Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы 4 қазан күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ поэзиясының алыбы, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық мүшәйрасын өткізеді. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.
Мүшәйраның мақсаты: Қасым Аманжолов мұрасын насихаттай отырып, поэзияның дамуына ықпал ету, жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету және еркін елдің кенен тарихы мен жарқын жетістіктерін қара өлеңнің құдіреті арқылы дәріптеу.
Шарттары: - мүшәйраға 18-40 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады; - қамтылатын тақырыптарына қарай Қасым Аманжоловқа, Әбіш Кекілбаевқа арнау және еркін тақырыпта – барлығы 3 өлең ұсынылуы тиіс; - әр поэзиялық шығарманың көлемі 100 жолдан аспауы керек; - шығармалар электрондық нұсқада Microsoft Word форматында (14 кегльде (шрифт), жоларасы 1 интервал, Times New Roman қарпімен) жіберілуі қажет; - жинақтарда, мерзімді басылымдарда, сайттарда, әлеуметтік желілерде жарияланған, басқа байқауларға ұсынылған және талапқа сай келмейтін шығармалар қабылданбайды; - қабылданған шығармаларға пікір берілмейді; - қазылар алқасының іріктеуінен өткен үміткерлер қорытынды шараға қатысады. Үміткерлердің шығармаларын бағалау кезінде: - ұсынылған шығармалар тақырыбының байқау мақсатына сәйкестігіне; - шығарманың идеялық мазмұнына; - туындының көркемдік сапасына; - автордың сөз саптау мәнері, стильдік ерекшелігіне назар аударылады. Барлық келіп түскен шығармаларды байқаудың қазылар алқасы қарап, талдау жасайды және бағалайды.
Мүшәйраның жүлде қоры: Бас жүлде – 500 000 (бес жүз мың) теңге! Мүшәйраның жеңімпазы мен жүлдегерлері дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Мүшәйраға қатысу үшін үміткердің тапсырыстары (жеке куәлігінің көшірмесімен қоса кестеге сәйкес аты-жөні, жұмыс немесе оқу орны, байланыс телефондары) және шығармалары 13 қыркүйекке дейін mushayra.kasym@mail.ru электронды мекенжайы бойынша қабылданады.
Анықтама телефоны: 8 (7212) 56-74-76, 8-778-355-21-80