Бизнес-форумды Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» КЕАҚ Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінің, «Атамекен» ҰКП ССП-ның және Ташкенттегі қазақ мәдени орталығының қолдауымен осы елде тұратын іскер қандастарымыз үшін өткізді. Бұл жөнінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметінің басшысы-хатшысы Сырым Төлеуұлы хабарлады.
Бұл бизнес-форум шетелде тұратын қандастармен байланыс орнату және нығайту жөніндегі ДҚҚ және қор бағдарламалары аясында өтті. Ұйымдастырушылар Өзбекстандағы қазақ диаспорасы өкілдерімен іскерлік қарым-қатынас орнатуды басты мақсат тұтты.
Бизнес-форумға қатысушы іскер отандастарды алдымен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков құттықтап, бизнес-форум өткізудің мақсаты мен миссиясын түсіндірді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластықты одан әрі нығайту үшін іскерлік байланыстарды күшейту керек екендігін алға тартты. Зауытбек Қауысбекұлы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Отандастар қоры қызметтерінің негізгі бағыттарын, сондай-ақ шетелдегі диаспорамен жұмыс істеу жөніндегі негізгі жобаларды айтып өтті.
Аталған іс шараға ҚР Өзбекстандағы өкілетті елшісі Сатыбалды Дархан арнайы келіп, Отандастар қорының ұйымдастыруымен Өзбекстандағы қандастар арасында алғаш рет өткізілген бизнес-форумның өтуімен қатысушыларды құттықтады.
Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов Өзбекстан Республикасындағы қазақ диаспорасы өкілдерінің экономикалық мүмкіндіктері жайында сөз қозғап, іскер қандастардың негізгі кәсіп салаларын және Қазақстанмен іскерлік байланысты нығайтуға алдымен сауда-саттықты күшейту қажет екенін алға тартты.
Сондай-ақ, іс-шараға Қазақстаннан арнайы келген ұлттық қолөнермен айналысатын «Жусан» кәсіпкерлер бірлестігінің төрағасы Тоғабай Нұрмұратұлы және «Ел тірегі» қазақстандық шағын және орта бизнес қауымдастығының төрағасы Асқар Әбубәкіров өздерінің нақты іскерлік жобаларымен таныстырды.
Бизнес-форум барысында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары Арғын Оспанов және Отандастар қоры Президентінің кеңесшісі Дидар Болат шараға қатысушылармен өзара іс-қимыл тетіктерін, шағын және орта бизнес саласындағы бизнес-бастамаларды ынталандыру, сондай-ақ стартаптарды қолдау және дамыту тетіктерін талқылады. Тоқыма өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығының, қызмет көрсету саласының дамуына, технологиялық өндірістерді құруға негізделген Өзбекстан нарығының бейінін ескере отырып, осы салаларға баса назар аударылды. Форум қатысушыларына Қазақстан облыстарының инвестициялық әлеуеті таныстырылды.
Форум жұмысына 50-ден астам адам қатысты. Қатысушыларға өздерін қызықтыратын стартаптар, бизнес-бастамалар, қолда бар жобалар туралы айтып, спикерлерге сұрақтар қойып, бизнес жоспарлар мен бастамаларды Қазақстанда, сондай-ақ халықаралық нарықта жылжыту мүмкіндіктерін әңгімеледі.
Форум соңында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының Бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы Өзбекстанда тұратын қандастарды ДҚҚ мен Отандастар қорының ұсыныстарға ашық және тұратын мекен-жайына қарамастан барлық отандастармен "байланыста" тұрғанын, ол үшін барлық өзекті мәселелер бойынша кеңес беретін және ақпараттық қолдау көрсететін отандастар мәселелері жөніндегі арнайы бірыңғай байланыс орталығы құрылғанын айтты.
Ташкенттегі бизнес-форум тамыз айында Сан-Франциско қаласында өткен форумнан кейінгі төртінші осындай шара болып табылады. Түрлі елдерде тұратын отандастармен 8 елде (ГФР, АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан, Түркия және Ресей) бизнес-форумдар өткізу жоспарланған, келесі Бизнес-форум 2019 жылы 20 қыркүйекте Лондон қаласында (Ұлыбритания) өтеді.