Жастар жылына орай, Жуалы ауданының «Тау самалы» лагерінде Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі «Мүмкіндіктер мекені» атты облыстық оқыту лагерін ұйымдастырды.
Аталған шара жастар арасында зияткерлік, адами және ой ұшқырлығы әлеуетін қалыптастыруға, олардың көшбасшылық қасиеттерін шыңдап, жастар саясатында жалпы жұмысты үйлестіруге баулуға, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың толыққанды дамуы мен лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға арналды.
Облыстық лагерьге өңіріміздің белсенді жастары, мүмкіндігі шектеулілер мен олардың күтушілері, волонтерлер, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, аудандық, қалалық «Жастар ресурстық орталықтарының» қызметкерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Екі күнге созылған шараның алғашқы күні «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Айбек Таутен және «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің директоры Серікбол Берікқожа делегаттарды оқыту шарасының ашылуымен құттықтады. Содан соң 7 топқа бөлінген жастар топ атауын қорғап, өздерін таныстырды. Сонымен қатар облыстық «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесінің директоры Ихтияр Мырзахметов, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа және «Нұр бала» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әйгерім Дәулетбаева жастарға дәріс оқып, пікір алмасты. Шара барысында лагерь қонақтарымен интерактивті сұхбаттар, жеке тұлғаның дамуына және кәсіби тұрғыда ұшталуына бағытталған тренингтік бағдарламалар, дене шынықтыру ретінде күнделікті таңғы жаттығулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Дамыған мемлекеттегі жастардың мүмкіндіктері» тақырыбына психологиялық тренингтер және «Көшбасшылық қабілетті дамыту», «Қазақтың салт-дәстүрі әлемдік кинода» атты шығармашылық сайыстар да өтті.
Лагерь қорытындысы бойынша қатысушылар «Мүмкіндіктер мекені» облыстық жастар лагеріне қатысқаны үшін сертификаттармен марапатталды. Лагерьдің белсенді қатысушылары мен байқауларда үздік деп танылған жастарға алғыс хаттар табыс етілді.
Жамбыл облысы