• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қыркүйек, 2019

Дүкен Мәсімханұлы: Ынтымақтастыққа оң ықпал еткен сапар

807 рет
көрсетілді

Қазақ пен қытай – жер жаралып, су аққалы бері қарай Азияның шығысы мен кіндік бөлігін ортақ жайлап, бірге жасап келе жатқан халықтар. Тарихтың толқыны бірде толып, бірде ортайып, әртүрлі кезеңді бас­тан өткердік. Бірақ соған қарамастан Қазақстан өз алдына дербес ел атанғанда алғашқы болып тәуелсіздігімізді таныған мемлекеттердің бірі – Қытай Халық Республикасы.

1992 жылы 3 қаңтарда екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Содан бері қарай екі мемлекет басшылары тату көрші ретінде бүгінгідей ын­тымақтастықты қалыптастырды. Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз­ді­гімізді жариялағаннан бері Қытаймен сенімді серіктестікке ерекше екпін берді.

Бұл кезекті іс-шара – қазіргі Қазақ­­стан Президенті Қасым-Жомарт То­қаев­тың Мемлекет басшысы ре­тінде Қытайға жасап отырған алғашқы сапары. Қытай билігі Президентті өте жо­ғары деңгейде қарсы алды. Мұның өзін екі елдің достығының жарқын көрінісі десек, қателеспейміз.

Қазақстан Президенті бұл сапарында баяндамаларын қазақ тілінде жаса­ғанын ерекше атап өткен жөн. Соны­мен қатар Президенттің қы­тай тілін меңгергені, қытайша хат таны­­ғаны өзара байланысқа оң әсерін ти­­гізді. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сөзін аудармашы­лар дұ­рыс ілесіп ауда­ра алмай жатқан тұс­тарда ол өзі көмектесіп отырды. Бұған Қытайдың басты бұқаралық ақпа­рат құралдары ерекше назар аудар­ды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин бірлескен мәлімдеме жасап, мемлекеттер арасындағы ын­ты­­мақтастықты ілгерілетуге, дамы­ту­ға тың серпін беретін он шақты маңызды құжатқа қол қойды. Бұл құжат­та бар­лық саланы қамтыды. Атал­ған келі­сім­дер екі жаққа тек тиім­ділік әкеледі деп сенемін.

Қытай – ақпараттық тех­ноло­гия­ларды меңгеру, өндіру жағынан әлемдегі алғашқы ондыққа кіретін мемлекет. «Алыстан арба­ла­май-ақ жақыннан дорбалап», осы бағытта бірлескен ортақ жоба­лар­ды жүзеге асыруға, сөйтіп оң нәтижелерге қол жеткізуге болады. Сондай-ақ аталған келісімдер ғылым мен білімнің дамуына да ықпал етеді деп үміттенемін. Президент айтқандай, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайту өзара дамуға, өркендеуге жол аша береді.

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

қытайтанушы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қытайтану институтының директоры