нәрседен хабар беріп тұрғандай. Анығын айтқанда, бұл – қоғамдық қолдауға деген сенімнің жетіспеуін немесе бір сәтке болса да, өзін өктем сезінуді айғақтайтын факт. Міне, мен әкімнің өзіне сес көрсеттім, састырдым! Бұл енді – хайпократияның, айғай-сүреңге сүйенген азшылық дик­татурасының жетістігі.

Мұндай жағдайда жұрттың еркін ат төбеліндей азшылық билейді және талап етеді, сөйтіп тобырға манипуляция жасайды. Дәл осы «55 зауыт» шуынан өз басым манипуляцияның классикалық белгісін байқадым. Бұл ретте көкейде бір сауал туады: дәл осы шуды шығару кімге және не үшін керек болды? Міне, суық, зерек ақылдың тезіне салып, пайымдайтын күдік – осы.

Қалай дегенмен, оқиға жаңадан сайланған Президент Тоқаевтың Қы­тайға алғашқы және маңызды сапарымен тұспа-тұс келді. Мұны бекер дей алмасақ керек. Синофобия болсын не­месе жалпы ксенофобия, кез келген басқа этнос алдындағы қорқыныш пен жеккөрініш болсын, ол қазаққа тән мінез емес.

Айтпақшы, Президент осы мәселеге қатысты жауап беріп те үлгерді:

Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің 55 ес­кі зауыты көшіріледі, мыңдаған ше­т­­елдік жұмыскерлер тартылады екен деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Өздерінің көз­деген мақсаттарына жету үшін жұрттың патриоттық сезімдерін сәтті пайдалана білетін ойы бұзық адамдар осындай алып-қашпа әңгімелерді шығарып жүр. Биліктің міндеті – қо­ғаммен диалог жүргізу арқылы мем­лекеттік саясаттың мақсатын түсін­діру», деп атап өтті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысында. Президенттің пікірінше, «мұндай манипуляциялар геосаясаттың бір бөлігі, оның мақсаты – халық арасына іріткі салу және Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру».

Өкінішке қарай, адамдар хайпқа ереді. Қай елде, қай ұлтқа жататыны маңызды емес. Ақыр соңында, кез келген эмоция бірде бірге өтіп, тобырлық санаға ауысады. Эмоциялық толқулар адам санасын аяқастынан жаулап алады. Психологиялық бұл құбылыстың алдын алу қиын. Сондықтан мұндай жағдайда эмоцияға бой алдырған адамдарды надан деп күстаналау да қате, отқа май құятын әрекет. Көпке еру, эмо­циялық ауанға елігу – адамның та­би­ғатына тән құбылыс.

Осы күнге дейін түрлі бұқаралық іс-шараларда, әлем жұлдыздарының концерттерінде жаппай у-шудан бастап, діни ғибадат пен «түсті төңке­рістерге» дейін куә болдым. Эмоцияға берілген адам шындықты қабылдай алмайды. Оған әлемде тек бір шындық, өзі сенетін «ақиқат» қана бар. Мұндай кезде дә­лелдер мен нақты фактілер көмектесе алмайды. Билік өкілдері шерушілерге не болып жатқанын түсіндіруге тырысып бағады, бірақ ешкім оларға құлақ аспайды.

Белсенді азшылықтың эмоционалды дүрбелеңін тудыратын дақпырттың үш түрі бар – «естігісі келетін сыбыс, яғни көңілден шығатын өсек», «үрейлі дақпырт» және «агрессивті дақпырт». Мұның бәрі әлемде әлмисақтан бар, ал бүгін осы құбылыс эпидемиялық сипатқа ие, өйткені жаңа медиа мен коммуникация адамдарды барынша тығыз, етене жақындастырып жіберді. Басқаша айтқанда, қазіргі заманда дақ­пырт қауға түскен өрт сынды тез тарайды.

Айтпақшы, наразылық білдіруші­лердің ешқай­сысы ұсталып, қамалған жоқ. Өйткені қанша жерден эмоцияға берілсе де, олардың заңмен бекітілген құқықтарын жоққа шығару мүмкін еместігі, сонымен қатар бұл адамдардың бүлік тілеп емес, үрей жетегінде, ел мен жердің қамын жеп шыққандары ес­керілді. Естеріңізге сала кетейін, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлау­алды үгіт-насихатында «Түрлі пікір – тұ­тас ұлт» ұстанымын алға тартқан еді.

Қытайға қарсы бұл үрей, үрку сезімі қалай, қайдан пайда болды? Қайсыбір пікірлер бұның төркінін тарихтан іздейді. Ендеше Қазақстан-Қытай қа­рым-қатынасы бойынша тарихқа көз жүгіртейік. Арғы замандарға терең­демей, халықтың эпикалық жадында азды-көпті сақталған Қазақ Ордасы кезе­ңін қарастырайық.

VIII ғасырдың ортасына дейін Қа­зақ хандығы Қытай империясымен ті­ке­лей шекараласқан жоқ. Ортада Жоң­ғар мемлекеті жатты. Ойраттар қыр­­ғынға ұшырап, елдігінен ажыраған соң Қытаймен тікелей шекараласып, екі арада 1756 жылдан бастап сауда қатынастары орнады. Ұлы Жібек жо­лы, ірі керуендер транзиті мен сау­да қатынастары қайта жанданды. Ел қор­ғаған заманда аттан түспеген даңқты батырлар мен билер ендігі бейбіт уақытта мыңғырған малын Шәуешек пен Құлжаға айдайтын болды. Қазақтар қытай тауарларына, әсіресе шай, жібек, тұрмыстық заттар мен сәнді тауарларға, тіпті дәрі-дәрмектерге деген ділгірлігін осылай өтеп жатты. Ескерте кетейік, қытай қазақ тауарына емес, керісінше қазақтар қытай тауарына мұқтажырақ болды. Бейжіңге дәрі-дәрмекке тапсырыс берген хан Абылайдың хаты да сақталған.

Қытай мен Қазақ хандығы арасында қақтығыс болған тарихтағы жалғыз оқиға – Бейжің билігі Жоңғариядағы азаматтық соғысқа араласып, қоң­тайшы тағына таласып, ақыр түбі жұртына қытай әскерін шақырып, кіріптарлыққа түсірген, содан соң көтеріліс бастаған Әмірсана жеңіліп, қазақ арасына қаш­қан тұс. Абылай хан қашқын ноян Ая­гөзге батып кетті деп мәлімдеп, оны астыртын Ресей билігіне өткізіп жі­береді. Сонымен қатар қазақтар жоңғар­лардан тартып алған территорияларды өздеріне тиесілі деп есептей бастады. Негізінен, осы себептерге байланыс­ты қақтығыс туындап, екі ел әскері бетпе-бет шайқасқа түседі де және көп ұзамай мәмілеге келеді. Абылай хан Цин императорына, қазақша айтқанда, Ежен ханға елші жібереді. Өз кезегінде Цянь Лун «қазақтар әрқашан өз елінде өмір сүрді» деп мойындайды. Қытай мен қазақ арасындағы жалғыз ұрыстың жайы осылай.

Қазақ пен Қытай арасындағы тығыз сауда байланысы Ресей патшалығының экспансиясы салдарынан үзілді.

Қытаймен сауда-саттық тек ресейлік сауда желісі арқылы өтуге тиіс болатын. Оқыған боларсыздар, орыс жазушысы Вячеслав Шишковтың «Шүй әңгімелерінде» қазақтың орыс саудагерінен бір ғана орам шайды тұтас бір қойға айырбастап алғаны туралы эпизод бар. Себебі бұл кезде қазақтар Қытай базарларына өз бетімен мал апару мүмкіндігінен айырылған болатын.

Қазақстанның тәуелсіздік алуы Қытайдың қарқынды өсуімен тұспа-тұс келді. 90-жылдары қытай тауарлары базарларымызды басып қалғаны есімізде. Қалай десек те, сапалы-сапасыз сол арзан тауарлар халықтың қажеттілігін қамтамасыз етті. Ендігі жерде Қытай бай және технологиялық елге айналып, дамыды, әлемдегі екінші экономикаға айналды. Егер оны тиімді пайдаланбасақ, мүмкіндігімізді жіберіп аламыз.

Қытай үлкен мұхитқа ұқсайды, онда жүзе алма­саңыз, әлбетте батып кетесіз. Менің пайымдауымша, дәл қазір Қытай да бізге мұқтаж, дегенмен біз оларға көбірек мұқтажбыз. Біріншіден, Қазақстан арқылы Қытай­дан Еуропаға тауарлар тасымалданады. Транзиттік ахуалымыздың арқа­сында көп ақша табуға болады. Егер біз әре­кет етпесек, оны басқалар пай­да­ла­нады. Ресей де дәл осы транзит бағыты бойынша ақша тапқысы ке­леді. Екіншіден, ауылшаруашылық өнімдерімізді Қытайға сата аламыз. Тұтыну нарығы, экономикасы дамыған сайын Қытайда азық-түлікке сұраныс күрт артты, аграрлық өнімдерді молынан сатып алуға дайын. Үшіншіден, Қытайдың жаңа технологияларын пайдалану. Тіпті ең дамыған елдердің өзі жаңа технологияның біразын бүгінде осы елден саудалайды. Қазақстан осын­шалықты алпауыт державаға бәсе­келес емес, бейбіт көрші. Сол себепті синофобияға ешқандай негіз жоқ.

Әрине бұл Қытайға мүлде бейжай қарап ашық-шашық жату керек деген сөз емес. Ол да өз қа­мын жеген мем­ле­кет, алпауыт держава, оның да қы­­зы­­ғу­шылықтары, мүдделері бар. Сон­дық­тан ынты­мақтастық екі елдің де мүдделеріне негізделуі тиіс. Келісімдер мен шарттар барынша ашық және жария болғаны қажет.

Ал егер Қазақстанда антиқытайлық қозғалыс өршіп, синофобия дендеп ал­са, көрші елмен қа­тыс­пай отыра беруге де болады. Алайда мұндай жағ­дайда өзге елдер де Қазақстанға инвес­тициямен келуге тартынады. Кез келген инвестордан басқыншы, жаулау­шы көретін тұрғындары бар мемлекетпен экономикалық байланыс орнату қиын­дық туғызады.

Қазақстанда жұмыс істейтін немесе бизнеспен айналысатын орыстар, өзбектер, түріктер және бас­қа ұлттар қытайларға қарағанда анағұрлым көп. Олар келесі кезек өздеріне келеді деп ойламайды дейсіз бе?

Осындайда тағы да мынандай сұрақ туындайды:

– Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастың бұзылуын кім көздейді?

– Еліміздің әлемдегі екінші маңыз­ды экономикадан ажырағанын кім қа­лайды?

– Біздің өнімдерімізді үлкен нарық­тан айырғысы келетін кім?

– Кім бізді цифрлы технологиядан алшақтатқысы келеді?

Қазақстанда салауатты қоғам бар, сон­дықтан Қытайға қарсы шық­­қан адам­­дардың саны көп бол­ған жоқ. Екі мил­лион тұрғыны бар Ал­ма­ты­да ондаған адам ғана кө­шеге шық­ты. Егер Қазақстанға шын­дап қауіп төнсе, миллиондаған адам­ның кө­­ше­ге шығатынына сенім­дімін. Аза­мат­тардың ба­сым көпшілігі алдау­ға, яғни манипуляцияға көн­бейді. Се­бе­бі олар кез келген ел үшін қиын ке­зең­де қайықты шайқауға болмайтынын түсі­неді. Күтпеген жерден біреу қа­йықты тессе, бәріміз бірге суға кетеміз.

Себебі қазіргі алмағайып кезеңде бұлғақ бастап, Ахаң (Байтұрсынұлы) айтатын «кешпесі жоқ теңізде» жүзген қайығымызды шайқалтуға болмайты­нын түсінеді. Түлен түрткен біреу қайық­тың түбін тессе, бәріміз – біз ғана емес, болашақ қазақ елі де суға қарық бо­лары анық.

Ешкімнен қорқудың қажеті жоқ, жалпы бізге қорқу, өзімізді кем тұту, құрбан санау психологиясынан құтылар уақыт жетті. Әлем мойындаған мемлекет, іргелі халық ретінде, берік қоғам ретін­де кімнен қорқатын жайымыз бар?! Тағы да аталары­мыздың бір-екі сөзі: «Албасты қабаққа қарап басады». Содан соң «Дау іздеген дауға, жау із­деген жау­ға жолығады». Осыны жадымызда ұстасақ, қанеки.

 

Асқар Омаров