Өмірде көп нәрсеге онша мән бермеуден, шаң-тозаңдай ұсаққа, жүйесіз бос сөзге балап, елемей, селқос қарауымыздың салдарынан нәрлі, құнарлы топырағымыздан ажырап, ежелгі салт-дәстүрімізден, әдет-ғұрпымыздан қол үзіп қала жаздап тұрғанымыз өкінішті, әрине. Мұны айтып отырған себебіміз, дәмханалар мен мейрамханаларды, супермаркеттер мен көпшілік шоғырланатын басқа да сауда үйлерін көбіне шетелдік жылауық, уайымшыл әнсымақтардың жаулап алғанын көргенде, өзіңізді бейнебір бөтен елде жүргендей сезінесің.
Өз құндылығыңды бағалап, барыңды алға сала алмау қандай қорлық еді. Қазақта «Құлан өз қағынан өзі жерімес» деген бағасы алтыннан қымбат тәмсіл бар. Боз даланы мекендеген сол құлан құрлы болмағанымыз ба сонда?! Мұхтар Әуезов: «...Қазақтың қасиеті, ұяты тек қана күйінде қалды» деген екен. Әлгі орындарда шіркін, қазақтың сол інжу-маржан күйлері неге самалдай желпіп, санаға сәуле шашып тұрмайды? Қазынаның қайнары – халық әндері қайда қалды? Нұр ұшқынын тұтататын шұғылалы, шуақты эстрадалық әндер қазақша баяу есіп бабымен шырқалса, қандай ғанибет! Әлде бұларды тек сахнадан ғана тыңдау керек деген қатып қалған заң бар ма? Арманға түрткі болған астананың рухани өңіне қан жүгіртетін ұлттық рухтың күші бабалардан қалған қыруар қымбат мұрамызда екенін жиындарда ғана сөз етіп, ал шын мәнінде жүзеге асыра алмай жатқанымыз – қазақ деген атымызға сын.
Әлгі бір дәмханада орындалған рэптің мәтініне қарадай қаның қайнайды. «Я приеду раньше, я возьму такси, я возьму цветы», «Так что планы убирай, я так хотел сказать, ты же знаешь и сама» дей ме, ал қайырмасы мүлде кісі шошырлық. Айта алмаймыз. Газеттің бетінен ұят. Бейәдеп бұлдыр мәтін. Халық санасын зомбилаудың мұнан асқан түрі бар ма? Ондай өзгенің дүбәра, дүдәмал дүниелерінің орнына бұл жерлерде, шіркін, «Іңкәр жан», «Ай қараңғы, таң жарық», «Айбозым», «Айнам-ау» сынды халық әндері шырқалса, асау толқынды бетке алып ұшқан қыран құстай бауыры жазылған көпшілік те бұған ілесе ес жияр ма еді. Сол сияқты қазіргі заманғы жаңа әндерден Құдайға шүкір ешкімнен кем емеспіз, өнері мен өресі биік әншілер де, топтар да баршылық дегендей. «Аққуым», «Бақыт әні», «Ауылым», «Ауылға барам» тәрізді ел арасына кең тараған эстрадалық әндер дәмханадағы жұрттың еңсесін көтермесе, ағзасына зиян келтірмесі анық.
«Астана қаласының билігіне бір сұрағым бар: қоғамдық орындарда қазақ музыкасы неге жоқ? Келушілердің 80-90%-ы қазақтар, бірде-бір қазақ әні жоқ!» депті Мұхтар Тайжан әлеуметтік желідегі жазбасында. Көкірек көзін удай ашытатын ащы шындық осы. Терең үңіле түссең, қазіргі жастарымыздың бетін қасақана басқа жаққа бұрғызып, мәңгүрт ету үшін жасалған амал-ау деген күдіктің күлбілтесі жылт етеді. Соңғы уақытта ессіз, есірік әуендер қаптап кетті. Мамандар тәрбиеге кері әсерін тигізетін мұндай даңғаза әндер адамды есте сақтау қабілетінен айырып, не істеп, не қойғанына жауап бере алмай қалатын меңіреу күйге шалдықтыратынын, мейірімділік пен ізгілікті азайта түсетінін айтады. Осы күні қаладағы орысша оқыған жастарға намыс, ұлттық салт-дәстүр, тіл туралы бірнәрсе айта бастасаң, бетіңе ожырайып қарап тұрады. Дәл солардың қазақтың күйі мен әнін тыңдап өскеніне күмәніміз бар. Өзінің төл өнерін менсінбейтін, тілін ұқпаған кісіні мәңгүрт демей, не дейсің. Әннің мазмұнына, тіліне мән бермейтін неше түрлі теле-шоу жобалар арқылы қай елдің әнін насихаттап жатқанымыз тағы белгісіз. Қоғамдық тамақтану орындарында ағылшынша, орысша әндерге басымдық беріліп, ал керісінше ұлттың бояуы қанық, қазақтың қоңыр үнді әндерінің тасада тұншығып қалып қою себебі содан.
Айтпағымыз, «әй, дейтін ажа, қой, дейтін қожа жоқтықтан» шектен шығып кеткен мұндай келеңсіз жайттарды әрі қарай бетімен жіберу – қауіпті. Ұйғыр дәмханасында – ұйғырша, өзбек асханасында – өзбекше, түріктің кафесінде түрікше музыка шырқалып тұрады. Бұл – қанға сіңген дәстүр. Адалдық. Ал біздегі дәмханалардың маңдайшасындағы атауы ғана қазақша болмаса, қалған жерінен қазақтың жаны сезілмейді. Заман талабы жоғары өрлеген сайын ұлттық мәдениет те тасыған өзендей кемеріне сыймай, шалқып-тасып ілгері дамуы тиіс емес пе?
Рухани асыл мұраны ұрпақтан-ұрпаққа көз қарашығындай сақтап жеткізген бабалар жан дүниесі таудай еңселеніп, айнадай жарқырады; осынау ұлан-байтақ даланың топырағында дүниеге келгені үшін, осынау ен байлықпен ет-жүрегі етене жақын болып жаратылғаны үшін. Неге енді біз сол қолда бар алтынның қадірін бағалай алмай отырмыз? Бұл ғасырларға созылған рухани бодандық пен кіріптарлықтан әлі де біржола арыла қоймағандығымыздың белгісі ме, әлде ұлт ретінде ұйыса алмай отырмыз ба? Бұдан артық сорақылық болар ма?!