• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қыркүйек, 2019

Аймақтың бизнес-хабына айналады

150 рет
көрсетілді

Президент Жолдауында тиімді шағын және орта бизнес қала мен ауылды дамытудың негізі екендігі айтылды. Әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Оның нәтижесінде тұрақты жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық азаяды.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің дәлелі ретінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіп­керлердің дәстүрлі V конференциясы барысында қала қоржынына түсетін салықтың 60 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі екен­дігін жеткізіп, өңірлік биз­несті дамытуға арналған «Almaty Business-2025» бір­ың­ғай бағдарламасының әзір­лен­генін жеткізді.

Экономикалық белсенді ай­мақ саналатын Алматыны дамы­ту аясында қала басшылығы тарапынан қазіргі кезеңде осы бағдарлама бойынша бес ба­ғыт­та жұмыстар атқарыла бас­та­ды. Яғни, кедергілерді жою, бизнесті қаржыландыруды арт­­тыру, инфрақұрылымды да­мыту және инвестициялық жо­баларды қолдауға байланыс­ты кешенді шаралар жүзеге асуда. Ал «Qoldau» кәсіпкерлік орталығының қаланың алты ауданында бөлімшелері ашылып, онда бір терезе қағидаты бойынша кәсіпкерлік кеңестер берілуде. Оңтүстік астанада тіркелген 180 мыңнан астам кәсіпорын өкілдері осы конференцияда өздерін толғандырған үлкенді-кішілі мәселелерге орай «Атамекен» ҰКП мен қала басшылығына ұсыныстарын жеткізді.

Кәсіпкерлікке қолдау көр­се­ту мен дамыту — әкімдік жұ­­мыс­ының стратегиялық басым бағыттарының бірі екен­дігіне тоқталған қала әкімі «Almaty Business-2025» бірың­ғай бағдарламасы Алматыны Орталық Азияның бизнес-хабына айналдыруға әрі кәсіп­кер­лікті тіке­лей қолдау мен да­­мытуға не­гіз­делгенін жет­кіз­ді. Б.Сағын­таев со­нымен қа­тар әл­еу­меттік салаға да ерек­ше на­зар аударылатынын атап өтіп, медицина, білім, ІТ тех­нология және туризм сала­ла­­рындағы бизнеске қолдау сарап­тамалы-бағдарлы кластер құ­руға мүмкіндік беретініне тоқ­талды. Алдағы уақытта қала басшылығы «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп «шикізат-өндіріс-өткізу» тәртібі негізінде жобаларды жүзеге асыра бастайды. Бұл қаланың бизнес-ахуалын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіп­­кер­лерді қолдау мәсе­ле­сінде «Атамекен» әкім­дік­пен бірлесе жұмыс істеп, проб­ле­ма­лық кредиттер қорында жат­қан жер телімдерін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация балансына беру жөнінде Үкіметке өтінім жасауға дайын екендігін жет­кіз­ді. Ал бос жерлерді қан­дай қажеттіліктерге алуға болатынын анықтау үшін бас жоспардың деректерін негізге ала отырып, сондай-ақ қаланың әлеуметтік дамуына қажетті жер телімдерін белгілеп, қал­ға­нын бизнес қажеттілік үшін аукционға шығару мәселесін, банктерде кепілдікте жатқан жерлерді қолданудың құқық­тық механизмдерін жасау қажет­тілігіне тоқталды. Бүгінде қала­да жер телімдері бойынша ақпа­ратты цифрландыру толық аяқталған.

Алматыдағы іскерлік ахуал­ды жақсарту мен ашық­ты­ғын қамтамасыз етуде бос жер те­­лімдері, инженерлік желілер­дің қуаты және оларға қо­с­ылу мүмкіндігі туралы элек­­тронды ақпараттар кәсіп­кер­­ге онлайн режімде қол­же­­­тімді болуы қажет деген Т.Құлыбаев тұрақты емес сау­да нысандарының мәсе­ле­­сін де қозғап өтті. Ал оны ше­шу­­дің тетіктерін Нұр-Сұл­тан қаласында жүзеге асқан «1000 сауда орны» жобасының тәжі­ри­бесі негізінде қарас­ты­ру­ды ұсын­ды.

Конференцияда қала әкі­мінің орынбасары Сапар­бек Тұяқбаев «Al­ma­ty Business-2025» аймақ­тық бағ­­дарламасын та­ныс­тыр­­­­ды. Сондай-ақ қала ма­ңын­­да орналасқан барлық кә­­­сіп­­­керлік нысандарды қо­л­­дауға бағытталған ке­шен­­­ді бағдарлама аясында «Qoldau» орталығы және жас кә­сіп­кер­лерге арналған «Bas­tau» жобасының қолға алын­ған­ды­ғын жеткізді. Соны­мен қатар С.Тұяқбаев «бір терезе» негізінде жұмыс істейтін «Qoldau» орталығында бизнеске қатысты барлық ұйымдардың және де жер учаскелерін тір­кеу мекемелерінің де орналаса­тынына тоқталды. «Ал жас кә­­сіпкерлерге арналған «Bas­tau» бағдарламасы «Ата­ме­кен» кәсіпкерлер палатасы арқы­лы жүзеге асады. Елу шақ­ты кеңседе тәжірибелі кәсіп­керлер бизнеске келген жас­тар­ға дәріс оқитын болады. Бағдарлама аясында қысқа мер­зімді оқытуға бүгінде 4 мың­нан аса адам жіберілген. Ал «Almaty Business-2025» аймақ­тық бағдарламасы аясында ағым­дағы жылы 9 мыңнан астам ма­ман оқытылса, 2020 жылға қа­рай 30 мыңнан жоғары жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

 

АЛМАТЫ