Көкшетаудағы «Достық» үйінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Ақмола облыстық филиалы ашылды.
Салтанатты рәсімге қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары жиналды. Ауқымды істерді межелеп отырған филиал алғашқы сәттен-ақ елді елең еткізді. Алдымен «Мектепке жол» акциясы аясында жиырмаға жуық оқушыға дәптер, қалам, сөмке және бес мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Сөз арасында қажетті заттарды сатып алуға кәсіпкер азаматтардың жанашырлық жасағандығын айта кетелік. Бір жақсысы, ізгілікті шараға жиналғандар халықты әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларына көмек көрсетуге шақырды. Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысы филиалдарының басшысы Қарлығаш Бекпатшақызының айтуынша, басты мақсат алыстан келген ағайын мен байырғы тұрғындар арасындағы байланысты нығайту. Төртеу түгел жерде төбедегі келеді емес пе? Қажет болып жатса жәрдем сұрай келген қандастарға да қамқорлық көрсетпек. Мәселен, құжат рәсімдеуден бастап, тіршіліктегі саналуан түйткілдерді шешуге келелі кеңес беру де көзделген.
Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев, «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Омарәлі Әділбек және басқа да жанашыр адамдар бұл бастама алдағы ауқымды шаралардың негізін қалайтындығына сенім білдірді.