Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта Алланың құдіреті шексіз, шетсіз екеніне күмәнмен қарайтындар көбейіп кетті. Абай хәкім айтпақшы, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас». Кейінгі кездерде аяқ астынан болатын табиғи апаттардың, адам нанғысыз құбылыстардың түрлі жағдайларда қайталанып тұратыны күпірліктің кесірінен бе деп те қаласың. Кім біледі?
Бұл сұраққа Қақпақ ауылының тұрғыны, 50 жыл ағарту саласында қызмет еткен зейнеткер ұстаз Нүсіп ақсақал былай жауап береді. Нақтырақ айтқанда, ол кісінің үйінде таңғаларлық жағдай орын алды. Бәлкім сәйкестік шығар, бәлкім құдайдың құдіреті болар... атамыздың күркедегі тауығы «АЛЛА» деген жазуы бар жұмыртқа шығарыпты. Нүсіп қария соңғы уақытта үй құсын бағып жүргенін және денсаулығына байланысты күнде жұмыртқа жейтінін айтты. Ауру да, аурудың емі де Алладан екенін ескерген ақсақал мына құбылыстың тектен тек еместігін айтады. Сырты тегіс келетін жұмыртқаның мұндай ерекшелікпен жаратылғаны және онда Алланың белгісін білдірер жазуды кескіндеген сызықтардың барына біз де көз жеткіздік.
– Кезекті күндердің бірінде күркеден жұмыртқа жинап үйге келе жатқанда жұмыртқаның сыртындағы сызықтарға көзім түсе кеткені... Таңырқай, зер салып қарасам, арап қарпіндегі «Алла» деген ұғымды білдіретін жазу екеніне көзім жетті. Өзім төте жазуды өте жақсы танитын болғандықтан, жұмыртқадағы жазудың жоғарыдағыдай сөз екеніне күмәнім қалмады. Сосын, таңғажайып жаңалықты сіздерге жеткізуге асықтым, – дейді Нүсіп қария.
Алдағы уақытта бұл жұмыртқаны мешітке апарып бермек ойы бар. Қария шаңырағында болған таңғажайып құбылысты жақсылыққа балайды. Д. ЖАНАСЫЛ
Алматы облысы,Райымбек ауданы