• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Қыркүйек, 2019

Польша тарихи деректі қайта қарайды

276 рет
көрсетілді

Биыл II Дүниежүзілік соғыстың басталғанына 80 жыл толды. Қайғылы датаны қанды қырғынның оғы алғаш атылған елде – Польшада атап өту дәстүрге айналған. Бұл жолғы еске алу шарасы фашизмді сынаумен қатар, саяси тұрғыдан да ерекше болды десек қателеспейміз.

Естеріңізде болса, осы­дан­­ 80 жыл бұрын 1 қыр­күйек­­­те Германияның со­ғыс ке­­­месі Польшадағы Вес­­­­­тер­­плат­те айлағына шабуыл жа­­­­са­­ды. Осылайша, II Дүние­­­жү­зілік соғыстың өр­ті тұ­тан­ған еді. Кейінірек зұл­мат­тың ауыртпашылығы артта қал­ған­нан соң соғыста қаза тапқан мил­лиондаған адамды еске алу үшін осы күнді, дәл сол жерде атап өтіп келеді.

Жоғарыда айтып өткеніміз­дей, биылғы шараның бірқатар ерекшелігі бар. Біріншіден, рә­сім әдеттегідей Вестерплатте ай­лағының маңында емес, Вар­ша­вада және Велюнь қаласында өт­ті. Айта кетерлігі, Велюнь де­­ соғыс өртіне бірінші болып ша­­­­­лынған мекендердің бірі са­налады. Кейбір бұқаралық ақ­парат құралдары Польшаның мұндай қадамының астарында Вестерплатте аймағын қазіргі билікке қарсы оппозициялық партия басқаратыны жатқанын айтады. Әйтсе де, мұндай алып-­қашпа әңгімені жайына­ қал­ды­рып, негізгі мәселеге орал­­сақ.

Бұл жолы еске алу шарасына Германияның, Словакияның, Хорватияның, Литваның, Вен­грияның, Украинаның, Чехия­ның президенттері, Гер­ма­ния­ның канцлері Анге­ла Мер­кель, Франция мен Бельгияның пре­мьер-министр­лері, АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс қатысты. Жиынға Ресей президенті Владимир Путин шақырылған жоқ.

Мұның себебін Польша президентінің баспасөз хатшы­сы Блажей Спихальский былай түсіндірді: «Іс-шара тарихи оқиғаға арналған. Алайда ша­қыртуды тарихи мәліметке қарап емес, заманауи принцип­ке сүйеніп жасадық». Ал президент кеңсесінің басшысы Кшиштоф Щерскийдің ай­туын­ша, қонақтар тізімін түз­генде сол елдің қаншалықты ха­лық­аралық құқықты сақ­тай­тынына, басқа елдің егемен­дігі мен территориялық тұтас­ты­ғына құрметі қандай екеніне мән берген.

Ресейдің шақырылмаға­ны­ның себебіне ел президенті Анджей Дуда да рәсімде сөй­леген сөзінде тоқтала кет­ті. «Еуропаның өзінде импера­лис­тік тенденцияны – шекараны күшпен өзгерту, басқа елге басып кіріп, жерін тартып, тұр­ғындарды қанауын әлі күнге дейін көріп келеміз. Бұған көз жұма қарау – бейбітшілік кепілі емес. Бұл – басқыншы адамдарды күшейту, олардың келешекте тағы сондай қадам жасауы­на жол беру» деп мәлімдеді. Сон­дай-ақ халықаралық қоғам­дас­тық бірігіп, мұндай әрекетке тос­қауыл қоюдың қажеттігін, 2008 жылы Грузияда, 2014 жылы Украинада болған оқиға­лар­­дың қайталанбауы керек еке­нін атап өтті.

Соғыстың басталуына 80 жыл толғанын еске алу шарасына Ресей Президенті Владимир Путин­­­нің шақырылмауын әлем­нің бұқаралық ақпарат құрал­да­ры түрліше қабылдады.

«10 жыл бұрын Польшаға келген Ресей Президентінің бұл жолы шақырылмауы күдікті көрінді. Оның шақырылмау себебі – Мәскеу билігінің 2014 жылы Украинаға тиесілі Қы­рымды басып алуына қа­тысы бар», деп хабарлады Рейтер агент­тігі. Ал Al Jazeera теле­ар­насы Ресейдің шақы­рылмау се­бебін НАТО-ға, Еуро­па­лық­ одаққа не «Шығыс әріп­тес­теріне» кірмейтінімен тү­сін­дірді. Ал Известия газеті В.Путин­нің жиынға қатыспауы – оның әлемдік маңызын түсір­генін жазады.

Бұдан бөлек, Ресейдің іс-шараға шақырылмауының тағы бір себебі мынада. Польша би­лігі КСРО-ны фашистік Гер­ма­ниямен келісім жасасты, 1939 жылы ел аумағына басып кір­ді деп есептейді. Яғни, талай жыл Кеңес өкіметінің қол астында болған ел бұдан былай КСРО-ны нацизмнен азат етуші деп емес, басқыншы ретінде көретінін байқатты.

Осы орайда, КСРО тарапын фашизмнен құтқарған жоқ деп есептейтіндер қатарына Болгарияның да қосылғанын айта кеткен жөн. Осы елдің Сыртқы істер министрлігі та­рат­қан мәлімдемеге сүйенсек, Кеңес өкіметі Еуропадағы на­цизм­мен күресуге үлес қос­қанымен, «азат етуші» деген атау­ға лайық емес.

«Кеңес әскерінің қалқаны Орталық және Шығыс Еуропа елдерін жарты ғасыр бойы қуғын-сүргінге ұшыратып, аза­­маттық танымды түсіріп, эко­­номикалық дамуды тежеп, бас­қа Еуропа елдеріндегі ілге­рілеу динамикасына ілесуі­не тос­қауыл қойды» деп хабарлады.

Айтпақшы, жиынның ашылу салтанатында Германия прези­денті Франк-Вальтер Штайн­майер Польша тұрғындарынан, жалпы әлем халқы алдында неміс ұлты атынан кешірім сұрады. «Еуропаның басқа бұры­шында ана тілімде сөй­леуге, әңгіме айтуға дәл осылай қиналған емеспін... Мен Гер­манияның тарихи кінәсі үшін кешірім сұраймын және нацизмді айыптау – міндетіміз», деді.

Польшадағы оқиға мына нәр­­сені анық байқатса керек. Бірін­шіден, халықаралық қо­­ғам­дастық басқыншы пи­ғылы бар елдерді шеттетуін одан әрі жалғастыра береді. Екін­шіден, бұған дейін КСРО-ның ықпалында болған елдер оны­мен ат-құйрығын мүлдем үзу­ді көздейді. Үшіншіден, Бол­гария, Польша секілді мем­­ле­кеттер Кеңес әскерінің фа­шизм­­ді жеңуі, Еуропаны азат етуі секілді бұған дейін айтылып келген деректерді қайта қа­рау қажет деп есептейтінін көрсетеді.