Қызылағаш ауылындағы қайғылы оқиға Қызылжар өңірінің тұрғындарының да қабырғасын қатты қайыстырды. Солтүстікқазақстандықтар Елбасы мен Үкіметтің ауыр апаттан зардап шегушілер мен қаза тапқандардың отбасыларына жәрдем қолын созу туралы шақыруын бір кісідей қабылдап, үлкен қолдау көрсетуде. Материалдық көмек жасау жөніндегі облыс әкімі Серік Біләловтің үндеуіне бірінші болып дәрігерлер мен мұғалімдер үн қатып, арнайы ашылған есеп-шотқа бір күндік еңбекақыларын аударды. Күн өткен сайын оларды қолдаушылардың қатары көбейе түсуде.
“Нұр Отан” ХДП облыстық ұйымының ұйымдастыруымен азық-түліктер мен киім-кешектер тиелген үш жүк көлігі қайғылы оқиға орын алған жерге аттанып кетті. Тимирязев ауданының жеке кәсіпкері И.Аллахяров 20 тонна ұн жөнелткенін, Петропавл нан-тоқаш комбинатының директоры А.Еңсегенов бір күндік еңбекақыларын аударуға шешім қабылдағандарын хабарлады. Аймақ басшысы солтүстікқазақстандықтар тарапынан материалдық көмектің жалғасатынын, 50 миллион теңгенің арнаулы қайырымдылық есепшотқа түскенін жеткізді.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.