Nur Otan партиясының Орталық аппаратында жаңартылған Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтіп, оған қазақстандық партиялардың, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық белсенділер мен журналистер қатысты.
Отырыс барысында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің жұмысын күшейтуді тапсырғанын хабарлады. Ол үшін жұмыстың форматы мен тәсілін жақсартып, жаңа мамандарды тарту қажет. Халықпен дәнекер болатын байланысты қалыптастырып, әлеуметтік желілердегі тұрғындардың сұрақтарына дер кезінде жауап берген, бүкіл еліміз бойынша қоғамдық қабылдаулардың халықпен өзара әрекетіне ерекше назар аударған абзал.
«Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Қазақстан-2050» Стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу арқылы ғана мүмкін болмақ. Мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұдырықтай жұмыла білуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтарының бірі ретінде мемлекет пен қоғамның дамуына зор кедергі келтіріп отырған жемқорлыққа қарсы жүйелі күресті белгіледі. Nur Otan партиясы қарапайым азаматтардың проблемаларын шешуді ұйымдастыратын, өзекті және өткір мәселелер талқыланып жататын алаң болуы тиіс. Жыл басынан бері ғана 143 мың адам біздің қоғамдық қабылдаудың көмегіне жүгінді. Сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша дербес «жедел желіні» құру мәселесін қарастырған жөн. Егер бізге шағымдар түсіп жатса, бізде оған жауап қайтаратын айқын бағдаржол болуы керек. Шағым берген әр адаммен жеке кездесіп, мәселені егжей-тегжейлі зерттеу қажет. Бұл жұмысқа өкілетті мемлекеттік органдарды, біздің депутаттарымызды, азаматтық қоғамның белсенді азаматтарының бәрін тартыңыздар», деді Б.Байбек.
Оның айтуынша, қоғамдастықтың кеңінен талқылауының нәтижесінде 2014 жылы партияның 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы, Nur Otan партиясының бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, ақпаратқа қолжетімділік, қоғамдық кеңестер туралы және т.б. заңдар қабылданды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтің 80%-ы автоматтандырылды, бүкіл еліміз бойынша ХҚО жұмыс істейді, цифрлы технологиялар енгізілуде. Партия Төрағасының бірінші орынбасары осының бәрінің де сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл екенін атап өтті.
Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы Омархан Өксікбаев кеңестің қызметі мен оның тиімділігін пысықтауға байланысты нақты іс-шаралардың қабылданатынын айтты. Олардың ішінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарындағы жемқорлықтың ықтималдығын талдау өзектілігі, барлық деңгейде оларды азайту бойынша іс-шараларды қабылдауға ықпал ету бар.
Талқылау барысында кеңес төрағасының орынбасары Оралбай Әбдікәрімов партияға қаратып, жемқорлық мәселесі анықталған кезден бастап оған жауап беріп, кез келген құқық бұзушылық жемқорлығына байланысты мәселені талқылауды ұсынды. Бауыржан Байбек аталған ұсынысқа қолдау танытып, бұл мәселеде бірінші кезекте кінәсіздік презумпциясы қағидатына арқа сүйеу керек екеніне тоқталды.
«Қазақстан халқына арнаған өзінің Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кінәсіздік презумпциясы қағидатының толық көлемде сақталуы керек екенін атап өтті, яғни адамның кінәсі дәлелденбейінше оны айыптауға болмайды. Тұтастай алғанда біздің мақсатымыз – заңның үстемдігін қамтамасыз ету», деді Бауыржан Байбек.
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, сондай-ақ «тұрмыстық» жемқорлық ықтималдығы жоғары барлық салаларды – денсаулық сақтау, жер қатынастары, құрылыс, миграция, шетел жұмысшыларына квота беру және т.б. кеңірек қамту керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу, ақпараттандыру арқылы ашықтыққа қол жеткізу қажет.
«Шетелдіктердің қатысуымен болса да жаңа өндірістерді ашу – еліміз үшін игілік, экономиканы дамытудың басты шарты. Бүгінгі таңда барлық мемлекеттер шетелдік инвестиция үшін күресіп жатыр. Тек қана бірлескен Қытай жобаларының аясында 20 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Осы жұмыс орындарының 95%-ы қазақстандықтарға тиесілі болады. Шетелдіктердің қатысуымен жаңа өндірістерді құру кезінде өкілетті органдар Nur Otan партиясымен бірге миграциялық және еңбек заңнамасының бұзылмауын бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Осының бәрі де қазақстандық жұмысшылардың жаңа кәсіпорындарда жұмыс істеп, лайықты жалақы алуы үшін атқарылып жатыр», деп түйіндеді Б.Байбек.