• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қыркүйек, 2019

Саңлақтар атой салады

230 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтанда дүние жүзінің 103 мемлекетінен келген 1002 балуан Олимпиадаға берілетін 108 жолдаманы сарапқа салып жатыр.

Өткен сенбі күні Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен лицензиялық әлем чемпионаты басталды. Келер жылы жалауын көтеретін Токио Олимпиадасы қарсаңында ұйымдастырылып отырған жарысқа әлемнің 103 мемлекетінен келген 1002 бал­уан грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша берілетін 108 жолдаманы сарапқа салып жатыр.

Елорда төріндегі кең сарай «Барыс-Арена» стадионында өтіп жатқан чемпионаттың ашы­лу салтанатына қатысып, еліміз атынан сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, аталған чемпионаттың елордамызда өтуі тегін емес, өйткені, қа­зақ балуан десе ішер асын жер­ге қоятын халық. Соңғы бес жылда Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың бастамасымен 5 мың­ға тарта спорт нысаны са­лынғанын жеткізіп, жарыстың құрметті қонағы, Біріккен күрес әлемінің басшысына алғысын жеткізсе, чемпионаттың  құрмет­ті қонағы  Біріккен күрес әле­мі­нің басшысы, Халықаралық Олим­пиада комитетінің мүшесі Ненад Лалович «Ұйымдастыру жұмысы көңілімізден шықты. Өткен жылдардағы  Париж бен Будапеште ұйымдастырылған әлем чемпионатымен деңгейлі жарыс өтеріне бек сенімдімін», деді. 

Аталған чемпионатты грек-рим балуандары бастады. Жарыс басталмай тұрып баспасөз мәслихатында пікір білдірген даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов: «Грек-рим күресінен әлем чемпионатынан алтын алма­ғанымызға 20 жылдан асыпты. Жарыстың жүлдесі жайлы айтсам, бес медаль аламыз ба деген үмітіміз бар. Олимпиада лицензиясына келер болсақ, бапкерлер құрамына кемінде 3 жолдама алу міндеті жүктеліп отыр» деген болатын.

Дәулет Болатұлы үміт артып отырған грек-рим күресі ереже бойынша 10 салмақ дәре­жесіне бөлініп, осылардың ішінен: 55, 63, 72, 82  кило сал­мақта белдесетін балуандарға олимпиадалық жолдама берілмейтін болыпты. Қалған алты санат 60, 67, 77, 87, 97, 130­ кило салмақ бойынша кү­ре­­сетін спортшылар чемпионат жүлдесімен қатар, жолдама үшін де жан беріп, жан алысады. Нақтылап айтқанда, І, ІІ орындармен қатар, екі ІІІ және екі V орын, барлығын қосқанда 6 орынға жолдама бар. Бұл тәртіп еркін күрес шеберлеріне де ортақ.

Сонымен өз елімізде жалауын көтерген әлем біріншілігінің ең жеңіл санаты 55 килоға дейінгі салмақта ел намысын қорғаған грек-рим күресінен әскерилер ара­сында әлем чемпионы, өткен жыл­ғы Азия біріншілігінің қола жүл­дегері Қорлан Жақанша жарысты сәтті бастады. Ол бірінші қар­сыласы алжирлік Фергат Әб­делкаримді 11:5 есебімен еркін ұтып, ширек финалда АҚШ балуа­ны Ноури Максты 3:2 ұпаймен жеңіп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда өткен жылы Будапештегі біріншілікте әлем чем­пионы атанған әзербайжандық Эльдениз Азизлиды 11:5 есебімен ойсырата еңсеріп, финалдық белдесуге еркін жетті. Қорлан ініміз енді алтын медаль үшін әлем және Еуропа чемпионатының қола медаль жүлдегері грузин балуаны Нугзари Цурцумиямен белдеседі.

Ал 63 килода бақ сынаған әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, құрама капитаны Алмат Кебіспаев алғашқы кездесуде үндістандық қарсыласы С.Сагарды оңай жеңіп, екінші белдесуінде қытайлық аса қарулы балуан Ербату Туоны 2:1 есебімен зорға ұтты. Үшінші белдесуде әлем біріншілігінің қола жүлдегері түркиялық Рахман Билижиді 7:4 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Өкініштісі, финал­дық кезең үшін болған бәсекеде Рио Олимпиадасының күміс жүл­дегері және 2018 жылғы Азия ойын­дарының чемпионы жапон жігі­ті Шинобу Отадан жеңіліп, жұбаныш белдесуді қанағат тұтуға мәжбүр болды.

Сол сияқты 72 кило салмақта өнер көрсеткен 2017 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері жұрт үміт күткен балуанның бірі Демеу Жадыраев бірінші белдесуінде палаулық қарсыласы Ж.Тарконгтен 9:0 есебімен басым түсіп, күресті мерзімінен бұрын аяқтады. Алайда екінші кездесуінде германиялық балуан Майкл Видмайер 4:3 есебімен жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды. 

Ал 82 кило салмақта ел намысын қорғаған 2017 жылғы Азия чемпионы  Мақсат Ережепов бірінші белдесуде жапон жігітін толық еңсеріп, екінші кездесуінде белоруссиялық қарсыласы, өткен жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Виктор Сасуновскийді 2:1 есебімен жеңіп, сенсациялық оқиға тудырды. Үшінші кезде­суінде Әзербайжан спортшысы – 2011 жылғы Еуропа чемпионы Рафик Гусейновпен кезекті белдесуінде жарақаты салдарынан жарысты аяқтай алмай, кілемді тастап шықты. Бірақ әзер­байжандық спортшы финалға шыққандықтан Ережеповке жұ­баныш белдесуге жол ашылды.

Жарыстың келесі күні олим­пиадалық 6 салмақтың үшеуі: 67, 87, 97 килода күре­сетін 117 балуан арасында лицензиялық жарыс жалғасты. Қазақ балуандары арасынан 87 кило салмақ дәрежесінде алғашқы болып кілемге шыққан 2018 жылы Жакартада өткен Азия ойындарының қола жүлдегері Азамат Құстыбаев бірінші бел­десуіне венесуэлалық Луис Абен­даноны 5:1 есебімен ұтып, екін­ші белдесуінде француз жігіті Халис Гилманоны 7:1 ұпаймен еркін жеңді. Үшінші белдесуінде кубалық Грегорич Даниэлге есе жіберді.

67 кило салмақта ел үмітіне баланып жүрген балуан өткен жылғы әлем чемпионатының қо­ла жүлдегері Мейіржан Шерма­ханбет алғашқы қарсыласы АҚШ балуаны Коулмен Эллистен 10:2 ұпайымен  ойсырай ұтылып, кө­рерменнің көңіліне кірбің түсір­ді. Біздің жігітті жеңген америкалық екінші айналымда болгар балуаны Дейвид Димитровтен 5:0 есебімен жеңіліп, Мейіржанның жұбаныш белдесуге деген үміті үзілді.

97 кило салмақта өнер көрсет­кен Азия чемпионатының қола жүл­дегері Ерұлан Ысқақов әзер­байжандық балуан Орхан Ну­риевпен жолы түйісіп, оны 2:1 есебімен жеңгенімен, келесі кезекте грузин Мелиаға оңбай ұтылды.  Осылай жексенбі күні белдескен жігіттер жарамады.

Жарыс одан әрі жалғасып, дүй­сенбіде грек-рим күресінің қалған  60, 77, 130 кило салмақтағы балуандары күш сынасатын болады. Бұл салмақтар бойынша М.Айнағұлов, А.Ділмұханбетов, М.Шадукаев үшеуі ел намысын қорғайды.