Арыс қаласындағы балалар үйінің төрт тәрбиеленушісі 8 қыркүйекте Молдова астанасына ұшып барды. Балдырғандар саяхат аясында осы елдің тарихи-географиялық, сондай-ақ этномәдени ерекшеліктерімен танысуда.
Қазақстандық жасөспірімдердің дүниетанымын кеңейтіп, рухани байытуға ықпал ететін шараны оқу жылының басында өткізу бастамасын Nur Otan партиясының Сыртқы істер министрлігіндегі бастауыш партия ұйымының үйлестіруімен Қазақстанның Кишинев қаласындағы Бас консулдығы ұсынған.
Бастамашылардың қайырымдылық акциясына «KMG International» компаниясының бөлімшелері: «Rompetrol Молдова», «KAZROM FLOUR» ЖШС, «Cricova-vin» және «SupremaLex» компаниялары демеушілік көрсетті.
Сапар басында балалар жаңа піскен жемістер мен көкөністерге бай ұлттық тағамдардан дәм татып, дастарқан басында алғашқы әсерлерімен бөлісті. Болашақта эстрада жұлдызы болуды армандайтын Оралбек Жүсіпов бұл сапары туралы былайша әңгімеледі: «Бізге Молдоваға шақырылғанымыз туралы хабар күтпеген жерден келді. Естіген күннен бастап біз ұшаққа отыруды асыға күттік. Біз әуежайдан шыққан кезде ауа-райы тамаша болды. Маған Молдованың ұлттық музыкасы өте ұнады. Мен онымен болашақта жақынырақ танысамын деген үміттемін, мүмкін бір әнін үйреніп алармын».
Әңгіме барысында балалар өздерінің өмірлері мен болашаққа жоспарлары туралы ықыласпен айтты. Олар ересек өмірге оптимистік көзқараспен қарап, таңдаған мамандықтары бойынша жоғары маман болуды армандайды. Мысалы, Толғанай Масалиева математика пәнінің мұғалімі болуды жоспарлаған, ал Бексұлтан Әлібек Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің жолын таңдаған.
Хирург болуды армандаған Карина Сулайманова шетелге алғашқы сапары жайлы, есте қалған сәттері туралы баяндап берді. «Молдова бізге өте ұнады – климаты сондай жылы, ауа да таза. Кишиневтің өзі өте жасыл және әдемі қала екен. Біз осы елдің тарихы туралы мүмкіндігінше көп білгіміз келеді, оларға біздің Қазақстан туралы айтып бергіміз келеді», – дейді Карина.
«Бүлдіршіндеріміздің бақытты, шабыттанған жүздерін көру мен үшін үлкен қуаныш. Бұл сапар біздің оқушыларымыздың ғана емес, сонымен бірге осы жазда үлкен сынақты бастан кешкен Арыс қаласының барлық тұрғындарының жүрегіне жол табатынына сенімдімін. Бізді қолдаған барлық қазақстандықтарға алғысымыз шексіз. Молдоваға балаларға арналған тур ұйымдастыруға көмектескен Қазақстанның Бас консулдығына, Сыртқы істер министрлігіне және Nur Otan партиясына ерекше алғыс білдіргім келеді», – дейді балалар үйінің директоры Меруерт Сүйіндікова.
Саяхат барысында арыстық жеткіншектер Молдова мұражайларын, мәдени және тарихи орталықтарын, Еуро-2020 іріктеу кезеңінде ойнайтын Молдова-Түркия футбол матчын көруді және Қара теңізге баруды жоспарлап отыр. Өткен дүйсенбіде балалар Молдованың оңтүстігіндегі Гагаузия автономиялық-территориалдық бөлігінің астанасы Комраттағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні орналасқан Даңқ аллеясына барды және оның аумағындағы өзге де белгілі нысандарда болды.