Тұрғындардың жолаушылар тасымалына деген талабын орындауды мақсат еткен “ҚТЖ” ҰК” акционерлік қоғамының басшылығы Наурыз мейрамы қарсаңында өте жайлы (1,2,3-класты) аптасына екі рет (жұма, жексенбі) қатынайтын Астана-Павлодар бағытындағы № 802/801 жаңа электрпойызын жолға шығарды. Аталмыш пойыздың іске қосылуы Астана мен Павлодарға дейінгі аралықтағы уақытты жартысына дейін азайтады.
Сол сияқты қала маңына қатынайтын № 805/806 Астана-Көкшетау және № 807/808 Астана-Бурабай курорты пойызын өте жайлы жаңа электрпойызы ауыстырмақ. Жаңа құрам жұмсақ та ыңғайлы орындықтармен, жиналмалы үстелдермен және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. 1 және 2-класты вагондарда теледидар көруге мүмкіндік бар, тамақтанатын вагон бөлінген. Ал машинистің кабинасы автоматтандырылған жүйемен басқарылады. Электрпойыздың сыйымдылығы 650 жолаушы.
Сонымен қатар осы күні Астана стансасына аптасына екі рет жүретін Астана-Алматы-2 бағытындағы №36/35 жолаушылар пойызы мен күнде қатынайтын Ақтөбе-Алматы-2 бағытындағы № 34/33 жолаушылар пойызының төртінші құрамы қосымша енгізілді. Жолға шыққан вагондардың барлығы да өте жайлылығымен ерекшеленеді. Вагондар үш типке (СВ, купе, плацкарт) бөлінеді. Сол сияқты құрамда вагон-мейрамхана, жүк вагоны бар.
Астанада өткен шараға “ҚТЖ” АҚ президенті А.Мамин, “Жолаушылар тасымалы” АҚ президенті Б.Дәрімбетовтер қатысып, жолсеріктер мен жолаушыларға ақжол тіледі.
“Егемен-ақпарат”.