• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қыркүйек, 2019

Шарын

653 рет
көрсетілді

Табиғаттың тылсым сырын ішіне бүккен қызғылт каньон жардан төмен құлаған күйі ағараңдап жатқан жалғыз аяқ жол арқылы өзіне жетелейді. Аңсарыңды аудара қызықтырған қызғылт каньонды географ мамандар кейде «Қамалдар аңғары» деп те жазады. Содан ба, біз өзіндік ерекшелігіне қарай Қызғылт қамалдар аңғары дегенге ықылас таныттық.

Әлемге әйгілі каньондар... Осы сәт қиыр шеттегі Колорадо есіңізге түсер. Сол Колорадоның айнымас бөлшегіндей Жер шарының өзге жартысында Шарын жатыр. Шын мәнінде Шарын атауы да таби­ғаттың тылсым сұлулығы ретінде өзіне қызығушыларды ынтықтырады. Өзгеше тылсым өрнегімен тамсантар Шарынның қызғылт қамалдары жұмбақ дүниенің есігін ашардай менмұндалай береді.

Бұл өңірде асқақ таулардың керім келбеті көз қарықтырады. Аспан тепкен ақ бас шыңдардың сұлу суреті сырбаз кейіпте асқақтайды. Биікке өрмелеген жасыл шыршалар әдемілікке өзгеше әспет бергендей. Көкорай шалғынды жоталардың мұнарға бөккен кейпін айтыңыз.

Бұл өңірде сұлулық атаулыны кәнігі шебердің ісмер қолымен кестелегендей ирек­теле жылт-жылт еткен өзендер өрнегі там­­сантады. Құдай-ау, сол өрнектің бір са­ба­­ғы мың сан бұралып қарсы алдыңызда жатыр.

Шарын... Шарын тым тереңде, ша­қы­райған күнге шағылыса жылтылдап ағады. Гүрілдеп, арқырай бастау алар тау өзені осы тұсқа келгенде сілелей шар­ша­ған дерсің, қаншама жылдар бойына жер қабатының қымтана жасырынған құ­пиясын тырмалай ашқан арынды ағыс сәл тыныс алғандай. Көз алдыңызда таң­ғажайып көркем көрініс тұрады. Биіктік пен тереңдік; мұзарт таулардың тәкаппар шырқау шыңдары өн бойын мақтаныш кернегендей маңғаз кейіп танытады; жүзін әжім торлағандай қатпар-қатпар жар­қа­бақ­тан төмен құлаған аңғарлар мұңая ойға беріледі.

Шарын... Қызғылт қамалдар аңғары... Туған табиғаттың тосын кескіні кейінгі кезде жұртшылықты өзгешелігімен баурай береді. Қанша күш салсақ та қолмен қиюластыруға келмейтін бөлектеу сурет еліктіре түседі.

Сан жылдардың өтінде тау жыныстары түрлі үлгідегі мүсіндердің ғажайып көрінісін қашап жасағандай алдыңызға тартады. Бірі өзіндік тау келбетін көз алдыңызға әкелсе, екіншісі ғайыптан пайда болған жұмбақ мұнараны елестетеді. Биік жартасқа сәл кідіре қарасаңыз, зәулім ғимараттың кіреберіс табалдырығында тұрғандай сезінесіз. Бір сәт өзіңіздің мыңжылдықтар әлемінде ерке желдің, ағын судың, дүмпу күштің әр алуан тербелістердің сәулеткершілігімен бетпе-бет келіп тұрғаныңызды сезінбейсіз. Қайта құпияны өн бойына жасырғандай мүлгіген зәу тұлғалы бағандарды, керім күмбезді құздарды, жарқабағы айқыш-ұйқыш діңгектерді қызықтай елітіп, ертегілер еліне енген күйі қиялға беріле өзге дүниенің бәрін ұмытар едіңіз.

Қызықты қараңыз, каньон сөзі испан тілінде «құбыр» дегенді білдіреді екен. Ғалымдардың дерегіне назар салса­ңыз, каньондардың пайда болуы құрғақ жыраттардың өз арнасын дамылсыз кеңейт­кен өзен суларының әсерінен деп тү­сіндіреді. Ал Қамалдар аңғары адам өр­мелеп шыға алмас құзды жартас пен саз­ды құмдауыт тау арқылы өтетін Шарын өзеніне қиылыса жатқан құрғақ сай. Қыз­ғылт каньонның ұзындығы үш шақырымға жуық, ені 20 метрден 130 метр аралығында болып келеді. Тереңдігі 100 метрге жуық­тай­ды. Солтүстік Америкадағы Колорадо өзенінің Үлкен каньонымен табиғаты бір, ландшафтық әспеті ұқсас. Сондықтан да шалғайдағы Шарын шағын болса да көріністерінің тым ұқсастығы талайды тамсандырады. Содан да шығар, Орта Азия­ның беймәлімдеу бір нүктесіне орыс саяхатшылары Н.Северцев, А.Крас­нов­тар­ға ат басын бұрғызды. Дала төсіндегі таңғажайып әлем – Шарын оларды бейжай қалдырған жоқ. Қияндағы Қашқарға сапарлап бара жатқан Шоқан Уәлиханов та табиғаты көркем өңірге ерекше ықылас та­нытып, ерекше түске боялып тұрған қыз­ғылт каньонға еріксіз ойға шома қарап, назар аударған да шығар-ау. Себебі не дерсіз, табиғаттың өзі жылдар бойы­на әспеттей салған жердің бүкіл қаба­ты­ның тылсым сыры ойлантпай қоймас. Жарқабақтағы сансыз қабаттың алуан бояуы тас шежіренің беттеріндей сыр ақ­тарады. Қамалдар аңғарындағы кесек мү­сіндердің қайталанбас кескіндері де қиял­ға жетелейді. Дәл жаныңыздан алып аж­даһадай төніп тұрған құзды көріңіз. Аз ғана уақытқа кідірсеңіз, бас салардай кейпі қорқынышты. Тек сандаған топырақ қабаттарынан тұратын ескерткіш сұлба еке­нін сезгенде барып, ілгері адымдайсыз. Сол кезде арыстандар сайы алдыңыздан шы­ғады. Құздар ертегідей, биіктен алысқа көз тастаған үлкен арыстанның алдымен бас мүсінін айырасыз, сосын жалбыраған жалы айқындалады, жуан мойны болып қоңырқай тартқан сазқабат көрініс береді. Алға жүрген сайын ғажайып әлем өз құ­пия­сын аша түсердей. Киіз үй аңғарына өткенде ауылға келгендей тыныс аласыз. Күмбезделген биік төбе ме десеңіз, сәл өтіп барып айнала бере бағамдайсыз, аға­раңдап көзге ыстық көрінер киіз үй. Топырақ қабаттарынан біреу қанша уақытын шығындап, әдейі қашағандай. Түңлігі сәл ғана ашылғандай шаңырақ, уық пен керегенің ұштасқан тұсындағы қара белдеулі ақ шаңқан киіз үй өзіне көпке дейін жанарыңызды еріксіз аудартады. Ал мына діңгек ұстын тас салынған қапшықты елестетеді. Жарқабақтың басынан жүз метрдей тереңдіктегі жалғыз аяқ жолмен қиялға елітіп, өзіңізден-өзіңіз күмбірлей алға адымдайсыз. Өйткені құжыр-құжыр қабырғалы Шарын жеткізер жұмбаққа толы сыр жетелей түседі.

Шарын каньонының пайда болуы жөнінде түрлі болжам айтылады. Кейбір зерттеушілер бұл өңір көне Азияның орталығында Алакөл жағасынан бастап бүгінгі Қытай аумағын алып жатқан теңіздің таяз сулы шығанағы деген жорамалын ұсынады. Тастай қатқан жасыл түстес саз қабаттан табылған теңіз жәндіктерінің бізге жеткен қаңқаларынан білетініміз, бір кездері теңіздің түбінде тіршілік үшін өзді-өзі арпалысып қиямет кешкенін, салқын судың табанында бірімен-бірі арбасып, ал дем таусылғанда ұйыса тас болып қалатынын сезбеген де шығар. Уақыт шіркін ештеңені кешірмейді, теңіздің ізімен шығанақ та ғайып болды. Бәлкім тартылған шығанақ орнында көл пайда болып, күндердің күнінде Торайғыр бөгеті бұзылып, бәрін ағызып ала жөнелді. Әйтпесе мынау сұп-сұр жарқабақ ол жөнінде сыр айтпайды, тек сазды қабат­та қа­тып қалған теңіз жәндіктерінің қаң­қа­лары­­нан ұққандайсыз. Бұл жөнінде профессор Павел Мариковский былай деп ой түйіндейді: «Бағзы заманда, үштік кезең­де, 25 миллион жылға жуық бұрын, жер бе­тінде адамзат жаратылмай тұрып, ауқымды да ыстық шөл орнында үлкен көл тол­қып жатты. Ол қоршап жатқан тауды жемі­ре табанына күшті саз қабатын ұсақ қиыр­шық тастармен араластыра жинады. Сосын ауа райы өзгерді, көл құрғады, ал та­­банын су шайып отырды. Тіршілігі жалаңаш әрі өте таңсықтау сазды өңір пайда болды».

Бұл өңірде алып таулардың керім келбеті көз қарықтырады. Ақ бас шыңдар­дың сұлу суреті сырбаз кейіпте асқақ­тайды. Биікке ұмтылған жасыл шыршалар әде­мілікке өзгеше әспет бергендей. Көк­­орай шалғынды жоталардың мұнарға бөк­кен кейпін айтыңыз.

 Қызғылт қамалдар аңғары таңғажайып сымбатымен өзіне еліктіре түседі. Жер жарықтықтың мың сан бояуымен көз алдыңда құлпырады. Шіркін, Шарын!

 

Алматы облысы