• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қыркүйек, 2019

Өзекті мәселелерді шешу жолын ұсынған құжат

329 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының мәтініне сапалық және сандық контент-талдау жасау қойылған мәселелердің кезектілігі мен өзектілігіне, басымдықтарына қарай анықтама беруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Жолдау мазмұнына ин­тер­­претация жасау автордың саяси-эко­но­микалық тақырыптарға көз­қа­рас­та­ры мен ұстанымдарын анықтай түседі. Ал Мемлекет басшысының Жолдауы қазақстандық саяси аренадағы соңғы оқиғалар мен жағдайлардың, әлеуметтік беймазалық пен қоғамдық толқуларға өзек болып отырған мәселелердің ше­шу жолы ретінде ұсынылып отыр. Қазақстан халқының экономикалық тұр­ғы­­дағы көңіл күй ахуалы мемлекеттік саясаттың бағытына ықпал етіп отырған негізгі фактор. Президент Жолдауының тақырыбы саяси тұрақтылықтың кепілі ретінде тереңдетілген демократиялық құн­дылықтарға иек артады. Жолдау мәті­нінде «азаматтық қоғам» сөзі бес рет кел­тіріліп, үкіметтік емес ұйымдардың беде­лін арттыру арқылы қоғамдық тұрақ­тылық пен біртұтастылықты сақтауға ерек­ше мән береді. Президенттің 2020 жылды «Волонтер жылы» деп айшық­та­уы таяу күндерде азаматтық бастамалар мен азаматтық қоғам институттары қызметінің жүйеленуі мен рөлінің артуына әкеледі.

Қазақстандық либерализация, әсіресе мемлекеттің бастамасы негізінде құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне кеңірек арқа сүйейді. Қоғамдық сенім мен беделге ие болған ситуациялық лидерлердің кеңес құрамында айқындалуы құқық­тық мемлекет тұжырымдарында анық­тал­ған шешім қабылдау балансының бөлінісін қайта құрылымдайды. Кеңес модераторларының сын-пікірлер мен қордаланған мәселелерді талқылаудағы ашық­тығы мен өзара әрекеттестігі қоғам тарапынан сенім үстейді. Прези­дент­тің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осы үде үстін­де құрылған деуге толық негіз бар. Қазақ­стан­дықтардың көзқарастары мен ұс­танымдарында айқын білі­ніп отыр­ған саяси сана деңгейі демок­ра­тиялық қағидалар қолданысын терең­де­те түсуде. Бұл ретте Мемлекет бас­шы­сы­ның көппартиялық жүйе мен саяси плюрализмді дамытуға білдірген қолдауы уақыт талабына сәйкес берілген жауап деп ұқсақ болады.

Жолдау мәтінін қамтитын бес бағыт тақырыптың әркелкілігін білдір­ге­ні­мен оның өзегінде әлеуметтік мәсе­ле­лерге екпін берілген. Мәселен, Жол­дау­да «әлеуметтік» сөзі барлық бес бағытта 35 жерде кездесіп, оның басым көпшілігі жалпы халықтың тұрмыс деңгейін оңтайландыруды түсін­ді­руге қолданылған. Президент Ата Заңы­мыздағы «әлеуметтік мемлекет» екен­ді­гімізді еске сала отырып әлеуметтік саясат мемлекеттің басты бағыты болып қала беретіндігін тілге тиек етеді. Бүгінгі қалыптасқан оқиғалар тізбегі де әлеу­мет­тік саясатты байсалдылықпен жүргізу керектігіне тағы бір мәрте көз жеткізген сыңайлы. Бұл ретте халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттырудың көзі ретінде қарапайым заттар экономикасына жан бітіруді алға тартуы мерзімі бойынша қисынды. Жолдауда микро, шағын және орта бизнес сөздері 27 жерде кездессе, оның ішінде микро – 4, шағын бизнес – 13, орта бизнес сөздері 9 жерде қайталанып келеді. Бұл – осы уақытқа дейінгі жүргізілген шағын және орта бизнесті дамытуда қолданылған құралдар өміршеңдігі әлсірегенінің немесе тиімділігі төмендегенінің белгісі. Мемлекет басшысының бизнеске рей­дер­лік қарым-қатынастардың орын алып жатқандығын ашына баяндауы соған айғақ бола алады. Таяу келешекте ша­ғын және орта бизнес тақырыбы күн тәр­тібінен түспейтіндігіне күмән келтір­мей­міз.

Мәтін жолдарына интерпретация жасау арқылы Мемлекет басшысын және атқарушы билікті алаңдатып отырған

4 түрлі сұрақты алға шығаруға болады. Олар – нақты тарихи кезеңдегі Қазақстанның демократиялық дамуын­да­ғы мемлекет және қоғам қа­тын­аста­рын­дағы әлеуметтік саясатқа екпін түсі­рілген теңгерім, бизнес, жалпылай алғанда, мемлекеттік көрсетілетін қызмет және мемлекеттік басқару, соның ішінде тұрғын үй, инфрақұрылым бөлігіндегі үлесі. Мемлекет басшысы Қазақстанның демократиялық дамуына өзіндік қолтаң­басымен жаңа демокра­тиялық инсти­тут­тардың қалыптасуына жол ашып берді. Қоғаммен сындарлы диалог үшін құрылған алаңдар шын мәнісінде Қазақ­стан­дық демократияны жаңа белестерге жетелеуге қауқарлы. Жолдауда көтерілген демократиялық шешімдер іс жүзінде айналымға енгізілсе оның өнімі көп ұзамай көпшілік үлесіне тиері сөзсіз. Демократиялық дамудағы әлеуметтік саясат үлесіне жеткілікті деңгейде мән берілуде. Мәселен, осыған дейін қабылданған атаулы әлеуметтік көмек, банктер алдындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының қарыз қысымын төмендетуге қабылданған шаралар қоғам тарапынан оң қабылдануда.

Президентті толғандыратын келесі мәселе – бизнестің өркендеуі. Шағын және орта бизнеске жасалған жеңілде­тіл­ген салық режімі мен құзырлы органдар тарапынан тексерістерден босату бизнесті алдағы үш жыл ішінде сауықтыруға жағдай жасайтын болады. Әрі бизнесті түрлі ықпалдардан қорғауды заңнамалық жетілдіру ұсынысы жаңа бастама ретінде қабылдануда.

Қоғамның мемлекетке деген сенімін үстейтін тағы бір мәселе мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін мемле­кеттік қызметтерді жетілдірудегі басым­дық­тар. Жолдауда сөз етілген білім, мәдениет, спорт, медицина, құқық салаларында азаматтарға көрсетілетін қыз­мет­тердің сапасын көтеру мен олардың тиісінше қорғалуы негізгі мәселе ретінде күн тәртібіне енгізілген.

Мемлекеттік басқаруды жетілдіруде мемлекетке жаны ашитын әрбір азаматты ел мүддесі үшін қызмет етуге шақырып, мемлекеттік органдар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің құзырет шегін қайта анықтауды көздейді.

Мемлекет басшысы саяси күштерді нышандық сипатта «мен» және «біз»-ге бөліп көрсетеді. Жолдау мәтінінде «мен» деген сөзді 10 рет қолданса, «біз» деген сөзді 44 рет айтады. Мәтінде қарсыласы ретінде «латифундистер» мен шағын және орта бизнеске «рейдерлік» іс-әрекеттер жасайтын субъектілерді атайды. Сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсету жүйесінде патерналистік көзқарастағы азаматтар тобының арт­қа­нын қынжылыспен баяндайды. Президент әуе және темір жол тасымалына қатысты өз ойын білдіре отырып, олармен полемикаға сұрақ беру арқылы түседі. Ал тұрақты экономикалық өсімнің көзі ретінде шағын және орта бизнес пен шетелден тартылатын тікелей инвестицияларға арқа сүйейді.

Нұрғиса КӨШЕРОВ,саясаттанушы