Каспий теңізінің қазақстандық шекарасын күзететін кемелер қатары жаңа кемемен толықты. Ақтау қаласындағы теңіз портында ҰҚК Шекара қызметінің экипажына «Нұр-Сұлтан» кемесін және кеменің әскери-теңіз туын табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К. Мәсімов, ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры және өңірлік Жағалау күзеті, «Батыс» өңірлік басқармасының жеке құрамы және Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов қатысты.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Мәсімовке ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті өңірлік басқармасының бастығы Ә.Каюпов әскери шептің дайындығы жөнінде баяндады. К.Мәсімов шекара қызметі өңірлік Жағалау күзеті басқармасының шекарашыларын ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде олардың үлестерінің зор екендігін атап өтті.
Шекара қызметінің шекарашы жауынгерлері заңға сай теңіздегі тәртіпті қадағалап, мемлекет қауіпсіздігіне қол сұғылмауын қамтамасыз етіп келеді. Оларды қиын қызметке қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамту күн тәртібінен түскен емес.
«Нұр-Сұлтан» кемесі 206 борттық нөмірлі жоба, 2018 жылы Президент Жарлығымен жасалған. Заманауи гидроакустикалық жүйемен жабдықталған кеме тек мемлекеттік шекара – Каспий теңізінің үстін ғана емес, сонымен қатар мұнай-газ кешендерінің қауіпсіздігін де сенімді түрде қамтамасыз ете алады.
– Ел Президенті, Қарулы Күштердің Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайындалған офицерлері мен әскери қызметшілері бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын болуы керек» деп нақты айтқан болатын. Сонымен бірге әскери қызметтің беделін арттырып, Қарулы Күштердің материалдық базасын нығайту қажеттігін атап өтті. Бүгінгі шара сол игі істердің бастамасы болып отыр, – деді аймақ басшысы С.Трұмов.
Заманауи жасанып-жабдықталған жаңа кеме – мемлекеттік шекараны қорғау ісіне қосылған тың да жаңа күш.
Маңғыстау облысы