• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қыркүйек, 2019

Хат қоржын (09.09.2019)

6899 рет
көрсетілді

...өтініш білдіреді

Бейнеттің зейнетін көрсек деп едік...

Бір кездері тыл еңбеккерлеріне жағдай жасап, оларды соғыс ардагерлерімен теңестірсе деген пікірлер айтылған болатын. Әртүрлі коммуналдық қызмет, жүріп-тұрудағы жолақысы, демалыс үйлеріне жолдама беру сияқты істерде жеңілдіктер қажет деген еді. Өкінішке қарай, ол әңгімелер сөз жүзінде қалып, қазір бұл мәселе сөз болмайтын болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тыл еңбеккерлерінің өмірі жеңіл болған жоқ. Сол кездегі қиыншылықты бастан өткізгеннің бірі менмін. Біздің балалық шағымыз соғыс жылдарындағы қиыншылықтарға тап болды.

«Көрмесек те соғысты, төбемізден оқ ұшты» деп ақын жырлағандай, қанды қырғынды бастан кешпесек те масақ терген, шаруашылықтың ауыр жұмысынан азап шеккен аналардың көз жасына шомылып, құшағында булықтық. Қаптаған «қара қағаздар», аңыраған аналардың қасіретін көріп ерте ер жеттік. Біз де дұшпаннан кек аламыз деп тезірек ер жетуге асықтық.

3-сыныптан бастап біздерді егіннің арам шөбін жұлуға апарса, 6-7 сыныпта соқаның өгізін жетеледік. Ересектеріміз шөп шабу, комбайншының көмекшісі болды. Сөйтіп бар жұмыс түріне араластық.

Бауыржан Момышұлының: «Тыл мықты болмай майдан даласында жеңіске жету мүмкін емес», деген сөзі бар. Сол тылдың мықты болуына шамамыз келгенше үлес қостық. Сөйтіп жеңісті жақындатуда біздің де, тыл еңбеккерлерінің де еңбегі бар емес пе?!

Қазір солардың ең жасы 82-ге келді. Тіпті аудандарда, облыстарда, республика бойынша да санаулы-ақ адамдар қалғаны анық. Бұл күнде еліміз дамыған 50 елдің қатарында, экономикамыз күшейді. Біздің тыл еңбеккерлерінің қиын кезеңдегі еңбегі ескеріліп, тиісті құрмет көрсетіліп, жеңілдік-көмек көрсетуге еліміздің толық мүмкіндігі бар деп ойлаймын.

 

Тыл еңбеккерлері атынан

Ілияс САДЫҚОВ

Алматы облысы

 

...пікірін жолдайды

Абай – қазақтың темірқазығы

Кейінгі уақытта хакім Абайдың айтқан сөзін, жазған нақылын бұрмалап, бір ғана өсиетіне баға беріп, сол арқылы Абайдың еңбегіне тиісетін данышпансымақтар кездесуде. Абайдың сөзін тура мағынасында түсіну үлкен қателік. Оны түсіну үшін түйсікке түйіп, ұғыну үшін терең білім мен сана керек. Абай дәуірінің тарихы мен мәселелерін жетік білетін қабілет қажет.

Абай қазақтың кемшіл тұсын айтса – жек көргендіктен емес, ұлы ұлт болсын деп айтты емес пе?! Бірақ оны түсінбейтін, санасы таяздар да бар екен. Сондықтан да «Қайран сөзім қор болды» деп ақын кезінде бір күрсінген-ау. Абай – қазақтың темірқазығы. Өзім сөйтемін. Ағылшындар неге Шекспирді сөкпейді? Орыстар неге Пушкинді пір тұтады? Ал қазақ неге өз ұлысын жаман жақтан талқылауға тиіс. Ұлыбритания Шекспирдің «Отелло», «Макбет», «Гамлет» пен «Ромео мен Джульеттасына» арнап сан фильм түсірді. Қазақ Абайдың қай қара сөзіне, поэмасына неше фильм түсірді? Ендеше неге осы жағын талқыламаймыз? Абайды жамандағаның – өзіңді жамандағаның ғой!

 

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ

 

...үлгі тұтады

Ашық аспан астындағы кино

Шетпеде алғаш рет «Ашық аспан астындағы кино» жастар шарасы өтті. Әлемдік киноның ең үздіктері мен отандық киноны насихаттап, жастарға кино өнерін көрсетуге арналған іс-шараның бұл биылғы өткізген бірінші кеші емес. Осынау игі бастама Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының аясында өткізіліп отыр. Сондай-ақ аудандық шара биылғы Жастар жылына орайластырылды. Аталмыш игі шараға көрермен ретінде ауданның әр түкпірінен жастар мен студенттер ағылып келуде.

 Ашық аспан астындағы кино Шетпедегі жастар, әсіресе халық көп шоғырланатын жастар орталығы жанында, яғни ашық аспан астында ұйымдастырылды. Шарада алғашқы күні «Траснформер», «Үй қояны Питер», қазақ киносы «Шабдалы» көркем фильдері жастар назарына ұсынылды.

 «Кешкі 21.30-дан 23.00 аралығында әр аптаның сейсенбі күні өтіп тұрған шарамызға ауыл тұрғындары мен жастары әу бастан көп жиналды. Жастардың талғамы мен көңілі нені қалайды, соған қарай ыңғайланатын боламыз. Ең алғаш халыққа, жастарға көрсеткен фильміміз «Трасформер» деп аталады, ол жаңа ғасыр технологияларынан, роботтардың әлемінен хабардар етеді. Бұдан соң «Үй қояны Питер» ересектерге арналған мультфильм. Ендігісі қазақстандық өнім «Шабдалы» киносы. Бұл кино қазақы тәрбие мен отбасылық тәлімді кеңінен насихаттайды. Алдағы уақытта тарихи жанрдағы киноларды көрсету жоспарда бар», дейді жас­тар орталығының маманы Әлия Нұрбергенқызы.

 

Қалампыр ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

жастар орталығының маманы

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы

 

...алғысын жеткізеді

Өз ісінің майталмандары екен

Бүгінде «Балдәурен-Қапшағай» республикалық оқу-сауықтыру орталығы балалар мен жасөспірімдер демалысын ұйымдастыратын бірегей лагерьге айналды. Ауысымның ұзақтығы өте қолайлы, жаз мезгілінде оқушылар 15 күннен тынығады. Балаларға қазіргі заман талабына сай жабдықталған медициналық оңалту-сауықтыру бөлмелері қызмет көрсетеді. Күніне бес мезгіл дәрумендерге бай жеміс пен құнарлы тағам беріледі.

Сауықтыру және профилактикалық іс-шаралары қатарында – массаж, су процедуралары, емделу ванналарын айтуға болады. Аталған сауықтыру орталығының медициналық қызмет көрсету жұмысы өте жоғары деңгейде, дәрігер, медбикелер өз ісінің майталмандары, білікті маман екенін байқауға болады. Олар балалардың денсаулығын жіті назарда ұстайды. Осы орайда «Балдәурен-Қапшағай» лагерінің медициналық корпусының бас дәрігері Нұрбол Темірқұлов, медбикелер Татьяна Федотова, Кұралай Жұмахметоваға Нұр-Сұлтан қаласының ата-аналар қауымының атынан алғыс білдіреміз.

 

Ерке ТОЛБАҚАН,

Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары

 Нұр-Сұлтан