Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауында «Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде» деген еді. Осылайша жастарды жұмыспен қамту мәселесінің өзекті екенін айтқан. Соңғы алты айда осы NEET жастардың саны 0,7 пайызға төмендеді.
Ғылымда NEET термині ағылшын тіліндегі «Not in Empoloyment. Education or Training» ұғымының бас әріптерінен құралған. Қазақшаласақ «не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам» дегенді білдіреді. Қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде елімізде 300 мыңға жуық жас азаматтың оқуға және еңбекке тартылмағанын айтқан еді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми деректеріне қарағанда NEET жастар үлесі былтыр республика бойынша 7,9 пайыз болыпты. Еліміздегі 15-29 жас аралығындағы жастардың саны 3 млн 989 мыңнан асқанын ескерсек, оқу мен еңбек үдерісіне тартылмаған жастар саны 315 мыңдай болады. Биылғы алты айда олардың саны 0,7 пайызға немесе 31 мыңға азайып, барлық жастардың 7,2 пайызын құраған. Демек, әлі де болса не жұмыс істемейтін, не оқу оқымайтын, тым салғырт жастардың саны 280 мыңнан асады деген сөз. Яғни, Жастар жылы басталғаннан бері жұмыссыз жүрген, оқу үдерісіне қатыспайтын азаматтар санын айтарлықтай азайта алмадық.
Әрине, «балапанды күзде санайды» демекші, біздің қолға түскен мәліметтер республиканың барлық өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарды сипаттап бере алмайды. Әрі жыл аяғына дейін әлі үш ай бар. Алайда, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ресми сайтындағы деректерге қарағанда еліміздің төрт аймағында, атап айтқанда Түркістан, Қарағанды, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында NEET жастардың үлесі әлі де болса жоғары күйі қалып отыр.
2019 жылдың алғашқы тоқсанында Түркістан облысында NEET жастар үлесі 19,3 пайыз, Алматы облысында 11,8, Қарағанды облысында 11,6, Солтүстік Қазақстанда 8,3 пайызды құраған. Жастарды жұмысқа тартып, оқу үдерісіне қатыстыру жағынан Батыс және Шығыс Қазақстан облыстары топ бастап тұр. Батыста NEET жастардың үлесі аймақтағы барлық жас азаматтардың 2,6, Шығыста 2,8 пайызын құрайды. Алайда жастардың осынау тобына қатысты деректер ала-құла екенін де мойындау қажет. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сауал жолдағанымызда ресми мекеме мамандары 2018 жылы Түркістан облысындағы NEET жастардың 13,3 пайыз болғанын айтты. 2019 жылдың ІІ тоқсанында 10,7 пайызға түскен дейді. Егер Түркістан облысында NEET жастар үлесін «Жастар» ғылыми- зерттеу орталығының сайтында көрсетілген 19,3 пайыздан 10,7 пайызға дейін төмендету мүмкін болса, онда бұл мәселені шешуде күнгейдегі өңірдің атқамінерлері әжептәуір табысқа жетті деп бағалауға болады. Бірақ бізге еліміз бойынша бұл мәселенің түбегейлі шешілгені керек.
Есеп-қисаптың да қиындығы бар
Негізі NEET жастардың үлесін анықтау қиын іс. Өйткені азаматтар өздерінің жұмыссыз екендіктерін айтып тиісті мекемелерге тіркелуге тым құлықты емес. Жастар қалалар мен аудандарға, ауылдарға келіп-кетіп жатады. Ресми түрде табысы мен қызметін айтып, тиісті мекемелерге хабар бере қоятындар да некен-саяқ. Ал жұмыссыз ретінде ресми тіркелмеген адамды статистика саласының мамандары «екі қолға бір күрек таппай жүр» деп есептемейді. Сондықтан ресми статистикадағы дерек пен нақты жағдайдың арасында қайшылық туындайды. Әрі деректердің де ала-құла, бір-біріне сәйкеспейтіні бар. Мәселен, біз сөз басында 2018 жылы елімізде NEET жастардың үлесі 7,9 пайыз болғанын айттық. Бірақ 2018 жылдың ІІ тоқсанында Статистика комитеті NEET жастар үлесін 7,5 пайыз деп көрсеткен. Бұл 299 мыңнан астам адам деген сөз. Айырмашылық 7 мыңнан астам адам. Егер екі деректі де шындыққа жақындайды деп бағаласақ, елімізде NEET жастардың саны шамамен 290-320 мың аралығында деп болжаймыз. Бірақ бұл деректер де мәселенің шынайы келбетін ашып бере алмайды. Өйткені, NEET жастар санатынан бөлек ресми түрде жұмыссыздар деп танылған топ та бар. Бұл да ресми санақ үшін қайшылық тудырады. Мәселен, Қарағанды облысында 2018 жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыз жастар саны барлық жас азаматтардың 4,9 пайызын құрап, ел бойынша алдыңғы орынға шыққан. Түркістан облысында бұл көрсеткіш – 3,5 пайыз. Сөйте тұра 2019 жылдың екінші тоқсанында Түркістан облысындағы NEET жастар саны 10,7 пайыз деп көрсетеді министрлік. Мұның өзі жұмыссыз жастар мен NEET санатындағы жастардың дұрыс есептелмей отырғанын байқатады. NEET санатындағылар оқу үдерісіне ғана емес, еңбекке де араласпайтынын ескерсек, онда оларды жұмыссыздар деп ашық айтуға негіз бар. Алайда көрсеткіштер арасындағы айырмашылық жоғары болып тұр.
Олар салғырт қана ма, жоқ әлде...
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының деректеріне сүйенсек, еліміздің көптеген аймағында NEET жастар тобының қалыптасуына себеп болатын бірқатар мәселе бар. Зерттеу барысында бұл топтың құрамында отбасылық міндеттерін орындау мақсатында жұмыс істемейтін және біліктіліктерін арттырмайтын жас әйелдердің үлесі мол екені анықталды. Яғни, ерте тұрмысқа шыққан немесе мектеп бітірген соң оқуға түсе алмаған бойжеткендердің арасында осы топтың қатарын толтыратындар аз емес. Одан бөлек мұндай санатқа кіретін жастардың тұрақты жұмыс іздемейтіні де белгілі болды. Мәселен, NEET жастар тобы жөнінен елімізде үшінші орында тұрған Қарағанды облысында мұндай жастардың 33,3 пайызы тұрақты жұмыс істемейтіні белгілі болды. Олар көбіне кездейсоқ жұмыстарды ғана істейді. Еліміздегі ірі өндіріс орталықтары бар облыста мұндай жағдайдың қалыптасуы өңірдің еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігі бұзылғанын байқатады. Әрі ірі кәсіпорындардың еңбекақы мәселесінде жастардың сұранысын қанағаттандыруға ниет танытпай отырғанын да көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауында «Кен өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың табысы артқанымен, азаматтарымыздың жалақысы айтарлықтай өспегенін көріп отырмыз» деген еді. Біздің пайымдауымызша, Қарағанды өңірінде NEET жастар тобының айтарлықтай мол болуы осы мәселеден туындап отырса керек. Себебі жастардың жұмысқа орналасуына кедергі келтіретін себептерді анықтау мақсатында жасалған зерттеуде сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі немесе 38,9 пайызы өздері тұратын аумақта жұмыс орындары болмауын атаса, 30,5 пайызы жалақының төмен екенін айтқан. Одан бөлек жұмыс тәжірибесінің болмауы да кедергі, өйткені NEET санатына кіретін жастардың 27,3 пайызы жұмыс берушілер тәжірибенің бар-жоқтығын сұрайтынын алға тартқан. Сонымен қатар аталған санатқа кіретін азаматтардың әрбір төртіншісі жастарға арналған бағдарламалармен таныс емес. Демек жастар саясатына қатысты бағдарламалар қоғамның қалтарыс-бұлтарысына дейін толық жетпей жатыр деген сөз. Әсіресе біліктілігі төмен, мамандығы жоқ, кездейсоқ жұмыс істейтін жастарға оларды қайта оқыту, еңбекпен қамту, әлеуметтік қорғау бағытындағы бағдарламалардың ақпараты жетпей жатыр. Бір сөзбен айтқанда біздің қоғамда форумдардың «сәніне» айналған жастар мен еңбегін сататын жастардың арасында ақпараттандыру тұрғысынан да шыңырау бар деген сөз. Әйтпесе, 300 мыңға жуық жас азамат еңбек пен оқудан тыс қалмас еді. Әрине, бұл жерде мәселенің субъективті жағының да бар екенін ескеру керек. Яғни NEET жастар тобы әдетте салғырт келеді. Олар біліктілік арттыруға, жұмыс істеу мен оқуға ниеттенбейді. Олардың көбінің сыни ойлау дағдылары төмен әрі тұтынушылық мінез-құлқы басым болады. Дегенмен, елімізде NEET жастарды анықтау, олардың мұқтаждықтарын, құндылықтарын зерттеу әдіснамасы зерделенуі керек. Ата-анаға қолқанат болып жүрген жастар болады. Оларды бірден осы санатқа кіргізудің өзі орынсыз тәрізді. Айдар Хамит, әлеуметтанушы:
– Бұл жастарды жеті санатқа топтастырып қарастырады және олардың бос уақытын өткізуге, қызығушылығына байланысты қоғамдық пайдалы процестерге араластыру үшін түрлі шаралар қабылданып жатады. Қазақстанға келетін болсақ, елімізде 9% NEET сол стандарттарға сай жастар бар екені анықтаған. Алайда бұл – стандарттарға және еліміздегі жастар саясатына байланысты есептелген дерек. Сондықтан біздегі ата-анасының қамқорлығында, үй шаруашылығымен айналысатын, ресми жұмыс істемейтін және орта білімі бар, арнаулы орта немесе жоғары оқу орындарында оқымайтын жастарды осы санатқа қосады. Уақытша жұмыс істеп жүргендер, тұрақты жұмысы жоқ жастар да осы санатқа кіреді. Сондықтан менің ойымша, еліміздегі NEЕТ санаттағы жастарды анықтап, оларды мұндай санатқа енгізудің арнайы, елімізге тән, айрықша әдіснамасы керек. Бұл еліміздің мәдениеті мен дәстүріне бейімделген болу қажет. Ал дайын шетелдік әдіснамамен құр санап шығу статистикадан басқа ештеңе емес әрі нақты жастар мәселелерін шешуге бағытталған шаралардың жалпы сипатын бере қоймайды. Өйткені жастармен кездескенде өңірлердегі, ауылдардағы жастар жұмыс пен оқуға талпынып, басым бөлігі үйде жатпайтынын байқадық. Үйде болса да жеке шаруашылығында ата-анасына көмектесіп жүреді. Бұларды бірден аталған санатқа енгізе салудың қисыны жоқ сияқты.
Түйін
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі NEET жастар үлесін азайту үшін арнайы Жол картасын да әзірлеген. «Осы жол картасы негізінде өңірлер тиісті жол карталарын және іс-шаралар жоспарларын әзірлеп, қабылдаған болатын. Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімдігі Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесіп, NEET санатындағы жастардың пайда болу себептеріне талдау жасау нәтижесінде 18-29 жас аралығындағы NEET жастарын, оның ішінде 2018 жылғы түлектерді жұмысқа орналастыру және әлеуметтендіру бойынша Жол картасын әзірледі» делінген. Сондай-ақ министрліктің бізге жолдаған ресми жауабында ел бойынша NEET жастар үлесін азайтуда оң динамика қалыптасқаны айтылды. Осы динамика енді қарқын алса деп тілейміз.